«ҰСТАЗ АТЫ - БИІК, ӘРІ МӘҢГІЛІК»
«Алты алаштың баласы бас қосқанда, төр – мұғалімдікі» деген ұлағатты сөз әрдайым өзектілігін жойған емес. Білімнің шамын жағып, тәрбиенің темірқазығына айналған ұстаздар — қоғамның рухани тірегі.
Сол ұлы есім иелеріне деген құрметтің көрінісі ретінде Қармақшы ауданында Ұстаздар күніне орай «Ұстаз аты - биік, әрі мәңгілік» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйінде өткен тағылымды шара бейнепрологпен басталды. Бейнематериалда ауданның білім беру саласында қол жеткізген жетістіктері мен үздік білім ұжымдарының жұмысы, соңғы жылдардағы озат көрсеткіштері де көрсетіліп, ұстаздар қауымының еңбегі бағаланды.
Салтанатты кешке аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы қатысып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз құттықтау сөзінде:
«Тәуелсіз елімізді өркениетке бастар жолдың негізі – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы – Ұстаз. Абылай ханның «Ендігі заман білектінің емес, білімдінің заманы» деген сөзі ұстаздың қоғамдағы биік мәртебесін анық көрсетеді. Осындай қасиетті мамандық иелерінің ел болашағына сіңіріп жатқан еңбектері құрметке лайық. Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, еңбектеріңізге табыс тілеймін!» – деді.
Шара барысында облыс және аудан әкімінің атынан үздік ұстаздарға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар, сый-сияпаттар табысталды.
Мерекелік кеш әрі қарай аудан оқушыларының орындауындағы ән және билермен, рухани бағыттағы шығармалармен жалғасты. Сондай-ақ эстрада әншілерінің орындауындағы әндер кешке ерекше әсер беріп, ұстаздар қауымына шаттық пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Еске салсақ, ауданымыз білім саласында соңғы жылдары жоғары нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. 2025 жылы 766 оқушы мектеп бітірсе, олардың 688-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл – 85%-ды құраған болатын. Сонымен қатар, 2 оқушы ең жоғары 138 балл жинаса, 54 түлек «Алтын белгіге», 48 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Бұл — аудан ұстаздарының қажырлы еңбегінің, сондай-ақ білім сапасына бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.