» » ТАРИХ. ТҰЛҒА. ДӘУІР

ТАРИХ. ТҰЛҒА. ДӘУІР

Өткен аптаның жұма, сенбісінде ауданымызда үш жүзге пір болған Марал ишанның замандас досы, қорғаушысы болып танылған Бисенбай Орманұлының туғанына 245 жыл толуына арналған кең көлемде іс-шара өтті. Ол аудандық К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде «Тарих. Тұлға. Дәуір» тақырыбындағы тарихи-танымдық, тәжірибелік конференциямен шымылдығын түрді. Оған аудан тұрғындары, ардагерлер, қонақтар мен тарихи тұлғаның ұрпақтары қатысты.
Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, Бисенбай әулие жайлы деректерге тоқталды.
Бисенбай әулие ел ішіндегі дауларды әділ шешіп, жоқ-жітікке пана болды. Марал ишанмен бірге жүріп, халықты имандылыққа үндеді. Оның уағыз-өсиеттері мен әділ шешімдері халық арасында кеңінен тарап, бүгінге дейін ұрпақ жадында сақталды. Сыр бойының ірі рухани тұлғасы, Марал ишан Құрманұлының сенімді серігі, елге өнегелі сөзімен де, қайратты ісімен де танылған. Бисенбай Орманұлы – Сыр бойының тарихында ойып орын алатын біртуар тұлға. Оның рухани ілімі де, палуандық қайраты да – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ол тек көріпкел, әділ би, рухани ұстаз ғана емес, ержүрек палуан ретінде де ел есінде сақталды.
Конференция жұмысына Базарбай Нұрабаев модераторлық етсе, техника ғылымдарының профессоры, академик Я.Ұзақов «Тәттімбет, Мәмбет батырлардың тарихи тұлғасы», өлкетанушытарихшы Ә.Сабырбаев «Шөмекей тайпасының көне жазбаларындағы деректері», өлкетанушы Е.Аппазұлы «Сыр бойы – Арал маңындағы көшпелі тайпалардың қорым, құлпытас эпиграфикасы», «Марал баба» қоғамдық қорының төрағасы Мұхамедхан Омар «Марал ишан және оның ұрпақтарының Сыр бойындағы қоғамдық-әлеуметтік қызметі», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі А.Байқабылов «Қазақ мәдениетінің қалыптасуындағы діни қайраткерлердің рөлі» және қорқыттанушы М.Әлиев «Бисенбай әулие және оның заманы» тақырыптарында баяндама жасап, әулие жайындағы зерттеу, мәліметтерімен бөлісті.
Мұнан соң іс-шара «Рухани әлем – рухты жыр» атты облыстық жыршы-жыраулар фестиваліне ұласты. Онда еліміздің белгілі өнер қайраткерлері, Сыр елінің ақын, жырау, жыршыларының көшін жалғаған – ҚР мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов, мәдениет саласының үздігі Айдос Рахметов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Руслан Ахметов, сазгер-ақын Жарқынбек Тұрымбетов, жыршы-жыраулар Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Айгерім Ешбаева, Әділбек Сүлейменов, Динар Берікұлының өнері тамашаланды.
Екі күнге созылған іс-шарада ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, тай және құнан бәйгесі өтіп, онда Қызылорда қаласы мен аудандардан шабандоздар бақтарын сынады. Тай бәйгесі 2 айналым, 6 шақырымнан тұрса, құнан бәйгесі 4 айналым, 12 шақырымнан тұрды. Тай бәйгесіне 25 тай, құнан бәйгесіне 13 құнан шапты. Тай бәйгесінде мәре сызығын Арал ауданы, Аралқұм ауылынан «Көк байрақ» атты тай бірінші болып кессе, құнан бәйгесінде басты орынды Шиелі ауданынан қатысқан «Кикі торы» сәйгүлік жеңіп алды.
Дүбірлі додада қазақ күресі, қол күрес, қошқар, гір тасын көтеру және арқан тарту сияқты спорт түрлері де қамтылды. Қазақ күресі бойынша жасөспірімдер арасында 55 келіге дейінгі салмақта І орынды Бексұлтан Қожахмет жеңіп алса, ІІ орын Мирас Бақытбекке, ІІІ орын Ғизат Жұмабек пен Ерсұлтан Әлменбетке бұйырды. 55 келіден жоғары салмақта І орыннан Әлихан Әлиасқаров, ІІ орыннан Арқар Бақытжан, ІІІ орыннан Айдос Аралбек пен Ислам Қасымовтар көрінді. Қол күресінен І орынды Талғат Қанаев жеңіп алса, ІІ орынға Роман Щвец, ІІІ орынға Айдар Рүстембеков жайғасты. Қошқар көтеруден І орын жеңімпазы болып Рамазан Оразбай танылса, ІІ орынды Бекмұрат Нысанбаев, ал ІІІ орынды Спандияр Алмаханов бағындырды. Гір тасын көтеру сайысы да тартысты өтті. І орынды Мейрамбек Бөлекбаев қанжығасына байласа, ІІ орынды Бексұлтан Бақытбекұлы, ІІІ орынды Еркебұлан Кәжденбек иеленді. Арқан тартудан І орын «Стадион-1», ІІ орын «Дөйт», ІІІ орын «Құсқана-1» командаларына бұйырды.
Бисенбай әулиенің рухына арналып өзі жамбасы жерге тиген топырақта ақ боз үйлер тігіліп, ас беріліп, Құран бағышталды.
Іс-шараға белсене атсалысқан азаматтарға Бисенбай әуленің 245 жылдығына арналған мерекелік медалі табыс етілсе, өнер фестивалі мен спорттық жарыстарда өнерпаздар мен жарыс жеңімпаздары және жүлдегерлеріне қомақты қаржылай сыйлықтар, дипломдар табыс етілді.
Талай сұңқарын түлетіп ұшырған, жүз жырауы жыр төккен Қармақшы елі ежелден жыр мен сырға бай өлке. Дүбірлеген рухани той – әулиені ұлықтау ғана емес, елдің тарихына, рухани тамырына тағзым ету болмақ.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
30 қыркүйек 2025 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (10442)

30 қыркүйек 2025 ж.

№73 (10441)

27 қыркүйек 2025 ж.

№72 (10440)

23 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 521
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 326

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930