» » Бисенбай әулие ме, балуан ба?

Бисенбай әулие ме, балуан ба?

qarmaqshy-tany.kz МЫНА ЖАЛҒАН ӨМІРДЕ КІМ ӨТПЕДІ. АТАҚТЫ ЕЛ БИЛЕГЕН ХАН, ИШАН, АХУН, ӘУЛИЕ, ТІПТІ ПАЙҒАМБАРЛАР ДА ӨТТІ. ОЛАРДЫҢ ӨМІРІ, ТІРШІЛІГІ КЕЙІНГІ ҰРПАҚҚА ТӘЛІМ. АЛ ӨТКЕННІҢ ӨНЕГЕСІН НАСИХАТТАУ БІЗДІҢ МІНДЕТ. АЙТПАҒЫМЫЗ МЫНАУ, КӨПТЕН БЕРІ БИСЕНБАЙ ӘУЛИЕ ЖАЙЫНДА ОЙЫМЫЗҒА ТҮЙГЕНІМІЗ БАР ЕДІ. ЖАЛПЫ БАБА ЖАЙЫНДА ЕЛ-ЖҰРТ ОНЫҢ ТҮРІК ПАЛУАНЫМЕН КҮРЕСКЕНІ ЖАЙЫНДА БІЛЕДІ. АЛ ОНЫҢ БАСҚА ДА БОЙЫНДАҒЫ ҚАСИЕТІ ЖАЙЫНДА БІРІ БІЛСЕ, БІРІ БІЛМЕС.

Бисенбай бабаның бейіті ауданның шығыс бетінде Қараөзекке жақын орналасқан. Көктемде жер бусап, дарияның мұзы ерігенде баба қорымының айналасына су жүреді. Бірақ бейіті төбеде орналасқан соң қорым сақтаулы. Арнайы іздеп келгендер үшін жолда белгісі де бар. Жалпы бұл сөзді неге айтып отырмыз?
Үш жүздің пірі болған Марал бабаның елге айтқаны бар емес пе? Ертеректе жауырыны қақпақтай түріктің бір палуаны өзімен күрескендердің талайын жеңіп, мойнын үзген екен. Содан қазақтан әлгі палуанмен шығып күресетін мықты болмапты-мыс. Бір күні Бисенбай әулие түріктің палуанымен белдесуге бел шешіп, Марал бабадан бата сұрай келген екен. Әдепкі күні баба батасын бермепті. Содан райынан қайтпаған Бисенбай әулиеге үшінші күн дегенде батасын беріпті. Сөйтіп бір үлкен тойда түріктің палуанымен кездесіп, күреске шығады. Сәті келген тұста әлгіні әуелете өзінен асыра лақтырып, мойнын үзіп мерт қылған екен. Алайда өзі белінен айырылып, сол жерде еңбектеп қалыпты. Сонда шулаған жұртқа Марал баба ортаға шығып «Енді маған келген қай-қайсың болсын, алдымен Бейсенбай әулиеге барып, сыйларыңның жартысын беріп, содан соң маған жол тартыңдар. Ал біз өмірден өткен соң менің есімімнен кейін Бейсенбайдың есімін қалдырмай атаңдар» деп өсиет қалдырған екен.
Жақында аудандағы мәдениет саласының ардагері, қорқыттанушы Мағауия ағамен осы баба жайында біраз іздендік. Алдымен Марал баба айтқан өсиет бойынша Бисенбай әулие қорымына жол тарттық. Қара жолды қақ жарған көлігімізбен ирелең жолды қуалай жөнелдік. Ойға алған мақсатымыз бойға қуат бергендей бір дүлей күш тулап, кеудеге сыймады. Астымыздағы темір тұлпар да әбден тапталған қос арық жолды таңдамай жүйіткіп келеді. Күннің жылы райы шуағын шашып, бізге қарасып тұр. Жолай ағаның қызықты әңгімелерінің арқасында баба зиратына демде жеттік. Мағауия ағаның айтуынша бабаның ұрпақтары болып қорымды қоршапты. Бір рудан тараған ағайындар бас қосып, осында үлкен ас беріп, игілікті іс жасаған. Мұнан бөлек Бисенбай әулиенің басына үлкен күмбезден белгі қойған. Әйтпесе жүз жыл болған мазардың бүгінде орны жермен жексен болуға айналған. Алыстан осы кісіні іздеп келгендер болса күмбезі бірінші менмұндалайды. Бисенбай әулиеге құранымызды бағыштап, одан әрі Марал бабаға жолымызды жалғастырдық. Бабаның үй тамы осы жерден анық көрініп-ақ тұр. Әрі кетсе 5-6 шақырым ғана. Ол жерде де бір-екі сүремізді оқып, Марал бабадан кейін, Бисенбайдың атын атап дұға жасадық. Ол да қазақтың намысын ойлаған батыр ғой, асқақ рухты Жаратқан бойына сыйлаған. Марал баба жатқан жерді көпшілік қасиетті деп айтады. Мұнда түрлі себеппен ниет етіп келгендер әулиенің қасиетті қамшысын бір жеп, құлан-таза дертінен сауығып, ауылына қайтқан екен. Сондықтан осы жерді «қос аруақ» жатқан жер дейтіні де сол. Бірі – Марал ишан болса, екіншісі – Қалқай ишан. Осы екі аруақ бірдей қолдаған Оспан ишан да өз заманында әулиелердің серісі болған екен. Бірде Марал бабаға ниет етіп келген ерлізайыптыларға Оспан ишан «Бисенбайға соқтыңдар ма?» депті. Олар келе жатқан беті осы екенін айтқанда, ишан «сендер Бисенбай әулиеге соқпасаңдар Марал баба не беретін еді? Келесі жылы қайта келіп алдымен Бисенбайға түнеңдер, сосын барып келіңдер» деп ауылына қайтарған екен. Оспан ишанның бұлай жасағаны Бисенбай әулиенің аруағын сыйлағаны болса керек.
Ел-жұрттың бұл кісіні әулие дейтіні – бір жылы қыс өте ауыр болып, көктем таяғанымен қар қалың жатып алыпты. Елдің малы жұттан қырылып, көктемгі көкке аузы тимей шығын болуға қараған шақта ел азаматтары жиналып Бисенбай әулиеге келіпті. Сонда әулие «Мына кұм төбенің басына биік құрық қадап қойыңдар. Сол құрық, өзінен өзі қай күні құлайды сол мезгілде жердің қары сөгіліп, күн жылиды, ол күн де қашық емес» деп болжам айтыпты. Айтқандай-ақ бір жұмаға жетпей құрық құлап түскенде ертеңіне мажырасын болыпты. Іле жер көктеп, мал көкке тойынып аман қалған екен.
Бисенбай әулиенің үшінші ұрпағы Мәшенке ақсақалдың да әулиелігі болған екен. 1925 жылдар шамасында Қашқансу табанының аяғында «Тұрған» қыстауында отырған ауылға жоқ іздеген жолаушылар келіп қоныпты. Жоғы атан түйе болса керек. Жөн сұрасып отырған кісілердің ішінде Бисенбай әулиенің шөбересі Мәшенке де болыпты. Әңгімеге араласқан ол басындағы тақиясын әрі-бері қозғап, шаш шықпаған басын қасып-қасып жіберіп: «Әй, жоқ іздеген жолаушым. Сенің іздеп жүрген атаның мынау Таразы жұлдызының астындағы кұм төбенің арғы бойында ауылға қарап, талтайып дәрет сындырып тұр ғой, қазір тамақ пісіп, шай қайнағанша барып алып келе ғой, болмаса басқа жаққа кетіп қалар» депті. Барса айтқандай, сілтеген жерінде атан байлап қойғандай жайылып жүр екен.
Ел аузындағы тағы бір әңгімеде Бисенбайдың қызы күйеуге шыққанына біршама уақыт болса да бала көтермеген екен. Әкесінің үйінде отырып бала туралы сөз болғанда Бисенбай колындағы кітабын ашып қарап «Қарақтарым, сендердің бұл жайларыңа менің де шаруам болмапты» депті. Содан бір қалғып оянып қайтадан «Қаптаған, жорғалап жүрген тышқандарды көрдім, жақсы боларсыңдар, ұрпақтарың көп, бақ-дәулеттерің мол болар» деп батасын беріпті. Сол бата дарып, өмірге келген Тышқан абыроймен бақ-дәулеттен кем болмаған екен. Қазір ол Карақұмда «Тышқан тамы» деп аталатын құтты мекен болып тұр.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
19 желтоқсан 2023 ж. 659 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031