АРХИВТЕГІ ТҰЛҒА ТАРИХЫ
Жуырда «Қармақшы аудандық архиві» филиалы республикалық «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында «Руханият» орталығы ғимаратында ашық есік күні болды. Онда ауылшаруашылығы саласының еңбек ардагері Бибігүл Әбішевамен «Архивтегі тұлға тарихы» атты кездесу кеші өткізілді. Кездесу кешіне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, «Қармақшы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, №121 орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
«Қармақшы аудандық архиві» филиалының басшысы Г.Іздібаева іс-шараны ашып, келген архив қонақтарына, қатысушы мектеп оқушыларына ризашылығын білдіріп, тарихымыздың құнды құжаттарымен толықтырылып отырған аудандық архив мекемесінің тарихына, маңыздылығына, қоғамдағы рөліне, тыныс-тіршілігіне тоқталып, жұмыс барысына шолу жасап өтті.
Ашық есік күнінің басты мақсаты – оқушыларды, көрермендерді архив құжаттарымен таныстыра отырып, жас ұрпақты еңбек сүйгіштікте тәрбиелеу, ауылшаруашылығы саласының мамандықтарын насихаттау.
Келушілердің назарына ауылшаруашылық саласы бойынша еңбек ардагері, ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, «Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» Бибігүл Әбішеваның өмірбаяны мен еңбек жолынан сыр шертетін «Архивтегі тұлға тарихы» атты құжаттар көрмесі ұсынылды. Күрішші-механизатор Б.Әбішева туралы бейнероликтер көрсетілді. Кездесу кешінде мектеп оқушыларының әдеби монтажы тыңдалып, шараға белсенділік танытқан оқушыларды архив басшысының алғыс хаттарымен марапаттады. Кеш қонағын алда келе жатқан Қарттар күні мерекесімен құттықтап, ұжым атынан мерекелік сыйсияпат көрсетіліп, әсем әуенмен қорытындыланды.
Сонымен қатар ашық есік күнінің аясында аграрлытехникалық колледжінің тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығының ІІІ курс студенттеріне «Ақ күріштен тау тұрғызған диқандар» атты лекция өткізілді. С.Есқараев атындағы №27 орта мектебінің 6-сынып оқушыларына архив қорында сақтауда тұрған құжаттардан және фотосуреттерден «Архив – құнды мирас» атты сабақ өткізілді.
Зәуреш МАХАНБЕТЖАНОВА,
архив қызметкері