» » БАТЫР АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ

БАТЫР АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ

Ана – тіршіліктің тұтқасы, ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың шамшырағы. Осындай алтын ардаққа ие асыл аналарға құрмет көрсету – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Осыған орай ауданымызда «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында «Ана – ұрпақтың шамшырағы» тақырыбында көпбалалы, батыр аналармен кездесу кеші өтті. Шараның басты мақсаты – алтын құрсақты аналардың қоғамдағы рөлін дәріптеу, жас ұрпаққа өнеге ету және отбасылық құндылықтарды насихаттау. Мәдени іс-шара «Руханият» орталығында ұйымдастырылып, онда ауданға еңбегі сіңген көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді.
Кеш шымылдығы тақырыптық прологпен ашылды. Сахнада ана бейнесі мен ұлттық болмысты айшықтайтын көріністер ұсынылып, дәстүрлі «Бесік жыры» орындалды. Бұдан кейін жыршытермеші Руслан Өтегенов аналарға арналған арнау-жырын оқып, көрермен ықыласына бөленді.
Шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков жүргізіп отырды.
– Әр қазақ анаға қарыздар екенін жақсы түсінеді. Бүгінгі барлық құрмет батыр аналарымызға арналады. Кездесуіміздің мақсаты қасиетті Қармақшы өңірінде еңбек етіп, ел құрметіне бөленіп еңбекпен қоса ұрпақ өсіріп, тәрбиелеп омырауларына алтын, күміс алқа тағынған аналарымызды үлгі етіп, кейінгі жастарға насихаттау. Ардагерлер ұйымы – билік пен халық арасындағы алтын көпір десек, билік тарапынан ардагер апа-ағаларымызға деген құрмет жоғары. Жыл сайын аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы тарапынан «Ардагерлерді ардақтайық» жобаларына көңіл бөлініп, қаржы аударып аға буын өкілдерін түрлі тарихи орындарға жіберу дәстүрге айналды. Бүгінгі шара соның бір дәлелі, – деді ол.
Келесі сөздің тізгінін аудан әкімі аппаратының басшысы Диас Молдабаев алып, жылы лебізін білдіріп, батыр аналарға алғыс айтып, құрмет көрсетті.
– Қармақшы ауданы – қашан да батыр аналарымен, ұрпақ тәрбиесіне еткен еңбегімен ерекшеленетін киелі өлке және оларға деген құрмет ерекше. Бүгінгі шараға қатысып отырған әрбір ана – сол асыл дәстүрдің, сол руханияттың жарқын жалғасы. Қазақ «Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербеткен» ананы қашанда қастерлеген. Сондықтан сіздерге көрсетілер құрмет – елге көрсетілген құрмет деп білемін. Сіздердің әрбір игі істеріңіз – еліміздің ертеңі үшін жасалған шынайы еңбек,– деп атап өтті.
Сондай-ақ қоғамдық өмірге белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген бірқатар батыр аналарға аудан әкімінің Алғыс хаты мен сыйсияпаттары табысталды. Олардың қатарында Тынышкүл Сүлейменова, Айымкүл Жаманқұлова, Үрзия Жүнісова, Бақыт Ділманова, Мәриямкүл Аймаханова, Светлана Темірбаева, Тынышкүл Тұрмағанбетова, Сырғагүл Қаланова, Қалима Иманзадаева, Айшагүл Жаналиева, Әнипа Әдепбаева, Манат Нысанбаева, Жанат Садықова бар.
Кеш барысында қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, сондай-ақ аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева сөз алып, аналарға ілтипат білдірді.
Аналар атынан жылы лебіздер де айтылып, рухани кеш әсерлі ән-шашумен жалғасты. Аналарды ардақтаған жиын Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнімен қорытындыланып, аналар қосыла ән шырқап, ерекше көңіл-күйге бөленді. Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, риза күймен тарқасты.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
23 қыркүйек 2025 ж. 113 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (10442)

30 қыркүйек 2025 ж.

№73 (10441)

27 қыркүйек 2025 ж.

№72 (10440)

23 қыркүйек 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ

ХАБАРЛАНДЫРУ

15 қыркүйек 2025 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 529
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 327

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031