БАССЕЙН ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Соңғы жылдары біздің ауданда кәсіпкерлікке деген қызығушылық артып, түрлі бизнес бағыттары бойынша жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Әрине, мұндай өзгеріске тұрғындар да қуанып, оң бағасын білдіріп жатады. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.
Жақында ауданымызда тағы бір маңызды нысан – бассейн орталығы ашылды. Бұл орталықты белгілі кәсіпкер Жаңабай Көбенов өз қаражаты есебінен іске қосқан. Заманауи үлгіде салынған бұл бассейн орталығы аудан тұрғындары үшін салауатты өмір салтын ұстануға, балалар мен жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік береді.
Бассейн орталығында жүзуге барлық жағдай жасалған. Су тазарту жүйесі, бу бөлмесі, душ кабинасы, киім қоюға арналған шкафтар, бәрі бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта арнайы жаттықтырушы алып, балаларды жүзуге үйрету қызметін де қолға алмақ.
Айта кетерлігі, бұрын бассейнге барғысы келетін жандар қалаға қарай ағылып жататын. Ауданымыздан ашылғанына қуанған тұрғындар бүгінде мұнда жиірек келуге тырысады. Қазірде мұнда келушілердің басым бөлігі – ерлер мен балалар. Әйелдер қауымы салыстырмалы түрде сирек келетін көрінеді.
Жаңабай Көбеновтің бұл бастамасы алғашқыда өзінің қызығушылығымен басталған. Кейін келе мұны бизнеске айналдыруға болатынына көзі жетіп, жан-жақты ізденіп, демалыс орнын ашу туралы шешім қабылдайды. Өз қаражаты есебінен салғандықтан бірнеше жыл уақытын арнайды. Бірақ еңбегі қайтып, бүгінде сұранысқа ие кәсіптің біріне айналып отыр. Жаңа бассейн орталығы – денсаулық пен салауатты өмір салтын ұстанушылар үшін таптырмас орын. Орталықта әрбір дүйсенбі «тазалық күні» болып белгіленген. Аптаның екі күні әйелдерге арналса, қалған күнінде тек қана ерлер келеді. Егер тұрғындар тарапынан ұсыныс болса, отбасымен келіп түсуіне де мүмкіндіктер қарастырылған.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл бастама мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта балалар мен ересектерге арналған ашық алаңқайда жаздық бассейн ашуды жоспарлап отыр.
Ауданымызда осындай әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асуы – жергілікті кәсіпкерлердің тұрғындар сұранысына сай әрекет етуі көңіл қуантарлық іс. Бұл нысанның ашылуы – денсаулықты нығайтып қана қоймай, тұрғындар арасындағы белсенді өмір салтын қалыптастыруға да зор үлес қосары сөзсіз.
Ауданымыздағы кәсіпкерлік бастамалар осылайша қоғам игілігіне қызмет етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы – құптарлық іс. Жаңа бассейн орталығының ашылуы – осы бағыттағы тың қадамдардың бірі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ