«PING PONG» үйі ашылды
Ауданда үстел теннисі орталығы ашылды. Тұсауы кесілгеніне көп болмаса да келушілердің сүйікті орнына айналып үлгерді. Енді заманауи талапқа сай орталықта балғындар да, жастар мен тұрғындар да жыл он екі ай бойы теннис спортымен шұғылдану мүмкіндігіне ие болмақ.
Бұл кәсіпті қолға алған – Нұрасыл Бекматов пен Талапбек Төлепбергенов. Талапты жастар ойлана келе өз қаражатымен кәсіп ашуды ниет етіпті. Олар теннис орталығы жастарды спортқа ынталандыруға, олардың уақытын бос өткізбеуге, аудан тұрғындарының спортқа деген құлшынысын арттыруға, түптеп келгенде, саламатты қоғам қалыптастыруға үлкен серпін беретінін айтады.
– «Қалауын тапса қар жанады». Кәсіп бастап, тұрғындарға қызмет етуге білек-сыбана кірістік. Қаражат жинап, қалаға барып теннистің 3 үстелін әкелдік. Екі қабатты үйдің үстін жалға алдық. Қазір міне, 3 бөлмені теннис ойнауға ыңғайлы етіп жабдықтадық. Алдағы уақытта заманға сай, жастар қызығатындай етіп бөлме қабырғаларын түрлі-түсті принттармен бояп, сәндемекпіз. Ашылғанына көп болмаса да келушілер бар. Кешкі 19.00-ден бастап ашық. Сағатына 500 теңге. Жылыту батареялары жақсы қыздыратын болған соң орталық қыс мезгілінде де жұмысын тоқтатпайды, – дейді Нұрасыл.
Карантиндік талаптарды сақтай отырып, өз жұмысына кіріскен «Рing pong» үйіне қызығушылықпен күнде келетіндер бар. Олар уақытын осында өткізіп, достарымен үстел теннисінде бақ сынасады.
– Жұмыстан келіп, шаршағанымызды осында басамыз. Денеміздің барлығы қозғалып, бойдағы қажет емес дүниені ойын арқылы шығарамыз. Бұл тұрғындар үшін де, жастар үшін де жақсы мекенге айналуда, – дейді аудан тұрғыны Сәтбай Сыдықов.
Алға қойған мақсаты айқын талапты жастар алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтпек. Ал уақытын спортпен өткізгісі келетіндерге орталықта орналасқан «Рing pong» үйінің есігі әрдайым ашық.
Айнұр ӘЛИ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)