» » Балалар ойын алаңы ашылды

Балалар ойын алаңы ашылды

Covid-19 вирусының салдарынан енгізілген карантин бірқатар салаға түрлі өзгеріс алып келді. Қарапайым жұмыс кестесі өзгеріп, санитариялық талаптар күшейді. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты кәсібін қайта бейімдегендер де, жұмыссыз қалғандар да бар. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын қазақ көп нәрседен тыйылды. Зәулім-зәулім мейрамханалар қаңырап тұр. Десе де өмір ағымы алдыға қарай ілгерілеуде. Өзгеріске бейімделу де маңызды. Біздің ауданда да кәсібін уақыт талабына сай жаңғыртқандар бар. Соның бірі – кенттегі "Мәлике ана" мейрамханасының иесі.


Көркі көздің жауын алатын мейрамханада бүгінде дүркіреген дауыс сап тиылған. Қатар тұрған қос ғимараттың бірінде балғындардың сыңғыр күлкісі естіледі. Себебі, бұрынғы мейрамхана бүгінде балақайлардың ойын орталығына айналған.

– Жаздың басында-ақ қажетті заттарды алып қойғанбыз. Бірақ карантин талаптарына байланысты жаңа кәсіпті іске қосу сәтін кейінге шегеру қажет болды. Қазір ойын алаңын іске қостық. Талапқа сай бекітілген жұмыс кестеміз бар. Ата-аналар балаларын әкеліп, ойнатады. Күніне шамамен 15-20 бала ойын орталығына келіп тұрады, – дейді кәсіпкер Жанар Бұқпанова.

Орталықта балалардың көңіл көтеруіне барынша жағдай жасалған. Ішінде батут, әткеншек пен ойыншықтың түр-түрі бар. Отбасымен отырып, дәмді тамақ жейтін арнайы орын да қарастырылған. Мәзірде әдеттегі тағамнан бөлек фаст-фуд пен сусынның түрі көп. Алаңның ашылғанына бір ай болса да келуші қатары аз емес. Бір жасқа енді толған сәбиден мектептің бастауыш сыныбында оқитын бала да бар. Жас ерекшелігіне қарай арнайы ойыншық та табылады.

– Бұрын балаларымыз мұндай ойын алаңында тек қалаға барғанда ғана ойнайтын. Кентте ашылды дегенде қуанып, балаларымды ертіп келдім. Мәз-мейрам болып ойнап жүр. Көңілдерін көтеру үшін жиі-жиі келіп тұратын боламыз. Бөбектің шаттана күлгеніне не жетсін, – дейді ойнап жүрген балалардың әжесі.

Расымен, бұл орталықтың балаларды сан мәрте қызыққа бөлейтініне сенім мол. Оның үстіне кәсіп иелері алдағы уақытта аттракцион санын көбейтуді көздеп отыр. Ойын орталығы өзі жүретін машина, шарлы бассейн секілді жаңа ойыншықтармен толықпақ. Мұның бәріне қаражатты кәсіп иесі қазіргі ойын орталығынан түскен ақшаға алуды жоспарлап қойған. Айтпақшы, жеке кәсіпкер ойын орталығы арқылы бір адамды жұмыспен қамтып отыр.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
13 қазан 2020 ж. 1 224 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 216

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 150

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 324

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930