АУДАН ӘКІМІ ЖОСАЛЫ КЕНТІНДЕГІ ЖОЛ ЖӘНЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫН БАҚЫЛАП ШЫҚТЫ
Қармақшы ауданында көше жолдарын жөндеу, спорт нысандарын қалпына келтіру және білім беру мекемелерін жаңа оқу жылына дайындау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Осы орайда аудан әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентінде атқарылып жатқан бірқатар нысандарды аралап, жұмыс қарқынымен танысты.
Алдымен К.Шыңғысов көшесіне барып, мұнда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Бұл жұмыстар “Жосалы кенті әкімінің аппараты” КММ мен “Қызылорда Траст” ЖШС арасында жасалған 2025 жылғы 1 сәуірдегі №27 келісімшарт негізінде жүзеге асуда. Жобаның жалпы құны – 56,8 млн теңге. Аталған көше бойындағы жол инфрақұрылымын жақсарту арқылы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау көзделген.
Мұнан соң аудан басшысы Қ.Мүсіркегенов көшесінде орналасқан аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл спорттық кешенге 180 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде “Пульс” ЖШС мердігер ретінде анықталған. Жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 8 тамызында басталды. Құрылыс толықтай 2025 жылдың 8 желтоқсанында аяқталуы тиіс. Аудан әкімі бұл нысанның маңызын атап өтіп, салауатты өмір салтын дамытуда сапалы инфрақұрылымның рөлін ерекше атап өтті.
Келесі кезекте аудан әкімі №250 мектеп-лицейінің жаңа оқу жылына дайындығымен танысты. Мектеп аумағында биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1792 шаршы метр алаңға тас төсегіш (брусчатка) төселді. Жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Бұл жобаға 10,9 млн теңге қаражат бағытталған.
Аудан басшысы аралау барысында әрбір нысанның өзекті мәселелеріне назар аударып, құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Жосалы кентіндегі Нақыпов, Келмембет және Алтынасар көшелерінде де жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.