АУЛАДАҒЫ ЖЫЛЫЖАЙ: ҚАРАПАЙЫМ ІСТЕН ҮЛКЕН НӘТИЖЕ
Соңғы жылдары өңірімізде жылыжай шаруашылығы қалыпты дамып, тұрғындарды сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету күн санап артып келеді. Ауылшаруашылығын дамытуда қолға алып жатқан тың сала ішкі нарықты жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтуда және импорттық өнімдердің үлесін азайтуда маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында: «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал» деп айрықша атап өткенді. Бүгінде жылыжай ісін қолға алғандардың дені ауылдарда көрініс табуда.
Ақжар ауылының тұрғыны Мирасбек Қалданбекұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде екі жарым пайызбен несие алып, осы іске білек сыбана кіріскендердің бірі. Үйінің қорасынан алты сотық жер ашып, үш-үш сотықтан екі жылыжайдың құрылысын бастапты. Құрылыс заттарын Шымкент қаласынан алдыртып, арнайы мамандардың салуымен жүзеге асуда. Ағамыз бақшаның адамы болғасын ба жылыжайдың салынып бітуін күтпей-ақ үш сотық жерге тәжірибе ретінде май айында қияр егіп көріпті. Алайда шығымы жаман емес, орташа нәтиже берсе керек. Көзімізбен көргендей, қиярдың әр сабағы жемісін салып, өнім беріп тұр.
– Жиырма жылдай болыпты егінмен айналысып жүргеніме. Шаруашылықта күріш ектім, бақша өсірдім. Көз ашқалы осы тірліктің адамы болып, маман болғанбыз. Қимылдамасақ отыра алмаймыз. Биыл бірінші рет жылыжай ісін қолға алып жатырмын. Тәжірибені қиярдан бастап көрдім. Өздеріңіз көріп тұрғандай еңбек нәтижесіз емес. Бірақ күтімді қатты қажет етеді. Өйткені сорты бөлек. Ауа райын міндетті түрде талғайды, желді, ыстық күнді жақтырмайды. Тек ық жер мен көлеңке болса жаны кіреді. Жылыжайдың төбесі жабылмағасын кешегі күн ыстықта әлсіретіп алдым. Күніге бір тонна суды тамшылатып суару арқылы суарамын, – дейді шаруа иесі.
Мирасбек ағамыз жылыжайды салмас бұрын алдымен жердің жарамды-жарамсыз екенін білу мақсатында топырағын зертханадан тексертіп алыпты. Өзі де тың жерді танитын нағыз маман болғандықтан жылыжайдан күніге 70-80 келі қияр жинап, ауыл дүкендеріне келісін арзан бағада өткізіп отырған жайы бар. Ауыл келіншектеріне банкі басуға нағыз таптырмас қияр болғандықтан сұраныс та жоғары. Тіпті ауылдан ауысқанын ауданға апарып халыққа ұсынуда.
Ал енді құрылысы жүріп жатқан екінші жылыжайға қызанақ өсіру жоспарланып отыр. Ағамыз алдағы күз айында қызанақтың ұзақ өнім беретін сортын егетінін айтып, қысқа қам жасауда. Күн салқында жылыжайды бір қалыпты температурада ұстап тұратын пешті де алдыртып жатыр.
– Қазір тіршілік етемін деген жанға мемлекет тарапынан қолдау көп. Шаруаға ниет еткендер болса тек ерінбеу керек екенін айтқым келеді. Ауыл өнімі қашанда сапалы, таза ғой. Сырттан келген өнімге ақша құртып, өзгенің қалтасын қампайтқаннан өзің еңбек етіп, табысқа жеткен әлдеқайда артық. Сол үшін әрбір істің, кәсіптің көзін таба білу қажет, – дейді кейіпкеріміз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ