Ауылдағы жылыжай
Қазір ақылмен іс қылған озады. Осындайда хакім Абай «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дегені әсте ойға оралады. Рас. Екі қолға бір күрек тауып, өз ісінен береке тапқандар ғана еңбегінің жемісін көреді. Бүгінде Жер-Анадан несібесін тауып жүргендер жайлы аз-кем айтылып жүрген жоқ. Соның ішінде жылына бірнеше мәрте өнім алатын жылыжайлар туралы талай айттық та. Аудан бойынша жылыжай ісін дамытуға құлшыныс білдіріп отырғандар күн санап артуда. Соның бірі – Төребай би ауылының тұрғыны Руслан Қошантаев.
Оның айтуынша жылыжай ісін биыл бірінші рет қолға алған. Алайда кез келген істе қиыншылық қатар жүреді демекші, алғашқы еккені нәтиже бермепті.
– Бұл бірінші бастамам болғасын, аздаған қателіктер орын алды. Яғни дайындаған топырағымның құрамы дұрыс болмады. Қарашірікті көп қосып жіберіппін. Еккен қияр мен қызанақтың шығымы ұзаққа бармай өліп қалды. Қайтадан топырақ ауыстыруыма тура келді. Одан бөлек қаладан алдырған F1 маркалы гибрит тұқымның сапасы болмай шықты. Шымкент, Түркістан облысындағы мамандармен байланысқа шығып кеңес сұрағанымда, олар тұқымның дұрыс таңдалмағанын және сапасыздығын алға тартты. Осыдан кейін жылыжай ісін қайтадан бастадым. Қазір шүкір шығым жақсы. Минералды тыңайтқыштардың көмегімен қияр жақсы шығып жатыр. Қызанақтарым да көтеріліп қалды. Сұрағандарға 500 көшет сатсам, одан бөлек қораға 100 көшет отырғыздым. Нәтиже жаман емес, – дейді жылыжай иесі.
Төребай би ауылының тұрғындары үшін бақша өнімін өсіру жылдағы үйреншікті іс болса, Русланның бұл жеке хоббиі. Оның мұндай қадамға келуіне ауыл әкімі Әлімбай ағасының септігі тиіпті. Ақай ауылының тұрғыны, белгілі кәсіпкер Ерлан Жаппасбаевтың жұмысын көріп, тәжірибе алмасуға барғанда-ақ қызығушылығы ояныпты. Осыдан кейін дереу білек сыбана кірісіп, есік алдына шағын етіп жылыжай жасап, алғашқы жұмысын бастаса керек. Алайда жылыжай салудың да өзіндік қыр-сыры барын жасырмады.
– Жылыжайда өсетін кез келген өнім үшін ең бірінші ішіндегі ауа температурасы бір қалыпты болуы керек. Ең басты ескеретін жайт осы. Өйткені топырақты жарып шыққан әр жас өскін бала секілді нәзік келеді. Мәселен, түннің салқынында, жаздың аптап ыстығында олар шыдамауы мүмкін. Осындайда ішкі температураны реттеп отыратын құрылғы міндетті түре болуы керек, – дейді ол.
Руслан Төлегенұлы алдағы жылы да бастаған ісімді тоқтатпай, ел игілігі үшін жалғастырамын дейді сөзін түйіндей.
Ерсін СӘДУҰЛЫ