» » Кәсіптің көзін тапқандар

Кәсіптің көзін тапқандар

Кәсіпкерлік саласына келгенде Сырдағы серпіннің жайы бөлек. Биыл екі қолға бір күрек тауып, «кәсіптен береке нәсіп етсін» деп іске білек сыбана кіріскендерді жиі ұшырастыратын болдық. Әлбетте, бұл аспанға атқан малақайымыздың таяу маңда төмен түспейтініне кәміл сенім. Өйткені, ақылмен іс қылғанның заманы бұл. «Кәсіпкер шықпады» деген уақыт өтті. Кәсіпкерлер саны өсті. Әркім шамасына орай шабады. Солардың ішінде жылыжайдан несібесін тапқандар бар. Мұндай кәсіп істегендердің жайын білмекке жылыжайдың жайын барладық, кәсіпкерлерді шарладық. Ауданда төрт бірдей азамат бұл іспен шұғылданып, несібесін айырып жүр.
Тәуекелге бас тігіп, тонын шешіп алмасына көзі жеткен және бұрын да өзі туып-өскен ауылда көкөніс пен бақша дақылдарын егіп, одан өнім алып жүрген Қорқыт стансасының тұрғыны – Жәмитбек Тортулов. Ол кәсіп ашу үшін 2016 жылдың мамыр айында Қызылорда «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 3 млн. 500 теңге несиеге қол жеткізген. Бұл қаражатқа  жылыжай құрал-жабдықтарын сатып алып, отбасы мүшелерін жұмыспен қамтиды. Жыл сайын ерте көктем, күз мезгілдерінде өнім жинайтын кәсіпкер жылыжайға да жақсы жай керек екенін алға тартады.
 – Қызанақ пен қиярды ауылшаруашылығы саласындағы тың әдістің бірі – тамшылату арқылы суарамыз. Кәсіп бастағанымызға 2 жыл болса да біраз тәжірибе жинақтап қалдық. Көшеттеріміз дайын. Бұйыртса, бірер күнде оларды отырғыза бастаймыз. Егілетін жерді қопсытып, арам шөбінен тазартып қойдық. Жиым-терім жаман емес. Әсіресе, жаз айындағы өнім мол. Тұтынушыларымыз риза. Піскен қияр, қызанақты кент орталығындағы үлкен базарларға әкеп сатамыз. «Еңбек түбі – береке» деген емес пе? Бір кәсіппен шектелгіміз келмейді. Қосымша тауық балапандарын шығаратын инкубатор аппаратын сатып алсақ деген де жоспар қойдық. Жылыжайдың негізгі өнімінен бөлек, гүл отырғызу да ойда бар. Қанша дегенмен, бірнеше қолдан өтетіндіктен сырттан әкелінетін гүлдердің бағасы қымбат келеді. Тұтынушыға тауардың делдалсыз жеткені кімге болса да тиімді. Алда қаржы көздерін қарастырып, жылыжай кленкасын поликарбонатқа ауыстырсам ба деймін. Ол кезде қыста да өнім жинауға болады, – кәсіпкер ағынан жарылып.
Жылыжай кәсібіне ден қойған жанның бірі – Ақай ауылының тұрғыны Азат Ағайдаров. 2017 жылы «Күн сәулесімен жылыту» жобасы бойынша облыс әкімінің 2 млн. теңге грантын жеңіп алып, іс бастаған. Ауыл жастары арасында іскерлігімен көзге түскен Азат жылыжай кәсібінің шебері болмаса да «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» деп һакім Абай айтқандай, нар тәуекелге бел буыпты. Жоба бойынша жас кәсіпкердің жылыжайы күн сәулесімен жылытылады. Оның басқа әріптестерінен өзгешелігі де сонда.  Өткен жылы 5 сотық жерден 5 тоннадан аса қызанақ, қияр жинаған. Жаңа бастамаға бұл жаман көрсеткіш емес. Жұмыссыздықты желеу еткенді жек көретін жас маман 5 сотық жерін әкесі екеуі күтіп-баптайды. Уақытының көбін кәсібіне жұмсайды. Білмеген жерін көнекөз қариялардың ақыл-кеңестерімен толықтырады. Бір уақ ғаламтордан да қажетті ізденіс жасайды.
– Жас кезінде еңбек қылғанның ұтары көп. Жастықтың өзі – үлкен күш, сенім. Мен жастарды кәсіппен айналысуға шақырамын. Бұл салада көгеріп жатқан қаншама адамдар тәп-тәуір үлгі, мысал болып тұр. Һакім Абай «болмасаң да ұқсап бақ» деген ғой. Мен көл-көсір пайда табуды көксеп отырғаным жоқ. Ешкімге алақан жаймай, намысыңды табанасты етпей, адал еңбек еткеннің өзі шексіз бақыт. Биыл көктем елге ерте келді. Күн көзі де жылыды. Құрал-сайманыңды сайлап, шаруаға кірісетін кез. Әкем екеуміз дайын отырмыз. Бір аптаның ішінде егу жұмыстарын бастаймыз. Өсімдікке де адамның жылылық, аялы алақан керек. Онсыз болмайды. Көңіл-күйіміз жақсы, «жұмысты қалай бастасаң, солай аяқталады» деген бар емес пе? – дейді кәсіпкер.
Мұнан басқа Жосалы кентінде кәсіпкер Ербол Ешмұратовтың «Байшуақ» кешені мен Амантай Бөрібаевтың жылыжайын тілге тиек етуге  болады. Жоқтан бар жасап, барды дамытып, жетілдіріп отырған кәсіпкерлердің еңбегі қашан да мақтауға лайық. Жергілікті жылыжайда егілген өнімге бүгінде сұраныс көп. Оны аудан тұрғындары жиындарда жиі айтып жүр.
– Сырттан әкелінген көкөністің дәрумені жойылып, жол соқты болып келеді. Дәмі де мазасыз. Қанша дегенмен іргеңде піскен өнімнің жөні бөлек. Осыдан 3-4 жыл бұрын жылыжай жайында ақпарат құралдарынан естіп-білсек, қазір өзімізден де аталған кәсіп түріне қызығушылық танытушылар табылуда. Дегенмен, тиісті орындар тарапынан әлі де жұмыс істелуі керек. Саусақпен санарлық жылыжай өнімі тұрғындарды көкөніспен қамтуға аздық етеді. Бұл тұрғыда кәсіп ашуға жұмыссыз жастарды тартып, қызықтыра білу қажет. Қала кезіп, алыстан ат арытқанша, жақыннан тірлік еткен дұрыс болар, – деді еңбек ардагері Орынбасар Сариев.
Жылыжайдың кәсіпкерлікпен қоса, білім ошақтарында бала тәрбиесі мен біліміне тигізер пайдасы да жетерлік. ІІІ Интернационал ауылындағы №108 және Төребай би ауылындағы №199 орта мектептердегі жылыжайлар жұмысы бір ізге қойылған. Жосалы ауылдық округіндегі мектеп 2017 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы аясында «Руханият» қорынан тегін 3 млн. 200 мың теңге қаржыға ие болған еді.
– Мектеп жылыжайының аумағы 1,5 сотық. Көлемі шағын болғанмен жылыжайдың балалар үшін маңызы жоғары. Еккен көкөністеріміз: шалқан, қызылша, аскөк, қияр, қызанақ құлақтап шығып жатыр. Үшінші рет егуіміз. Өткен жылғы өніміміздің шығымы көңілден шықты. Ас мәзірін көкөністермен байытып, аптасына 2 рет оқушыларды тегін қамтамасыз еттік. Сондай-ақ, мектепте биологиялық бұрыш ұйымдастырудың да өзіндік мәні бар. Жылыжайдың сабақ процесі кезінде балаға берер пайдасы көп. Тәжірибе тұрғысында өз қолымен істеп көреді, оны теориялық біліммен сабақтастырады. Бала мектептен үйренгені мен көргенін үйінде жасайды. Бір жағынан еңбекке араласады, – дейді мектеп директоры Света Жалғасбаева.
Жылына бірнеше мәрте өнім салатын жылыжай кәсібін қай жағынан алсақ та өңірге өте тиімді. Ғалымдардың айтуынша, кез келген жеміс-жидек, көкөніс сабағынан үзілгеннен кейін төрт сағат ішінде дәруменін жоғалта бастайды. Оны қанша қарын тойдырып жегенмен адам ағзасы одан өзіне қажетті дәруменін ала алмайды екен. Олай болса, бір уақыт денсаулықтың да қамын ойлаған абзал.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».
 
13 сәуір 2018 ж. 1 342 1

JeaCold от 18 ақпан 2019 00:46
Buy Propecia Mexico Amoxicillin Dose For Sinusitis viagra online prescription Buy Wellbutrin Xl 300 Mg Online Cialis Diario Hpb Nitrofurantoin Mono Mcr 100myl

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 222

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 150

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 328

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930