АСЫ ДӘМДІ, КӨҢІЛІ СӘНДІ
«Ас – адамның арқауы» дейміз. Күнделікті өмірдегі маңызды істердің бірі – құнарлы әрі пайдалы тамақтану. Ендеше адамға арқау болған асты пісіретін маман жұмысының маңыздылығы айтпаса да белгілі. Дәмді тағам – кез келген адамның көңіл күйі мен күш-қуатының сарқылмауына себеп болады.
Өмірлік ісі ретінде аспаздық кәсіпті меңгерген жандар бойына үлкен шеберлікті, асты тек ағзаға ғана емес, жан дүниеге жеткізе білу өнерін де меңгереді. Бүгінгі кейіпкеріміз – бойынан аталған өнер табылатын, бармағынан бал тамған аспаз – Ақгүл Алдиярова. Ол қазірде Ақжар ауылындағы №7 «Шаттық» бөбекжай-бақшасында аспазшы болып еңбек етеді.
Балабақша – бүлдіршіндердің екінші үйі. Бұл мекенде әр бөлменің өз маңыздылығы болса, асхананың орны – бір төбе. Себебі баланың көңіл-күйі, денсаулығы, сергектігі – ең алдымен ішкен асына байланысты. Ал осы жауапкершілікті иығына арқалап жүрген жан – балабақша аспазшысы. Ақгүл апайдың балаларды дәмді, сапалы әрі пайдалы аспен қуантып келе жатқанына бүгінде 20 жылдың жүзі болыпты.
Бала денсаулығы – басты орында. Оның асқазанына кез келген тағам емес, пайдалы, нәрлі, сапалы ас қажет. Аспазшы соны жақсы біледі. Сондықтан да көкөністі майдалап турап, етті мұқият тексеріп, ботқаны баяу отқа қайнатады. Қанша жылдан бері қолынан дәм татып жүрген тәрбиешілер де, ата-аналар да оның пісірген тамағын «үйдің дәмі» деп бағалайды.
– Балалар диета бойынша тамақтануы керек. Сондықтан қант пен тұзды мейлінше аз қосамыз. Көбінесе буға пісіреміз, өйткені баланың тамағы ағзасына ешбір зиян келтірмеуі керек. Аспаз ретінде баланың ас мәзірі маусымға байланысты түрленіп отыру керек деп есептеймін. Бізде мәзірді медицина маманы мақұлдап отырады. Тамақтың құнары міндетті түрде есепке алынады. Жалпы бала біткен үйдің тамағын іздеп тұрады. Олардың тамақ ұнағанда қол бұлғап, бас бармақтарын көрсетіп «аспазшы апайға рақмет» деген сөзінің өзі маған ерекше қуаныш сыйлайды, – дейді ол.
Ақгүл Балтабайқызы Талғат есімді азаматқа тұрмысқа шығып, бүгінде екі баланы өсіріп, тәрбиелеп отыр. Жолдасы ауылдағы «Ораз ахун ЛТД» ЖШС-да күрішші, механизатор болып еңбек етеді. Тұңғыштары Фариза Қызылорда қаласында медицина саласында жұмыс істесе, кенжесі Нұрислам 7-сыныпта оқиды. Алғыс арқалаған аспазымыз сүйікті жұмысынан бөлек үйдегі ағарғаннан құрт, ірімшік жасап пайда қылады. Ауыл тұрғындары мен қалада бұл өнімдері үлкен сұранысқа ие болып отыр. Сондай-ақ ауылдағы үлкен жиындарда палау пісіріп, аспаздық қырын дәлелдеп жүр.
Осындай өз ісіне берілген жандардың арқасында еліміздің ертеңі – жас ұрпақ дені сау, білімді болып өсетініне сенімдіміз. Жұмысшы мамандықтар жылында Ақгүл апай секілді өз ісіне адал жандарға алғысымыз шексіз.
Иә, аспазшы еңбегі – үнсіз еңбек. Ол сахнадан көрінбейді, бірақ сахна сыртындағы ең маңызды тұлға. Оның қолынан шыққан тағам балаға қуат береді.
Қай балабақшада да осындай жүрегі жұмсақ, қолы шебер, жан дүниесі балаға жақын аспазшы болса, ол мекен – береке мен шаттықтың ордасы болмақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ