Бармағынан бал тамған
qarmaqshy-tany.kz Он саусағынан бал тамған аспазшы мамандығын игергендердің салмағы бүгінде алтынмен тең десе болады. Аспазшының қолымен дайындалған әрбір асты қабылдаушы оның дәмділігіне ғана емес, міндетті түрде дайындалу әдісіне аса мән береді. Әрине, дәмі тіл үйіретін ас дайындатын аспазшылар ауданымызда да жетерлік.
Оларды таныстырар болсақ, аудандық орталық ауруханадағы білікті сала маманы Жарқынай Ташенова басқаратын асханада, бірі – 1987 жылдан, енді бірі – 1995 жылдан бері елеулі еңбек етіп келе жатқан аспазшы Қатира Әлібаева мен Бағдагүл Оразбекова.
Өздерінің балды бар мақтары, ыстық ықыластарымен ауруханада емдом алып жатқан науқастарға түрлі тағамдар дайындап, олардың жазылып кетуіне жағдай жасап жүрген аспазшылар мен олардың көмекшілері Тоты Нәукебаева, Жұлдыз Дайрабаевалардың да еңбектеріне науқастар қашанда құрметпен қарап, қолдау көрсетеді.
«Біз еңбек ететін асхана бөлімшесінде үлгілі істерімен танылып келе жатқан қойма меңгерушісі Дина Құлахметова, аға аспазшылар Қатира мен Бағдагүлге және олардың көмекшілеріне ауруханада емделушілердің ықыластары ерекше. Олар дайындаған түрлі ас мәзіріне емделушілердің ерекше лебіздерін естігенде жан рақатын сезінесіз. Иә, асханада бүгінгі ұжымға дейін Оразкүл, Мариямкүл, Сәлима, Бәдіш, Балагүл, Берікгүл, Кеңес және Шырын есімді өз ісінің шеберлері еңбек етті. Олардың өнегелі істерін сала майталмандары жалғастыруда. Ауруханада емделіп жатқан науқастар саны көп. Оларға талапқа сай тағам дайындап беру, әрине біздің басты міндетіміз. Бүгінде қан қысымы, қант диабеті және басқа да науқас түрімен ауырып, ауруханаға түскендер бар. Біз сол науқастардың жанына шипа болсын деп дәрігерлердің берген нұсқауларымен ас дайындаймыз. Әлемді өзінің қатерлі кеселімен жаулап алған пандемия індеті кімнің де болмасын көңіліне қаяу түсіргені рас. Осы бір кеселге қарсы медицина қызметкерлерімен бірге асхана ұжымы да табандылықпен жұмыс істеді. Сала мамандарына қолдау көрсетуде асхана ұжымы үлкен белсенділік танытуда. Әрине, біздің осындай жақсылықты күйге жетуіне бірінші кезекте аурухана әкімшілігінің арқасы. Басшылық жыл сайын бізге қолдау көрсетіп, заман талабына сай жабыдықты қамтамасыз етуде» дейді асхана меңгерушісі Жарқынай Исатайқызы.
– Мен бұл аурухана асханасына жұмысқа орналасқанымда бүгінде бірі өмірден озған, бірі құрметті зейнеткерлік демалыста немерелерінің бақытты өмірін қызықтап отырған құрметті апаларымнан үлгі-өнеге алып, сол кісілердің игі істерін жалғастырып келемін. «Жақсыға жақын көп» дегендей, өз ісінің шебері атанған асхана меңгерушісі Жарқынай Исатайқызындай білікті сала маманы басқарған ұжым қашанда ауруханада емделіп жатқан науқастарды дәмді де сапалы дайындалған тағамымен қуантып келеді. Сондай-ақ, жылдағы үрдіспен әз Наурыз бен аналар күні, балалар мерекесі, басқа да мейрамдарда мерекелік ас мәзірін дайындап, сырқат жандарға аз да болса қуаныш сыйлап жүрген жайымыз бар», – дейді 35 жыл аспаздық тәжірибесі бар Қатира Әлібаева.
Иә, жарық да талапқа сай құрал-жабдықтармен жабдықталған асханасында ауруханаға ем іздеп келген науқастарға дәмді ас дайындап, олардың шипалы ем алуларына септігін тигізіп жүрген аялы алақан аспазшыларға халықтың айтар алғысы шексіз.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ