АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР - АУЫЛ КЕЛЕШЕГІНІҢ КЕПІЛІ
Ауыл – елдің алтын діңгегі. Осы ұстанымды берік ұстанған аудан басшылығы шалғай ауылдардың мәселелерін назардан тыс қалдырмай, өз кезеңімен шешуге күш салып келеді. Осыған орай, бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен Алдашбай ахун және Дауылкөл ауылдық округтерінде тұрғындар алдында әкімдердің есепті кездесулері өтті.
Алдашбай ахун ауылдық округінде 2025 жылдың алғашқы жартысында округтің дамуында бірқатар ілгерілеу байқалды. Бюджет көлемі 93 млн теңгеден асса, оның барлығы толықтай игерілген. Салық түсімдері де 100 пайыз орындалды.
Өзекті мәселелердің бірі- Ынтымақ көшесіне – 17,6 млн теңге, Түпбөгет көшесіне – 25,1 млн теңге көшелеріне жарықтандару жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда ауылдық округтегі көшелерді жарықтандыру жұмыстары толығымен аяқталып, ауыл 100 пайыз жарықпен қамтылған.
Тұрғындар үшін ең маңыздысы – инфрақұрылым. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар ауқымды. Атап айтқанда, О.Шораяқұлы көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сондай-ақ Ә.Егізбаев көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Ауыл ішіндегі ескі электр бағаналарын да толықтай жаңартуға 184 млн теңге бөлініп, тиісті шаралар қолға алынды.
Дауылкөл ауылдық округінде ауыл шаруашылығы – округтің басты тірегі. 38 гектар жерге бақша, көкөніс, картоп егілді. Мал басының өсу қарқыны қуантады: 3509 ірі қара, 3570-ке жуық қой-ешкі, 857 жылқы, 3112 құс тіркелген.
Аудандық бюджеттен Нұрмағамбет Жанаев көшесін жарықтандыруға 14,5 млн тг бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда мердігері анықталып, тамыз айында аталған көше толығымен жарықтандырылады.
Ауыл тазалығы бойынша абаттандыру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл әкімдігіне бір дана арнайы техниканы сыйға тартты.
Бұдан бөлек, округтің білім саласына да ерекше көңіл бөлінуде. 250 орындық жаңа мектеп құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, қазіргі уақытта қаржы бөлу мәселесі қаралуда.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында Ешнияз Сал, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Текей батыр, Есетбай батыр және Бегім би көшелерінде 70 дана жарық шамы жаңартылып, тиісті жарықтандыру жұмыстары толықтай жүзеге асырылған.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек есепті кездесулер соңында ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелердің ескерусіз қалмайтынын жеткізді.