Аудан әкімінің есебі шалғай ауылдарда жалғасты
Аудан әкімі Жандос Еркінбек аудан орталығынан шалғай орналасқан Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай Ахун, Дауылкөл ауылдық округтерінде болып, ауыл тұрғындарымен есепті кездесу өткізді.
Апта басынан бері елді мекендерді жеке-жеке аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп жүрген аудан басшысы кездесуде бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін тауып жатқандығын, атап айтар болсақ Көмекбаев, Алдашбай Ахун ауылдарындағы халықтың күнделікті тұтынатын ауызсу құбырларын қайта жаңғыртудан өткізіп, толықтай халық игілігіне табысталғандығын, Дауылкөл, Қуаңдария ауылдарындағы тозығы жеткен ауылдық амбулаториялық бекеттердің жаңадан салынып жатқандығын, құрылыстардың 2024 жылы толықтай пайдалануға берілетіндігін жеткізді.
Мұнымен қоса, Көмекбаев ауылындағы №18 «Қуаныш» бөбекжайының қазандық ғимаратын салу, Қуаңдария, Алдашбай Ахун, Тұрмағамбет ауылдарында балаларға арналған спорттық ойын алаңдарын жасату, аталмыш ауылдардағы бірқатар көшелерге күрделі, орташа жөндеу мен жарықтандыру жұмыстарына қаржы қаралғандығын айтты.
Ауылдарды абаттандыру жұмыстары бойынша жыл басынан барлық елді мекендерге қаржы бөлініп, ауыл көркін кіргізер аллеялар мен саябақтардың, билбордтардың, ауыл қақпалары мен паспорттарының жаңалануы мақсатындағы жұмыстар жүргізілуде.
Кездесуде барлық шалғай ауылдардағы басты мәселе саналатын аяқсу тапшылығын алға тартқан тұрғындарға Жандос Еркінбек Көмекбаев ауылдық округіндегі "Қарақ" және "Қоңыраулы" учаскесінде су шаруашылығы жұмыстарын жүргізу, Тұрмағамбет ауылын көгалдандыру мақсатында дизельді мотопомпа су насоспен қамтамасыз ету, Алдашбай Ахун мен Қуаңдария ауылдарын көгалдандыру мақсатында аяқсу жіберу жұмыстарына қаржы қарастырылғандығын және аталмыш жұмыстар толықтай жүргізілетіндігін, қаралған қаржылардың мақсатты жұмсалуы өз бақылауында болатындығын білдірді.
Аудан басшысы кездесуді «Ел ортақ. Барлығымыздың туған жеріміз ортақ. Жұмылған жұдырықтай болып, бір-бірімізге қолдау білдіріп, әрқайсысымыз жан-жаққа тартпай бір бағытта жұмыс жасағанда ғана біз жетістікке жететін боламыз. Ел қызметінде жүрген біздерге халықтың қолдауы маңызды. Бірлігіміз бекем болса берекеміз артарына бек сенемін» деп түйіндеді. Аталған ауылдардағы үлкендік жолынан жаңылмаған ақылшы ақсақалдар ақ батасын беріп, тілектестігін білдірді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі