ДӘНЕКЕРЛЕУШІ – ДӘРЕЖЕЛІ МАМАНДЫҚ
Қазір құрылыс саласына және кез келген өндіріске дәнекерлеуші ауадай қажет. Алайда мамандық иелері кейде іздегенде тапшы болып жатады. Елімізде соңғы жылдары газ жүргізу мен құрылыс саласы қарқын алған шақта дәнекерлеуші жастардың қатары көбейіп, үлес салмағы артып келеді.
Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып бекітілгелі аудандағы жұмысшы әр саланың еңбек адамын газетімізге қамтып, оқырманға таныстырып келеміз. Ал бүгінгі кейіпкеріміз жоғарыда айтқан дәнекерлеу ісінің шебері – Айбек Мақшатов.
Болатты балқытып, темірдің басын біріктіріп жүрген Айбекті былайғы жұрт оны өз ісінің маманы ретінде жақсы таниды. Оған жақында өзіміз де куә болдық. Осыдан төртбес күн бұрын жақын ағам телефонға қоңырау шалып, қорасына кіріп тұрған жіңішке газ құбырынан иіс шығып тұрғанын айтып шақырды. Барсақ расымен бейжай қарайтын шаруа емес. Құбырдан көзге көрінбес саңылау тапқан газ иісі ауланың ауасын былғап жатыр екен. Осыған жауапты мекеме алдын ала келіп, газдың жолын жауып кетіпті. Ендігі мәселе дәнекерлеуші қажет. Көпшіліктен сұрастыра келе нағыз маман Айбекті таптық. Ісіне жауапкершілікпен қараған дәнекерлеуші дереу жұмысына кірісіп, қауіп тудырған құбырды жамап берді. Жалпы от пен металлдың тілін білгенге дәнекерлеуші дәлдік пен шеберлікті талап ететін кәсіп. Кез келген адам бұл істе басын қауіпке тіге бермейді. Ал Айбек осы кәсіпте өзін бес жыл шыңдаған білікті маман.
– Негізінде оқыған мамандығым «Машинст-трактор». Бірақ бұл салада қызмет етпедім. Қызыққан мамандығыма бет бұрып, дәнекерлеуді өзім үйрендім. Ең бастысы, қабілетің мен икемің қатар ұштасса қиын деген жұмысың жеңілденеді. Кәсібім тұрақты. Тек ауданның шаруасын тындырып қана қоймай алыс қала мен ауылдардан тапсырыс алып, қызмет көрсетіп келемін. Жалпы дәнекерлеу ісінің артықшылығы көп. Кез келген уақытта жұмыссыз қалмайсыз. Қазір еліміздің әр аймағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жастарға мүмкіндік көп. Сондықтан бұл мамандықты таңдауда тосылмауға шақырамын, – дейді кәсіп иесі.
Айбек Омарұлының жігерлі сөзі екі қолды көтеріп қосылуға тұрарлық. Себебі қазір айналамызда бітірген мамандығы бола тұра жұмыс іздеп сенделіп жүрген жастар жетерлік. Міне, осындайда дәнекерлеу ісі нағыз ер азаматқа лайық мамандық. Ол түгілі бұл саланың сырын түсінген нәзікжандылар да мамандық таңдауда қымсынбай, еңбек адамы атанып жүр.
Ерсін СӘДУҰЛЫ