» » Талабы таудай Талғат

Талабы таудай Талғат

qarmaqshy-tany.kz Адам баласы өмірде жар және мамандық таңдаудан жаңылмауы тиіс. Расында осы екі таңдау кімнің де болмасын өміріне ерекше әсер ететінін жақсы білеміз. Өмірінде таңдаған мамандығы бойынша өзгелерге үлгі көрсетіп, ел құрметіне бөленіп жүрген жандар ауданымызда жетерлік.

Солардың бірі – біз өмір сүріп жатқан қоғамымызда құнын жоғалтып бара жатқан токарлық мамандықты меңгеріп, аудан тұрғындарының сұранысы бойынша қызмет көрсетіп келе жатқан азамат, кент тұрғыны Талғат Қаниев.
Талғат Бөгенбайұлы 1986 жылы аудан орталығындағы білімнің қара шаңырағы атанған No105 орта мектепті тәмамдап, өзі қалаған токарлық мамандығын терең меңгеру үшін Жосалы механикалық зауытына жұмысқа орналасады.
Зауыт әкімшілігінің ұйғарымымен ол есімі өңірге танымал сала шебері Вахид Губановқа шәкірт ретінде 3 ай тәжірибеден өткен соң бекітіліп берілген токарлық станокта өзіне жүктелген міндеттерді орындауды бастайды.
Талғат зауытта қызмет істеп жүргенде көптеген марапатқа да ие болып, зауыт жабылғанша, яғни 2002 жылға дейін үздіксіз еңбек етеді.
Заман ағымына қарай зауыт дағдарысқа ұшырап жабылған соң, Талғат Бөгенбайұлы Жосалы стансасында орналасқан білікті сала маманы Ерлан Есмамбетов басқаратын ВЧД-6 мекемесіне вагон қараушы-жөндеуші мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Бұл қызметті осы күні де абыроймен атқаруда.
– Мектепте білім алып жүрген кезімде токарь мамандығына аса құрметпен қызыға қарайтынмын. Кейін өсе келе жаныма жақын болған мамандықты терең меңгеруде Жосалы механикалық зауытына жұмысқа орналастым. Оның ішінде есімі елге танымал болған құрметті азамат, бүгінде көзі жоқ болса да аудан тұрғындары арасында елжандылығымен, отансүйгіштігімен, адалдығымен танылған Вахид Губановтың шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Ол кісі маған тек ұстаз болып қана қоймай, әкелік ақылын айтып, өмірлік тәжірибесін берді, білген-түйгенін үйретті. Зауытта еңбек етіп жүргенімде Ғабит, Шайман, Леня, Әмірхан, Дәулет, Қанат және басқа да замандастарыммен бірге дәнекерлеуші, слесарь, токарь және басқа да мамандықтарды меңгеріп, еңбек еттік. Ал заман тоқырауына ілінген зауыт жұмысын тоқтатқан соң, мекемемізбен қимай қоштастық. Иә, сондай алып зауыттың жабылуы онда еңбек еткен мыңдаған жұмысшы-қызметкерге оңай тиген жоқ. Бүгінде тарих бетінен жоғалғаны көңіліме мұң шалады. Қаншама жұмысшы жұмыссыз қалды. Десе де «тірі адам тірлігін жасайды» дегендей, басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болдық. Токарлық мамандық ешқандай мекемеге керек болмай қалды. Бірақ «іздеген жетер мұратқа» дегендей, теміржол бойында орналасқан Жосалы стансасындағы ВЧД-6 мекемесіне жұмысқа қабылданып, бүгінде сол мекеменің вагон қараушы-жөндеушісі болып еңбек етудемін. Аллаға шүкір, басшылық еңбегімді бағалап, бірнеше рет мадақтамамен марапаттады. Мекеме басшысы Ерлан Есмамбетовтей білікті сала маманының басшылығымен Сәбит Тайшықов, Сабыр Ефенов, Төребек және басқа да сала майталмандарымен бірге еліміздің өсіп-өркендеуіне, оның ішінде теміржол саласының дамуына үлес қосып келеміз, – дейді өз ісінің шебері атанған кейіпкеріміз.
Сондай-ақ ол токарлық мамандықпен бірге дәнекерлеуші. Өзінің жеке токарлық құрылғысымен, дәнекерлеу аппаратымен отбасына қажетті жұмыстарды, сонымен қатар көрші-көлемнің де сұраныстарын орындап, ауыл-аймақ құрметтісі атанып жүрген азамат. Оның тағы бір қыры құс асырауында жатыр.
– Мен бұл кәсіптерімнен басқа ауламда тауық асыраймын, сонымен бірге әлемдегі ең сұлу құстың бірі – кептерге де құштарлығым ерекше. Аудан және аймақ, одан қалды еліміздің әр түкпірінде кептер асыраушылармен тәжірибе алмасып тұрамын. Жарыстарға қатыспағаныммен өзімде бар қызығарлық кептерді өзгелермен айырбастап, кептер құсының дамуына үлесімді қосып келемін» дейді ол.
Өміріне серік болып келе жатқан мамандығын мақтаныш тұтатын Талғат Бөгенбайұлы жар таңдауда да жаңылмаған. Өмірлік серігі Рая Әзизқызымен бірге бақытты да шаттыққа толы шаңырағында 4 ұл мен қыз тәрбиелеуде.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
29 қазан 2022 ж. 700 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 384

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 463

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930