ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ЖАҢА ЖОБАЛАР
Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай жыл басынан бері түрлі іс-шара ұйымдастырылып келеді. Жалпы бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған.
Осы орайда жұмысшы мамандықтар санатына кімдер жатады деуіңіз мүмкін. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр елімізде еңбекке қабілетті адам саны шамамен 9,6 млн-ды құраған. Соның ішінде 2 млн 300 мың адам бүгінде жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді екен. Жұмысшы мамандарды санамалайтын болсақ, көлік және байланыс саласы бойынша жүк көліктері, автобус, такси, электровоз жүргізушілері, құрылыс және өндіріс саласында құрылысшы, дәнекерлеуші, слесарь, электрик, жабдық операторы, құрылыс бригадирі жатады. Ал қызмет көрсету саласынан сантехник, трубороводшы, қонақүй қызметкері, кондитер, аспаз, үй шаруашылығы қызметкері жатса, ауыл шаруашылығына қарасты тракторшы, шаруа қожалықтарының жұмысшысы, жер өңдеушілер мен малшылар осы санатқа кіреді. Одан бөлек, өмір мен өлім арасындағы маман иелері кенші, темірші, метал өңдеуші, шахта мен кен орындарының жұмысшысы да биылғы жылдың мерейлі қызметкерлері.
Балық шаруашылығына қарасты балық аулаушы мен су транспортының жұмысшысы, коммуналдық салаға қарайтын электрмонтаждаушы, жылу жүйелерін жөндеуші, газ және су жүйелерін жөндеуші, электр қуатын өндірушілер мен тарату қызметкері, су және жылу энергетикасында оператор мен жұмыс істейтін қызметкер көптің көзіне елене бермесе де, еңбегі ерен жандар. Сондай-ақ қазір әрбір үйде қосқостан көлік бар. Сол көлікті жөндеуші, машинист, станок операторлары, машина жасау шебері, автослесарь да осы санаттағы мамандар тізіміне жатады. Өмірімізге қажетті саланың біріне жататын өсімдік өсіруші мен мал дәрігері, сауда қызметкері, ет, сүт, ұн өндірісінің жұмысшылары да осы мамандықтар қатарын толықтырады.
Биыл осы мамандарға арналған жаңа жобалар қолға алынуда. Оның алғашқысы – жаңа ипотекалық бағдарламаның іске қосылуы. Өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырған болатын.
– Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын, – деді Олжас Бектенов.
Жұмысшы мамандықтарға қатысты кадр дайындау мәселесін де тілге тиек етіп: «Экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар. Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді. Бізге мыңдаған білікті жұмысшы қажет. Сонымен қатар жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болады. Сондықтан болашақтағы дағдылар мен құзыреттерді болжау үшін әкімдіктердің барлығы кәсіптердің өңірлік атласын жасауы қажет. Әзірге тек 9 өңірде осындай құжат бар, – деді ол.
Осы бастамаға орай биыл жұмысшы мамандықтарға қатысты кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасады. Техникалық және кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық күшейтіледі. Жастарға еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беру мақсатында оқу орындарында жаңа бағыттар мен мамандықтар енгізіледі. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға арналған 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Еліміздің барлық өңірінде жұмысшы мамандықтар беделін және кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жоспарлар бекітілді. Сондай-ақ негізгі мемлекеттік органдар, яғни 13 министрлік жаңа кәсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою бойынша кешенді шаралар көзделген «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі салалық жоспарларын әзірледі. Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп ел мектептерінде 1000 бейінді сынып ашылады.
«Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Ол 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады. Тағы бір жаңа ауқымды жобалардың Ақтау қаласында Түркітілдес елдер арасында Turkiskills-2025 алғашқы кәсіпқой шеберлік чемпионаттары өтеді. Сондай-ақ «Жас маман» жобасы аясында 180 мемлекеттік колледж заманауи оқу құралдарымен жабдықталады. Қазіргі таңда 270 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қажеттілік бар екен. Бұл білім ұйымдары оқу процесінде моральдық тұрғыдан ескірген жабдықты пайдаланады.
Жұмысшы мамандықтар жылында Ұлттық құзыреттер орталығы құрылады. Бұл орталық – кәсіби құзыреттерді, жаңа технологиялық шешімдерді, заманауи кәсіби дағдыларды әзірлеп өндіріске енгізуге ықпал етеді. Сонымен қатар, Ұлттық құзыреттер орталығы базасында жыл бойы халықаралық чемпионаттарға арналған оқу-жаттығу лагерьлері, республикалық чемпионат, педагогтерге арналған салалық курстар өткізілетін болады.
Жұмысшы мамандықтар жылындағы тағы бір жаңалық – еңбек адамдарына берілетін марапаттардың қосылуы. Жыл соңында жұмысшы мамандарға «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» секілді марапаттар табысталатын болады.
Біздің ойымызша, жұмысшы мамандықтарға деген құрмет бұл жылмен тоқтап қалмайтыны анық. Алайда жұмысшы мамандарға арналған жыл қарапайым маманның еңбегі еленіп, қоғамда ойып алар орны бар екенін бекемдейтін, олардың еңбегін бағалайтын жыл болмақ. Дайындаған
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА