» » ОТБАСЫНЫҢ БАҚЫТЫ – ҮЙЛЕСІМДІЛІКТЕ

ОТБАСЫНЫҢ БАҚЫТЫ – ҮЙЛЕСІМДІЛІКТЕ

Адам баласы үшін ең қымбат та қастерлісі, ол – отбасы. Мемлекет сол отбасылардан құралып, Отан деген қасиетті ұғымды түзеді. Отанның қандай болмағы, отбасының қандай болмағымен тікелей байланысты. Әрбір шаңырақтағы бақбереке, ырыс-несібе Отанымыздың тұрақты дамуы мен нығаюына орасан зор үлесін қосады. Сол себепті де мемлекетімізде отбасылардың тату-тәтті тұрып, бақытты ғұмыр кешуі – болашаққа салынған даңғыл жол, парасатты таңдауы болып есептелінеді.
Осы ретте бірнеше жылдан бері отбасының тұрақтылығы мен бірлігін сақтап, насихаттау бағытында республикада «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Онда жыл сайын өмірлік өнегесімен, еңбек жолымен үлгілі деп танылған отбасылар марапат төрінен көрініп, мадақтауларға ие болып жатады. Осынау отбасы құндылығына үлесін қосып жүрген жанұялар біздің ауданымызда да аз емес. Солардың қатарынан Әбілтаевтар отбасын құрметпен атай аламыз. 5 баланы дүниеге әкеліп, оларға тәлімді тәрбие берген отағасы Зауыт Созақбаев пен отанасы Майра Жақанова Алдашбай ахун ауылының тұрғындары. Темірдей тәртіп пен талапты басты қағида еткен қарапайым отбасының жемісі мен жеңісінің сыры да осында жатса керек.
Еңбекқор отбасы дегенді бекерге айтпадық. 1996 жылы шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар З.Әбілтайұлы Құмкөл мұнай-газ кен орнында көлік жүргізушісі болып жұмыс істесе, М.Молдабекқызы №111 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жас ұрпақты білім нәрімен сусындандыруда. Білім саласында келе жатқанына биыл 28 жыл толады екен. Бір айтарлығы, жергілікті халық бұл жанұяны спортшылар отбасы деп атайды. Бұл да текке айтылған сөз емес. Балаларына ата-ана мейірімін берумен қоса, мықты тәртіп пен талап қоюдың арқасында спортта талай биіктерді бағындырып келеді. Перзенттердің алдыңғыларынан немерелер сүйсе, кейінгілері мектеп қабырғасында білім алуда.
Отбасының тұңғышы Таңатар Алматы қаласының Іле ауданына қарасты 2466 әскери бөлімінде аға оператор болып еңбек етеді. Бүгінде 3 баланың әкесі. Одан кейінгі ұлы Нұршат Қызылордадағы Жалаңтөс Бахадүр атындағы спорт мектебінің «Қазақша күрес» класында білім алған. «Болашақ» университетін бітіріп, Қызылордада жаттықтырушы болып жас ұландарды спортқа баулуда. Қазақ күресінен ҚР Спорт шебері атағын 2022 жылы қорғап шыққан. Өз салмағында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Отбасын құрған жас жігіт келіншегімен ұл тәрбиелеп өсіріп отырса, жары Анель де дзюдодан бірнеше дүркін ел чемпионы.
Әбілтаевтар отбасында дүниеге келген үшінші бала – Назеркенің жөні тіпті де бөлек. Ол қазіргі таңда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақтүрік университетінің «Спорт және өнер» факультетінің 4-курс студенті.
Спортшы арудың есімі аудан, облыс көлемінде ғана емес, Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген әлемге танымал. Алтын қызымыздың бір басына жетіпартылатын атағы бар. Белбеу күресінен Азияның үш дүркін чемпионы. Атап айтсақ, 2023 жылы Өзбекстанның Джиззах қаласында өткен Азия чемпионатында, осы жылдың мамыр айында Үндістанның НьюДели қаласында өткен Азия чемпионатында екі күн қатарынан 55-60 келі салмақ дәрежесінде жасындай жарқырап, алтыннан алқа тағынды. 2022 жыл қорытындысымен облыста «Үздік спортшы» номинациясының жеңімпазы атанса (облыстық мәдениет және спорт басқармасы), өткен жылы спорт саласындағы өлшеусіз еңбегі үшін ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Сондай-ақ спортшы Қазақстан чемпионатының 11 дүркін жеңімпазы, Әлем біріншілігінің 11 дүркін жүлдегері. Былтыр Астана қаласында өткен Дүниежүзілік «Көшпенділер» ойынында белбеу күресінен қола медальді қанжығасына байласа, одан беріде адамгершілігі мен ерік-жігерін ту еткен Назерке Әбілтаева басқа да спорт додаларының ортасынан табылып жүр.
Ал үйдің кенжелері – Нұрай мен Нұрислам мектеп оқушылары. Олар да алдыңғы ағаәпкелерінің жолын қуып, аудан, облыс көлеміндегі спорттық сайыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленуде. Нұрай «Наурыз – береке бастауы» тақырыбындағы Қуаңдария ауылында өткен аудандық қазақша күрестен қыздар арасында І орынды жеңіп алса, Қызылордада өткен «Kures – 2020» спорт клубының жүлдесіне арналған дзюдо күресінен ІІ орын жүлдегері атанған. Ал Нұрислам «Syr bolashagi» орталығының ұйымдастыруымен өткізілген дзюдо жарысынан І орын иеленсе, 2022 жылы жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған ашық біріншілікте жүлделі ІІІ орынды бағындырған.
– Отбасындағы темірдей тәртіп балаға пайдалы болмаса, одан зиян шекпесі анық. Бала алдымен ата-анаға қарап бой түзейді. Ауылымыздағы Әбілтаевтар отбасының өнегесі әуелі балаларына еңбек пен тәртіпті бойларына сіңіре білгенімен ерекшеленеді. Керегінде сырласындай, досындай, енді бірде қатал сыншысы бола білген ұлағатты атаананың еңбегі дейміз. Осындай тәрбиенің арқасында отбасы, Аллаға шүкір, абыройлы, елге сыйлы, көпке құрметті. Ауылымыздағы үлгілі отбасының бірі. Әке мен ананың үнемі ұстанымы – отбасы қамын ойлап, балаларын мәпелеп өсірді. Білім алуына, жарыстарға қатысуына жағдай жасап, ықпал етіп отырады, – дейді ауыл тұрғындары жылы лебізде.
Отанасымен әңгімелесу барысында бір байқағанымыз – Әбілтаевтар отбасында әке орнының биік тұратындығы.
– Бізде әкені сыйлау, қадірлеу – бірінші орында. Қатып қалған қағидамыз – тәртіп, тәртіп және тәртіп. Үнемі балаларға кезінде өзіміздің ата-анамыз құлағымызға құйған жақсы қасиеттерді айтып отырамыз. Одан жаман болып жатқанымыз жоқ. Не нәрсеге де сабырмен қарауға тырысамыз. Сабыр – жай ғана сөз емес, ол барлық жерден алып шығатын көркем мінез, – дейді білікті маман, ардақты ана Майра Жақанова.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
05 шілде 2025 ж. 151 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (10417)

05 шілде 2025 ж.

№48 (10416)

01 шілде 2025 ж.

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 002
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031