Отбасы – бақыт мекені
2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісінде елімізде Отбасы күні тойланады. Биыл бұл күн 10 қыркүйекке сәйкес келіп отыр. Қазірде аталған мерекені асыға күтетін, шаңырағында бірлік пен берекеге толы дастарқан дайындап, атап өтетіндері де бар.
Отанға сүйіспеншілік өз отбасыңызға деген ыстық сезімнен басталады. Өсіп-өнген шаңырағыңызда алған үлгілі тәлім-тәрбиеңіз – ұлттың кемелді келешегінің кепіліне айналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, әрбір жарасымды жанұя – еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуының негізі. Отбасы ұғымы біздің халқымыз үшін қашанда қасиетті. Қай кезден де ол басты құндылық, рухани қуаттандырушы және жігер беруші, тірек пен қолдау көзі болып табылады.
Отбасы – адам баласының өсіп-жетілетін алтын ұясы, тәлім-тәрбие алатын құтты ошағы. Шынтуайтына келгенде жанұяның жылуын, одан берілетін мейірім-шапағатты ештеңе алмастыра алмайды. Қоғамның даму динамикасы, алға басу қарқыны отбасындағы берекеге тікелей байланысты. Өйткені жанұядағы тәрбие мен тәлім қоғамда көрініс тауып, өз әсерін тигізіп отыратыны айтпаса да түсінікті. Сол себепті адамдар арасындағы ынтымақ пен үйдегі отбасы мүшелерінің ауызбірлігі бәріміз үшін де аса маңызға ие.
Ұрпақ санасына өнеге сіңірудегі отбасындағы тәрбие ең тиімді тәсіл. Қазақта "Отан – отбасынан басталады" деген нақыл сөз бар. Осыдан-ақ халқымыздың ұрпақ тәрбиесіне қаншалық мән беретінін аңғаруға болады. Адам баласының ажары да, бақыты да отбасынан басталады. Ал отбасы бақыты сырттан келіп сіңетін дүние емес. Адам баласының бақыты оның үзіліссіз тәлімі мен тәрбиесінен қалыптасатын мінездеріне байланысты. Яғни, отбасының бақыты, діңгегінің мықты болуы ата-аналардың, сол отбасы мүшелерінің өз қолында.
Жалпы, отбасы әке мен ана және бала арасындағы өзара қатынасқа құрылады. Сол себепті қандай мектеп не университет болсын, ата-ана тәрбиесінің орнын алмастыра алмайды. Әкесінің қамқорлығын, анасының мейірімін толық сезінген бала ғана айналасына тек жақсылық бере алмақ.
Қоғамда тәрбие өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыпты өздерінің бойындағы ізгілігі мен адамгершілік қасиеттерін, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмыстың негізі қаланары анық.
Еліміздегі осынау әлеуметтік маңызға ие мереке күні барлық шаңыраққа бақ-береке, ырыс-құт, тыныштық тілейміз. Әр отбасының іргесі берік болып, түтіні түзу ұшсын!
Ақнұр САҒЫНТАЙ