Шындықтың шырақшылары
Адам баласы күн сайын таң атысымен ел тынысы – жаңалықпен оянатыны баршамызға белгілі. Бірі радио тыңдаса, бірі теледидар қосады, енді бірі газетжурнал ақтарып, интернет беттерін парақтайды. Ал сол ақпаратты уақытылы, нақты әрі шынайы жеткізіп жүрген жандар – журналистер.
Қоғам тынысын дөп басатын, шындықтың шырағын сөндірмей, елдің үнін естіртіп отырған журналистер қауымын ақпарат әлемінің абыройлы өкілдері десек еш артық айтқандық емес.
28 маусым – журналистер үшін ерекше. Себебі бұл күн – қаламын қару еткен, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистерге деген құрметтің белгісі, яғни журналистердің кәсіби мерекесі. Олар – қоғамда болып жатқан әрбір жаңалықты жедел әрі шынайы түрде жеткізетін, елдің ойы мен үмітін, мұңы мен қуанышын қалт жібермей жазатын ерекше маман иелері.
Журналист – жаңалық таратумен қатар көпшілікке ой салатын, бағыт көрсететін, қоғамдық пікір қалыптастыратын тұлға. Оның сөзі халыққа әсер етеді, үміт сыйлайды, кейде тіпті шешім қабылдауға түрткі болады. ХХ ғасырдың басында Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы баспасөзді, яғни газетті халықтың көзі мен құлағына һәм тіліне балаған еді. Журналистика саласының сол міндеті әлі де өзекті.
Ертеректе Қазақстанның журналистика күні 10 мамырда аталып өткен екен. Өйткені бұл күні «Түркістан уалаяты» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Уақыт өте келе маусым айының соңғы сенбісіне қойылған бұл кәсіби мереке кейінгі жылдары тұрақты датасын тауып, 28 маусымға белгіленді.
Қазіргі заманда журналистиканың рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Ақпараттық технологиялар дамыған дәуірде жалған мен шынның арасы алшақтап барады. Осындай кезде журналистің адалдығы мен әділеттілігі басты құндылық болып саналады. Олар дерекке сүйеніп, дәлелмен сөйлеуі тиіс. Себебі жалған ақпарат қоғамда түсініспеушілік тудырып, теріс пікір қалыптастыруы мүмкін.
Қазақстан журналистикасының дамуына үлес қосып келе жат қан кәсіби мамандарымыз аз емес. Олардың еңбегі мен табанды лығының арқасында ел ішіндегі көптеген маңызды мәселелер кө теріліп, оң шешімін тауып жатыр.
Журналист – халықтың, қоғамның үні. Журналистика – үлкен жауапкершілікті, ұлт алдындағы адалдықты талап ететін күрделі жол. Кез келген ақпарат құралында жұмыс істейтін қаламгер – қоғамдық пікірге ықпал етіп, елдің ертеңіне әсер ете алатын тұлға. Сондықтан кәсіби, білікті, қаламы қарымды журналист еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Бүгінде қоғамдағы кез келген жаңалық, ең алдымен, баспасөз ақпарат құралдары арқылы таралады. Оқиғаның мән-жайын шынайы жеткізу, халықтың көңіл күйін дөп басу, пікірталасты әділ жүргізу кәсіби журналистің негізгі міндеті болмақ. Халық елде не болып жатқанын дәл осы журналистер таратқан түрлі ақпараттар мен жаңалықтар арқылы біліп отырады. Сол себепті журналистер қауымы күннің аптабында, түннің қараңғысында да жұмыс істеп, елге маңызды мәлімет таратудан тайынбауы тиіс.
Журналист болу – үздіксіз ізденіс, оқиға ортасында жүру, дерек жинау, адам тағдырына араласу. Әрбір сұхбат, әрбір мақала бір адамның өмірі, бір мәселенің шешімі болуы мүмкін. Осы жолда журналист түрлі кедергілерге тап болып, сан қиындықты еңсереді. Бірақ ол өзінің басты міндеті шындықты айту екенін ешқашан ұмытпауы қажет.
Қаламгер – ел мен билік арасындағы алтын көпір. Ол – халықтың мұңын жеткізетін, қоғамдағы әділетсіздікті көрсететін, шешім қабылдаушыларға бағыт беретін адам. Әсіресе өңірлік журналистердің еңбегі ерен. Ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін, жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын тек сол өңірдің тілшілері нақты, жан-жақты жаза алады. Олар – ел ішінде елеусіз қалған жақсы істерді жарқыратып көрсететін, көптің үнін жеткізетін еңбек майталмандары. Қаламгердің әрбір мақаласы ауыл өмірінің шежіресі іспетті.
XXI ғасыр – ақпарат ағынына толы кезең. Күн сайын мыңдаған жаңалық тарап жатыр. Бүгінгі ақпарат кеңістігі кеңейді, технология дамыды, әлеуметтік желі ашық алаңға айналды. Осы заманда журналист болу бұрынғыдан да күрделі. Себебі жалған жаңалық, жалған дерек көп. Осындай уақытта тексерілген ақпаратты таратып, халыққа сенімді сөз айту – нағыз кәсіби шеберліктің белгісі.
Әлеуметтік желілер дамып, ақпарат тарату жылдамдаған сайын, кәсіби журналистика рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Себебі ақпарат көп, бірақ оның рас-өтірігін тексеру, талдау, сүзгіден өткізу журналистерден кәсібилікті, екі шоқып, бір қарауды, қырағылықты, әрбір ақпаратты терең сүзгіден өткізуді талап етеді.
Журналист шындықты жақтаушы, өткір тілді, шешен, дана, салқынқанды болумен қатар аналитик, сарапшы, зерттеуші, психолог та болуы керек. Қазіргі заман – әр сөзің үшін жауап беретін уақыт. Сондықтан тілші қауымның жазған әрбір жолы заң аясында, этика шеңберінде, әділетті негізде болуы – басты шарт.
Еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бері қарайғы барлық тарихи сәттер, саяси өзгерістер, әлеуметтік бетбұрыстар – барлығы журналистердің жазбаларында сақтаулы. Олар тек қана күнделікті жаңалықты емес, тарихты жазып келеді. Сол себепті әр журналист – ел шежіресін жазушы, бүгіннің шындығын ертеңге аманаттап отырған мұрагер.
Қоғам – күрделі, өмір – көпқырлы. Соған сай журналистің де міндеті сан алуан. Бірі ауылдағы ауызсу мәселе сін көтерсе, бірі өндірістегі өзгеріс тер туралы жазып жүр. Бірі елді елең еткізген жаңалықты таратып, енді бірі азаматтардың ар-намысын қорғап, әділдік үшін күреседі. Олар – шындықты жасырмайтын, ақиқаттан таймайтын, халық пен билік арасындағы алтын көпір.
Журналистердің кәсіби мерекесі бір күндік құрмет емес. Бұл – халықтың сенімін арқалап жүрген журналистерге деген жыл бойғы алғыс пен ризашылықтың бір көрінісі. Осы мерекеге орай, ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген барлық журналистер қауымын құттықтаймын! Қаламдарыңыз жүйрік, сөздеріңіз өтімді, еңбектеріңіз жемісті болсын! Қай уақытта да ел сенімінен шықпай, әділдіктің шырақшысы бола беріңіздер!
Журналист болу – ерлік. Шындықты айту – батылдық. Қоғамға ой салу – даналық. Міне, осындай қасиеттерді бойына сіңірген барша журналистер қауымына алғысымыз шексіз.
Лаура БАҚТЫБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі