Төртінші билік иесі
Наполеон: «Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор», – деген екен. 1840 жылы француз жазушысы Онере де Бальзак «төртінші билік өкілдері» деп атаған баспасөз саласының мамандары ақпарат кеңістігінде түрлі мәселелерді көпшіліктің талқысына ұсынып, қоғамдық пікір қалыптастырып, оның оң шешімін табуға да мұрындық болып келеді.
Журналистиканы ХХ ғасырдың басында қазақ жұртшылығына Алаш қайраткерлері таныстырды. Міржақып Дулатов: «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді, яки қай жұрт өнерлі болса, сөзсіз оның баспасөзі күшті болатыны айдай анық», – деп журналистиканың маңызын атап айтты. Қалың көпшілік арасында журналистерді «төртінші билік иесі» деп атау да белең алып кетті. Дегенмен журналистика ешқандай да билікке араласпайды. Тек болып жатқан жағдайларды сараптап, талдап, ел назарына ұсынады. Қоғамның талқылауынан өткізіп, дұрыс шешімнің қабылдануына ұйытқы болады.
Оқушы кезімнен журналистиканы қатты ұнаттым. Ойша өзімді көгілдір жәшіктің ішіне кіргізіп, қандай да бір бағдарлама жүргізіп отырғандай сезінетінмін. 10-сыныпта оқып жүрген кезімде мақала, өлеңдерімді аудандық «Қармақшы таңы», облыстық «Сыр мектебі», республикалық «Ұлан» газеттеріне жариялай бастадым. Маған өз ойымды еркін түрде жеткізген, яғни өзімді қызықтырған тақырыптар жөнінде ой қозғап, сол жайлы басқа адамдардың пікір-ұсынысын білген ұнайды. Сондықтан болар арнайы тапсырылған тақырыптарға мақала жазу барысында қиналамын, ондай жазбаларым жүректің түпкірінен бүр жарып шыққандай сезімге бөлемейді.
Мен кәсіби журналист емеспін. Бірақ газет-журнал бетінде жариялаған материалдарым мен бір кездері редакцияда корректор болып жұмыс атқарғанымды алға тарта отырып, журналистика саласына сәл де болса қатысым бар ғой деп ойлаймын. Өзім армандағандай диктор, жүргізуші болмасам да бірнеше бағдарламаға, телеарналардағы зияткерлік ойындарға қатысып, журналистік түсірілімнің дәмін таттым. Түйгенім, журналист болу үлкен қажырлылықты, төзімділікті, шыдамдылықты қажет етеді. Теледидар арқылы халыққа әп-әдемі болып көрсетілетін әрбір бағдарламаның артында кадрдан тыс қаншама адамның еңбегі жатқанын екінің бірі біле бермейді. Сол секілді газет-журнал бетінде жұп-жұмыр боп, көркем тізбектелген мақала, жазбалардың арғы жағында автордың күйіп-піскен толғанысы, ойын жеткізу жолындағы көңіл көкжиегінің кеңдігі мен көркем ойды жеткізу шеберлігі, сөзді орынды қолдана білетін шешендігі, оқырман ойын дөп басуға тырысқан тапқырлығы, тоқсан ауыз сөзге арқау болар мәселенің түйінін шешетін өткірлігі жасырынып тұрады. Журналистердің әрбір жазбасы, бағдарламасы оның өн бойын толғатып келген нәрестесі секілді.
Халықпен етене араласып, ондағы сан алуан өмірді, қилы тағдырды, шаруасы дөңгеленген кәсіпкерлер ісін, елге елеулі еңбек сіңіріп, қызметімен танылған еңбек ерлерін, шопан, диқаннан бастап, жас ұрпаққа білім мен тәрбиенің егіз дәнін егіп жүрген ұстаздар қауымының атқарған жұмысын көпшілікпен бөлісіп, жақсысын асырып, жаманын жасырып, жақсыны үлгі ете өрнектейтін газет-журналдардың маңызы айрықшы.
Осыдан бір ғасырдан бұрын айтылған «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсыновтың сөзі әлі күнге өз маңызын жойған жоқ. Ақпараттық қоғам атой салып, ғаламтор өрмегі жан-жағымыздан шырмап жатса да газет-журналдың орны бір бөлек. Қанша жерден онлайнға өттік, электронды нұсқаны оқи саламыз десек те, әрбір әрпі тайға таңба басқандай тізілген қағазды қолға ұстап оқудың өзіндік рақаты көпшілікке белгілі. Әсіресе, ауылдағы ағайын мен көру қабілеті күннен-күнге солғын тарта бастаған үлкен кісілер үшін смартфон мен компьютерге үңіліп оқу аса қолайсыз. Газет-журналдың әрбір бетін парақтап шығып, суретіне көз салып, назар аударар тұстарына ерекше тоқталып өтудің де оқырманға сыйлар ғажап сезімі бар емес пе?!
Еліміздегі түрлі баспасөз беттерінде мақала жариялай жүріп, осыдан бір жыл уақыт бұрын, журналистер күні мерекесіне орай, Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне өттім. Бұл – менің шығармашылық жолдағы жаңа баспалдағым. Жазуға деген құштарлығымды оятып, тұсауымды кескен сүйікті басылымым «Қармақшы таңына» шексіз алғысымды білдіре отырып, барша журналистер қауымын мерекесімен құттықтаймын! Шабыттарыңыз шарықтап, шығармашылық жолда қаламдарыңыз мұқалмай, сүбелі сөз, көрікті ойларыңыз сарқылмай, билік пен халыққа «алтын көпір» болып, нағыз кәсіби маман ретінде таныла беріңіздер.
Лаура БАҚТЫБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі