Газеттің тірегі – оқырман
Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері де көп. Қазір айтылған ақпарат көзді ашып-жұмғанша сол мезеттеақ ғаламтор, түрлі сайт пен әлеуметтік желі арқылы әлемге тарап жатады.
Газет оқу мәдениеті – қашанда талғамы жоғары оқырманның талабы. Шынайы ақпарат, байыпты сараптама, таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық – осы. Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі ісін, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын газет бетінен табуға болады.
Аудан жұртшылығы қоғам тынысын, күнделікті ақпаратты әлі де ғаламтордан емес, газеттер арқылы оқып-біліп отыр. Соның бірі – Гүлзира Әбенова. Ол ұзақ жыл медицина саласында еңбек етіп, қазірде зейнеткерлік демалыста. Еңбек жолын аймақтық медбике болудан бастаған кейіпкеріміз 2004 жылы рентген бөлімінде жұмысын жалғастырады.
– Қызмет бабында әртүрлі оқиғалар орын алды. Соның бірінде Орынбордан келген бір науқаспен таныстық. Ұлты башқұрт екен. Әріптестер «Гүлзира, сенің туысыңды таптық» дегені бар. Себебі анам башқұрт болатын. Бізде біраз ем алып, еліне жіберу үшін мені сол кісімен қоса ертіп жіберді. Онда әлгі қартаң кісінің бала-шағасымен қуана қауышқанын көрдім. 6 рет инсульт алған жанның жақындары аман-есен елге алып келгеніңе, жақсы жұмыс жасағаныңа деп алғыстарын үйіп-төкті. Етене араласып кеттік. Әлі күнге дейін сол жандармен байланысып тұрамыз. Жақында бір кісі келіп «сіз емханада жұмыс істеген жоқсыз ба?» деп сұрайды. «Біздің аймақты қараушы едіңіз» деп. Әлі күнге дейін ұмытпағанына таңырқап, көз жасыма ерік беріп, жылап қалдым, – дейді ол.
Медицинада 40 жылға жуық еңбек еткен Гүлзира апайдың марапаты бір қабырғаны алады. Бірнеше рет облыстық денсаулық сақтау басқармасы, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Кейіпкеріміздің жүрісі ширақ, іске мығым екені көрініп тұр. Олай деуімізге себеп – 2004 жылдан бастап жеңіл атлетикамен айналысып, 17 дүркін облыстың чемпионы атанған. Әр затқа ұқыпты қарайтыны көрініп-ақ тұр. Тіпті оқыған газеттерінің әр нөмірін тақадай етіп тізбектеп жинап қойған. Қарап қызығасыз.
– Газет – уақыттың талай сынынан халықпен бірге өтіп келе жатқан басылым. Бүгінгі буын журналистердің мақсаты – ғасырлық тарихы бар газет шежіресін одан әрі де қалың оқырманға жанашыр, жақсылыққа жаршы қалпында жалғастыру. Төл газет төрімнен түспейді. Ауданның бар жаңалығын осы газеттен біліп отырамын. Мезгілімен жетпесе көңілім түсіп, бар жаңалықтан құр қалдым деп өкпелеп те аламын. Құлақ кескендей күй кешемін, – дейді Гүлзира Әбенова.
Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне орай газет оқырманымен құнды екенін тағы бір рет қаперге алып, оқырмандарымызға да орын беруді дұрыс көрдік. Себебі газетке жазылып, тұрақты оқырман болу да сол басылымды өміршең етеді. Олай болса құрметті оқырман, ауданның төл басылымы төріңізден түспей, өңір жаңалықтарынан әрдайым хабардар болып отыру үшін газетке жазылыңыз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ