ҚАЛАМНАН КИЕ, СӨЗДЕН ҚАСИЕТ КЕТПЕСІН
Елімізде жылына екі мезгіл баспасөзге жазылу науқаны қарқынды жүргізіледі. Жеке оқырмандармен қоса, еңбек ұжымдары да бұл уақытты тиімді пайдаланады. Олардың қатарында бүлдіршіндердің шат күлкісін бақытқа балаған балабақша ұйымдары да бар. Атап айтар болсақ, Жосалы кенті орталығындағы Марина Маханова басшылық ететін №21 «Тоғжан» бөбекжай- бақшасы аудан айнасы – «Қармақшы таңы» газетінің тұрақты оқырманы. Мекеме осы жылдың екінші жартыжылдығына жазылу бойынша да белсенділік көрсетіп, басқа әріптестеріне үлгі болуда.
Бөбекжай 2009 жылдан жұмыс істей бастаған. 60-тан аса қызметкер еңбек ететін ұжымда 32 санатты педагогикалық қызметкер жұмыс істейді. Мұнда ата-анамен жұмыстар жүргізу процесі жүйелі жолға қойылған. Жиын, іс-шаралар жаңа форматта өткізіледі. Әрбір маусым сайын балабақшаның тәрбиелеу мен оқыту сапасын арттыруда ата-аналар арасында сауалнама жүргізіліп, «Ашық есік күні» өткізіледі. «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» бағдар еткен балабақшада отбасындағы сабақтастық пен ынтымақты нығайтуда «Әжелер мектебі», «Әкелер мектебі», «Жас аналар мектебі» құрылған. Баланы психологиялық тұрғыдан дайындау, сатылы дамыту барысы мен ата-анаға психологиялық көмек көрсету жұмыстары жолға қойылған.
Балабақшаның жетістіктері ауыз толтырып айтуға жатады. «Шебер әке, өнерлі әке, еңбекқор бала» атты республикалық байқаудың аудандық кезеңінде І орынды жеңіп алып, Феруза Тыныштыққызы мадақтамаға ие болса, «Балақайларға қаржылық сауаттылық туралы» облыстық байқауының аудандық кезеңінде Гүлжазира Жесіғұлова Алғыс хатпен марапатталған. «Ханталапай» ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға арналған байқауында Гүлмира Саукенова бас жүлдегер атанса, облыстық кезеңінде ІІ орыннан көрініп, аудан мерейін көтерді. Жетістіктерді әрі қарай да тізбектеуге болар еді, десе де ұжымдағылар табысты еңбек етудің астарында ізденіс пен рухани байлықтың ерекше орын алатынын баса айтады.
– Қазіргі заман тәрбие мен оқуды бірінші орынға қояды. Онсыз адам баласының асуларды бағындыруы мүмкін емес. Оқусыз, білімсіз күнің жоқ деген ұлағатты ұғым ешбір мәнін жоймақ емес. Кітап, газет оқу – ұжымның ізденісіне үлесін қосып келеді. Оның ішінде жергілікті «Қармақшы таңы» газеті ұзақ жылдан бергі рухани серігіміз. Екінші жартыжылдық бойынша айтулы басылымға ұжым болып 50 данаға ұйымшылдықпен жазылып отырмыз. Жырмен құт қонған, бақ дарыған киелі өңірдің жаңалықтары, ондағы оңды өзгерістерді газет бетінен оқып, білудеміз. Мен өзім жыршы-шежіреші Мақан Берлібекұлының немересімін. Жалпы жаным руханиятқа жақын. Газеттің әлеужеліден артықшылығы тексерілген, електен өткен дүниелер ғана жарияланады. Заманында Алаш арыстары халықты жаңашылдыққа, тілге, ділге үндегені қоғамға қозғау салды. Өмірлері қыл үстінде тұрса да болашақ ұрпағы үшін басын бәйгеге тікті, газет-журналдар шығарып, елді ортақ мүддеге үндеген болатын. Мейлінше газеттің маңыздылығы бүгінгі күні артпаса, кеміген емес. Басылым сөзі тасқа қашалып жазылған тарих деп білемін. Білім саласында қызмет ететін болған соң, біздер осы саладағы жаңалықтарды қалт жібермей оқимыз. Тәжірибе алмасу, бір-біріміздің жетістігімізді бөлісу газет арқылы да жүріп жатады. Қорыта айтқанда, біздер қашанда аудан айнасының жанашыры болып қаламыз. Себебі біздің балабақша төл басылымның тұрақты оқырманы. Сөз ретінде БАҚ өкілдерін төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қаламнан кие, сөзден қасиет кетпесін, – дейді балабақша меңгерушісі Марина Нұрдәулетқызы.
Сәрсенкүл АҚКІСІ