ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕКПЕН – АБЫРОЙ ТӨРІНЕ
Айналамызда тіршіліктің бойына қан жүгіріп, адамдар тынбай еңбек етіп жатады. Олардың әрқайсысының қоғамда көтерер өз жүгі, жауапкершілігі бар. Бірақ осы еңбек етіп жатқандардың арасынан мемлекеттік қызметшілердің орны бір төбе десек, артық болмас. Олар азаматтардың мүдделерін бәрінен жоғары қояды. Мемлекет деңгейінде берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындауда да алдыңғы қатарда жүреді. Мемлекеттің міндеттері мен қызметін іске асырып жүрген жанның бірі – Қуаңдария ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Фарида Садақбаева.
Ол 1968 жылы Ленин ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Жаңақала кеңшарындағы №185 орта мектепте білім алған. Одан соң Қызылорда совхоз-техникумының «Ауылшаруашылық өндірісінің бухгалтерлік есеп бөліміне» оқуға түсіп, оны 1987 жылы бітіріп шығады. Жоғары білім алу мақсатында 2004-2007 жылдар аралығында Қызылорда инженерлікэкономикалық институтынан «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бакалавриат біліктілігімен тәмамдайды.
Ф.Үмбетиярқызы 1987 жылы Алдашбай ахун ауылында бухгалтер болып қызмет атқарса, 1989 жылы Ленин ауылдық кеңесі атқару комитеті хатшысының міндетін атқарушы, Қуаңдария ауылында есеп бөлімінің бухгалтері болып істейді. 1992 жылы «Нұрбол» кіші кәсіпорынында есеп-қисап маманы болса, осы жылдан 1998 жылға дейін Қуаңдария өндірістік коопертивінің есепшісі, 2002 жылдан 2010 жылға дейін жетекші маман қызметін атқарады. Ал 2010 жылдан бастап қазірге дейін Қуаңдария ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет етіп келеді.
– Салада келе жатқаныма біраз уақыт болды. Тәжірибе жинадық. Қызметтік жолдан өттік. Есепшілік жүрек қалауымен таңдаған мамандығым. Жас кезден есепке жүйрік болдым. Жалпы мемлекеттік қызметші халыққа адал қызмет етуі тиіс. Себебі ол – мемлекеттің айнасы. Мемлекеттің саясатын жүргізуші маман. Өзіне жүктелген тапсырмаларға жауапкершілікпен қарап, дер кезінде орындауы керек. Ауылымыз аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекен болғандықтан бастапқыда интернет желісінен қиындықтар болды. Аудан мен ауылдың ортасында жүрдік. Бухгалтерияның құжаттарын өткізу үшін апталап үй көрмейтінбіз. Қазір шүкір, ауылға ғаламтор жүйесі тартылып, жұмысымыз қалыпты жүруде. Ол қиыншылықты да артқа тастадық, – дейді білікті маман.
Фарида Садақбаева әріптестеріне өнеге, ұжымға сыйлы жан. Өзінен кейінгі буынның үлгі тұтар үлкені.
– Апайымыз мемлекеттік салада ұзақ жылдан бері абыроймен жемісті жұмыс істеп келе жатқан мемлекеттік қызметші. Жұмысына жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайды. Алдымызда үлгі болып келе жатқан апайымыз ұжымның құрметтісі. Артық сөзі жоқ, істің адамы. Тек қана жақсы жағынан айта аламын. Білгенін жастарға үйретіп, оларға бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Екі кезеңде де жұмыс жасаған өз ісінің шебері, – дейді ауыл әкімі Ардақ Басқынбайұлы әріптесі жайлы пікірін білдіріп.
Фарида әпкеміз отбасында жары Болат Бисембаевпен бірге 3 бала тәрбиелеп, олардан немерелер сүйіп отырған ұлағатты ана, асыл әже.
– Мен үшін нағыз байлық – айналаңдағы шынайы адамдардың болуы. Өзіңді қолдайтын, құрметтейтін, жақсылығыңа қуана білетін жандардың жүруі ең үлкен бақыт деп олаймын. Біздің ауылымыз берекесі тасыған жер. Оған адал қызмет ету әркез борышымыз болып қала бермек, – дейді ол сөзін түйіндеп.
Сәрсенкүл АҚКІСІ