ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН САҚТАҒАН АРУ
Бала күнімізде, дәлірек айтқанда, оқушы кезімізде қыздар тәртібіне қарайтын Сәрсенкүл, Райхан атты апайларымыз болды. Екеуі де жаңылмасақ, майор шенінде болды ғой деймін. Екі апамыз да сұсты, сесті болатын. Қабақпен-ақ анау-мынау тәртіпке көнгісі келмейтіндерді ықтырып жіберетін. Мектепке келе жатыр дегенді естігенімізде бірден жинақталып алатынымыз есімде. Сонда олар дауыс көтеріп те сөйлемейді, бірақ сыртқы келбеті суық көрінетін. Бұл ол кісілердің бір жағынан қызметі әрі міндеті болса, екінші жағынан мамандықтың өзі де осыны талап ететінін жас та болса біз жақсы сезінетінбіз. Бүгінде сол әпкелеріміздің орнын көптеген сіңлілері басқан. Погондағы бұрымдылардың қатары да көбейіп, уақыт талабына сай құрылымда да өзгерістер орын алған.
Ішкі істер саласында қызмет етіп, аға буынның орнын абыроймен басып жүрген қыздарымыз аз емес. Олардың қатарынан аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Отбасы-тұмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Айнұр Қасымованы мақтанышпен атай аламыз.
Ол №250 мектептің түлегі. 19992002 жылдары Алматы заң колледжін «Заңгер» мамандығы бойынша қызыл дипломға аяқтаса, одан соң Астанадағы Заң академиясынан жоғары білім алған.
Саладағы еңбек жолы әскери қызметпен басталса, 2015 жылы аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болумен жалғасады. 2021 жылға дейін осы қызметті атқарып келсе, мұнан кейін Әйелдерді зорлықзомбылықтан қорғау тобының инспекторы ретінде еңбек еткен. Ал осы жылдың ақпанынан бері аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Отбасы тұмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы болып қызметі өскен. Айта кетейік, жақында Айнұр Шакзадақызы «полиция майоры» шенін алып отыр.
– Бұған дейін 0-100 жас аралығында тек әйел, қыз балалармен жұмыс жасасақ, қазір елімізде отбасы қылмыстары резонансты болуына байланысты, тобымыздың аты өзгеріп, жалпы отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобы деп аталды. Әйел, қыз баласы деп бөліп-жармай, жалпы қызметімізге бүкіл отбасы мүшелері кіреді. Оның ішінде ер де, әйел де, бала да, жас та, кәрі де қамтылады. Біздің жұмысымызға негізінен қылмысты болдырмау, жолын кесу, алдын алу іс-шарасы жатады. Яғни қоғамдағы келеңсіз істердің алдын алу, құқықтық кеңестер беру, профилактикалық есепте тұрғандарды учаскелік, ювеналды полиция тобының инспекторларымен бірлесе, мекенжайы бойынша тексеріп, түсіндірме жүргіземіз. Әлеуметтік жағдайын көріп, жұмысқа орналастыруға тиісті мекемелерге ұсыныс береміз. Көпбалалы отбасы балалары болса, мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылуына жағдай жасаймыз. Аудандағы «Отбасын қолдау орталығы», білім бөлімі, прокуратура қызметкерлерімен, әлеуметтік психологтармен мекенжай аралау жұмыстарын жүргіземіз. ҚР Қылмыстық кодексінің 108, 109-баптарына енгізілген өзгерістер бойынша түсіндірулер жасаймыз. Отбасылық жанжалда ұрып-соққаны немесе дене жарақатын салғаны үшін қылмыстық іс қозғалатыны, қылмыстық іске тіркелетіні ескертіледі. Мұндай маңызды ақпараттар әлеуметтік желі парақшасында да салынады. Қазір бұл баптар қатаңдатылған. 2-8 жыл аралығында бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылады немесе 20-50 тәулікке қамалады, – дейді тәртіп сақшысы.
Мамандықты жаңылмай таңдау да шеберлік. Десе де, Айнұр полиция қызметкері болуды бала кезінен-ақ қалапты.
– Бала қиялы шексіз ғой. Кішкентайымда атамның суреті төрде ілініп тұратын. Онда атам формада түскен және басында фурашкасы бар. 4-сыныпта оқимын, сонда мен атамды әскери қызметкер деп ойлайды екенмін. Есейе келе түсіндім, атам орманшы екен. Атақты орманшы болған Қасым Ахметов менің атам. Сол ақ-қара түсті сурет болашағыма бағыт сілтеп, мамандық таңдауыма әсер етті, – дейді ол.
Полиция қызметі – жауапкершілігі зор сала. Табиғаты нәзік әйел заты үшін тіпті оңай емес. Оны таңдауға әрине жүрек керек. Ондай қасиет майордың бойынан табылғандай. Ол сөз арасында «Үй шаруасы мен қызметімді бірге алып келемін. Отбасында жолдасыммен 3 бала тәрбиелеп өсіріп отырмыз. Халықтың тыныштығын сақтаудағы жұмысымыз жеңіл деуге келмес. Түрлі жағдайлар болады. Сондай кезде қолдау білдіріп отыратын отбасыма алғысым шексіз. Бәріне түсінікпен қарайтын жолдасыма, үйге шаршап келгенде алдыма шай-тамағымды дайындап қоятын ақылды қыздарыма, көмек қолын созудан тартынып қалмайтын ата-анамыз бен бауырларға рақметімді айтамын. Жұмыс бабына келер болсам, бөлім бастығының бірінші орынбасары болып қызмет еткен Бағдат Ақтаевқа, әріптесім әрі құрбым, полиция майоры Гүлмира Исмаиловаға, полиция подполковнигі Ерлан Назарқұловқа да ақ көңілден ризалығымды білдіремін. Сонымен қатар барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын» дейді ол жылы лебізде.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА