» » ҚҰНДЫЛЫҚ ӘЛЕМІНДЕГІ ҮЗДІК ҚЫЗМЕТКЕР

ҚҰНДЫЛЫҚ ӘЛЕМІНДЕГІ ҮЗДІК ҚЫЗМЕТКЕР

«Әркім жұмақты әртүрлі елестетеді, маған ол әу бастан кітапхана бейнесінде елестейді» дейді жазушы Борхес. Шынында да, кітапхананың адам ғана емес, тұтас адамзаттың өркениетті қоғамға қадам басуындағы рөлі орасан. Кітапхана – ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы.
Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Осындай абыройлы мамандық иесі, өзі ісін шексіз жақсы көретін білікті маман ІІІ Интернационал ауылдық кітапханасының кітапханашысы Рима Тұрманова аудан, облыс абыройын асқақтатты. Нақтырақ тоқталсақ.
Жыл сайын Астана қаласында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Рухани қазына» фестивалі өтеді. Бұл фестиваль еліміздің мәдениет саласы қызметкерлерінің шығармашылық жетістіктерін кеңінен насихаттау, сала ардагерлері мен жас мамандарды ынталандыру, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуды нығайту мақсатында ұйымдастырылып келеді. Биыл сегізінші рет өткізілген байқауға еліміздің барлық өңірінен 168 өтінім қабылданып, түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталған. Биылғы «Рухани қазына – 2025» республикалық фестивалінде «Ауылдық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері» номинациясын ІІІ Интернационал ауылдық кітапханасының кітапханашысы Рима Қалдыбекқызы жеңіп алды.
Рима Тұрманова 38 жылдық кітапханашылық өмірінде апта сайын сүйікті оқырмандарымен түрлі кездесу мен іс-шара өткізбесе көңілі көншімейді. Қазақ, орыс, түрік тілінде еркін сөйлесе, ағылшын мен кәріс тілінен де сауаты бар. Өмірде де, әлеуметтік желіде де белсенді кітапханашыға «Кітапхана саласының үздігі», Цай Ден Хак атындағы мерекелік төсбелгі, ауыл, аудан, облыс әкімдерінің марапаты – қоғамдық жұмысқа қосқан елеулі еңбегіне берілген баға. Енді марапаттар қоржыны республикалық марапатпен толықты.
Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеп, олардың қызығушылығын арттырып, талғамына, таңдауына, қажетті тақырыптарын тауып беруге, әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген көзқарасын оятуда елеулі үлес қосып жүрген Рима Қалдыбекқызы бұл марапатқа әбден лайық.
Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Осындай жауапкершілігі жоғары жүкті арқалаған Рима Қалдыбекқызы секілді білікті мамандар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Жас ұрпақтың бетін кітапқа бұрып, ықыласын кітапханаға аударатын іс-шаралар ұйымдастырып, сондай-ақ инабатты да еңбекқор, табиғатынан зиялы, мамандығына адалдық танытатын осындай кітапханашылардың игілікті істері қоғамға әрдайым қажет.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
25 мамыр 2025 ж. 240 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (10406)

24 мамыр 2025 ж.

№37 (10405)

20 мамыр 2025 ж.

№36 (10404)

17 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 807
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031