БОЛАШАҚҚА ЖОЛ КӨРСЕТЕР ШАМШЫРАҚ
18 мамырда бүкіл әлемде Халықаралық музей күні аталып өтеді. Бұл күн – адамзат өркениетінің өткені мен бүгінін байланыстыратын, ұлттың мәдени, тарихи және рухани мұрасын сақтау ісіне үлес қосып жүрген музейдің қоғамдағы маңызын дәріптейтін ерекше мереке.
Бүгінгі таңда музейлердің рөлі тек тарихи жәдігерлерді көрсету ғана емес, сонымен қатар ағартушылық, ғылыми және мәдени қызметтерді де қамтиды. Осы орайда музейлерде түрлі көрме, шеберлік сабақтары, интерактивті бағдарлама мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылып тұрады. Бұл іс-шаралар жастарды мәдениетке тартуға, тарихи сана мен отансүйгіштік рухты қалыптастыруға бағытталуда.
Айтулы мерекеге орай аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Музей – тарих қоймасы, өмір айнасы» тақырыбында тағылымдық ісшара өтті. Салтанатты шараның шымылдығын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков пен ауданның Құрметті азаматы, жергілікті өлкетанушы Шегебай Құндақбайұлы ашып, кеш қонақтарына ризашылығын білдірді.
Аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының құрылғанына биыл 10 жыл толмақ. Осы орайда жыл басында мектеп оқушылары арасында жас ұрпақтың тарихи танымын тереңдетуге бағытталған «Тарихын білген – тұлға болар» тақырыбында байқау жарияланған болатын. Мереке қарсаңында байқау мәресіне жетіп, қорытындыланды. Ұлт тарихын ұлықтауға белсене қатысқан оқушылар арнайы Қызылорда облыстық тарихиөлкетану музейінің директоры С.Көзейбаевтың және аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Абдазиеваның арнайы дипломдары мен түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Музей залының қақ ортасында қазақша киіз үй орналасқан. Мереке күні мұнда қазақы дастарқан жайылып, келген қонақтарға дәм ұсынылды. Мұнан соң мерекелік кеш музей залындағы өлке тарихына қатысты сахналық қойылымға жалғасты. Келесі кезекте музей қорындағы ХХ ғасырдың озық технологиясы негізінде «Өткен күндердің заманауи жаңалығы» тақырыбында алғаш қолданыста болған тұрмыстық заттардан жасалған тақырыптық көрме, «80 жылдыққа – 80 экспонат» музейге сый акциясы аясында өткізілген экспонаттар көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар музей суретшісінің қатысуымен шеберлік сағаты өткізілді.
Кештің келесі бөлімі танымдық форматқа ауысты. Онда келушілер викториналық сұрақтар арқылы білімдерін сынап, музей мен ұлттық мұраға қатысты қызықты деректермен танысып, музей кеңістігіндегі өтетін квест ойынын тамашалады. Кеш соңы «Музей түніне» жалғасты. Мұнда келуші қонақтар тарихи жәдігерлермен танысып, өлкеміз туралы кеңінен ақпарат алды.
Қорыта айтқанда, музей – өткеннің ізімен болашаққа жол көрсететін шамшырақ. Оның маңызын түсіну – тарих пен мәдениетке деген құрметтің белгісі. Сондықтан музейлерге деген ықыласты арттырып, келешек ұрпаққа асыл мұрамызды сақтап жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ