Дара жол

ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ҚАНДЫ ҚЫРҒЫН РЕТІНДЕ АДАМЗАТ ТАРИХЫНДА ӨШПЕСТЕЙ БОЛЫП ЖАЗЫЛДЫ. ӘР ШАҢЫРАҚТА МАЙДАНҒА АТТАНБАҒАН ЖАН ЖОҚ. БІРІ ОТ ОРАНҒАН ДАЛАДА ҚАЛСА, БІРІ АЖАЛДАН АМАН ҚАЛЫП, ЕЛГЕ ҚАЙТА ОРАЛДЫ. ТАЛАЙ ҚАЗАҚ АЗАМАТЫ ҚЫРҒЫННЫҢ БЕЛ ОРТАСЫНДА БОЛЫП, ЕРЛІКТІҢ ҮЛГІСІН КӨРСЕТТІ. СОНДАЙ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРІНІҢ БІРІ – ӘКЕМ МҰХАМЕДЖАН ҚАРАҚҰЛҰЛЫ.
Ол 1922 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. 1942 жылы 25 сәуірде Қызыл әскер қатарына шақырылып, 6 ай оқып, сержант атағын алған. 1943 жылы желтоқсанда Душанбе қаласында әскерге алынған жауынгерлермен бірге соғысқа аттанған. 66-Полтава гвардиялық дивизиясының 145-гвардиялық полкінің құрамында гвардия сержанты болып жаумен соғысқан.
1944 жылы Львов қаласын жаудан азат етуде ауыр жараланып, госпитальға түскен және осы соғыстағы ерлігі үшін 16-қыркүйекте ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. 1946 жылы соғыстан елге Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі мүгедегі болып оралғанына қарамастан ауылымыздың ауыл шаруашылығын өркендету жолында түрлі жұмыс жасап, өзінің еңбекқорлығы, жауапкершілігі, ұқыптылығымен елге сыйлы болып, «Коммунистік еңбек екпіндісі» атағын алған жан.
Соғыстан оралған соң бұрынғы Энгельс колхозының қызы, анам Қарлығамен отау құрып, Жұмабек, Асылбек, Ақылбек, Марат, Мұрат, Аманжол атты ұлдары мен Роза, Рабиға, Райса атты қыздарын дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, өз бойындағы жақсы қасиеттерін балаларына бере білген.
Анам 1938 жылы өмірге келген. Қуаңдария ауылының қызы. Орта мектепті бітіргесін тұрмысқа шыққан. Жосалы ауылында бастапқы кезде құрылыста, кейінірек пошташы болып жұмыс істейді. Осы жерден зейнетке шыққан. «Алтын алқа» иегері, тыл ардагері.
Әкеміз аудан орталығындағы мехзауытта еңбек етті. 1968 жылы Жосалы кеңшарына көшіп келіп, су таситын көлікпен ауылға Октябрь кеңшарынан су тасыған. 1978 жылы зейнетке шығып, ауылда бақша екті. Жеңістің 10, 20, 30, 40, 50, 60 жылдығы қарсаңында мерекелік медальдармен марапатталған. Ұлы Отан соғысының 40 жылдығы мерекесінде І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін иеленді. Соғыста алған ауыр жарақаттың салдарынан 1987 жылы қайтыс болды. Әкемнің ұлы ерлігі біз – балалары, немере, шөберелері үшін үлкен мақтаныш.
Ата-анадан өрбіген балалары қазіргі уақытта ұлы – ұяда, қызы – қияда, бір-бір шаңырақтың ата-әжелері болып өсіп-өніп отыр. Қарашаңырақтың иесі болып, жарым Светамен бірге осы ауылда бақытты өмір сүріп жатырмыз. Баламыз Құдайберген келініміз Балдаймен Қырмызы, Жания, Али-Мансур атты немерелер сүйгізіп, бізді ата-әже бақытына бөлеуде.
Отбасымыздың береке-бірлігі, ауызбіршілігі мен сыйластығы жұртшылықтың назарынан тыс қалмады. Аудандық «Қармақшы таңы» газетінің 2019 жылы 24-қыркүйектегі санында «Шаттығы жарасқан шаңырақ» тақырыбында журналист Гүлжанат Әмірқызының мақаласы жарық көрді. Осы мақалада «Біздің жақсылығымызды асырып, жаманымызды жасыратын анамыз. Көп ағайындымыз. Әке-шешеміздің 27 немере, 28 шөбересі бар. Енемнің баласы немесе келіні жайлы кері пікір айтқанын естігенім жоқ. Соны көріп отырған біз де әңгіме-сөзден аулақпыз. Жақсы сөз бен пікір айтуға дағдыландық. Мүмкін ісіміздің оңға басатыны ешкімнің мінін айтып, жіпке тізбегеніміз болар. Бақытты отбасының құпиясы – бірлік пен біртұтастықта. Кішкентай қуанышты бөлісіп, қиналса жәрдемдесіп, жиі жолығысып тұру – бауырмалдық қасиетті арттырмаса, кемітпейді. Оны дәріптеп отыратын әрбір үйдегі осындай қазыналы қарттарымыз» деп анам туралы келінінің айтқан сөзі келтірілген екен.
Шындығында да әрбір отбасының ұстанымы болады. Біз «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алуға емес, ақырын жүріп, анық басуға» тәрбиелендік. Отбасының бірлігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса деп тілейміз. Ауылымыздың 60 жылдық мерейтойы барша ауылдастарға құтты болсын!
Мұрат МҰХАМЕДЖАНҰЛЫ
11 мамыр 2025 ж. 277 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10403)

13 мамыр 2025 ж.

№34 (10402)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 747
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031