» » Ағаның ақ батасы: «МЕНЕН КЕТТІ, САҒАН ЖЕТТІ»

Ағаның ақ батасы: «МЕНЕН КЕТТІ, САҒАН ЖЕТТІ»

Жексенбіде Тұрмағамбет ауылының Қ.Бүрлібаев атындағы ауылдық клуб үйінде Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаевтың келіні, ақын Уасила Даулетбайқызының «Жүректегі әуендер» атты шығармашылық кеші өтті. Сыр елінің рухани мұрасын ардақтаған ақын әпкеміздің кешіне ардагерлер, арнайы шақырылған қонақтар, зиялы қауым өкілдері, жастар, кеш иесінің туыстары мен сыныптастары және ауыл тұрғындары қатысты.
Иісі Алашқа жүз жырау, шайырымен белгілі болған киелі мекенде аталған кештің өтуінің өз мәнмағынасы бар. Туған жерден түлеп ұшқан қарлығаш, Алматыдан ауылға келіп, жай келмей қазақ әдебиетінің, оның ішінде қазақ поэзиясының алтын қорына рухани қазынасын сүйіншілей келген. Ақынның «Жүректегі әуендер» атты алғашқы жыр жинағының тұсауы да осы кездесуде кесіліп, қалың оқырманына жол тартты.
У.Даулетбайқызы Тұрмағамбет ауылында 1963 жылы дүниеге келген. Осындағы Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектептің түлегі. Алматы Халықаралық шаруашылық институтының «Экономика» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолында Алматы, Қарағанды, Қызылорда қалаларында салық органдарында абыройлы қызмет еткен.
Тұсаукесердің алғашқы сөзін алған ауыл әкімі Сабырхан Зайыров туған жер түлегін қуанышты хабарымен құттықтап, әрмен қарайда қаламына тың тақырыптар мен шабыт тіледі. Ықыласы ретінде ауыл әкімінің құрмет гүлін табыс етті.
– Құрметті кешке қатысушылар, баршаңызды У.Даулетбайқызының қуанышты сәтімен құттықтаймын. Туған жеріміздің тумасы қаржы саласының білікті маманы ғана емес, ақын апаларымыздың көшін жалғаған, Сыр сүлейлерінің ізін жалғастырушы. Сондай-ақ осы киелі мекендегі жас өрендердің үлгі алып жүрген әпке-анасы. Бүгінгі тұсауын кесіп отырған кітап мағыналы ойларымен, маржан сөздерімен оқырман жүрегін баурайды деген сенімдеміз, – деді ол ауыл тұрғындары атынан ақ тілегін білдіріп.
Мұнан соң сөз кезегін алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Дәулет ақын қыздың текті әулеттен шыққанын, қазаққа белгілі есім, Сыр сүлейлерінің заңды өкілі, ақын-шежіреші Запа Дәулетбаевтың туған қарындасы екенін тілге тиек етсе, ақынның жары, өмірде де, өнерде де қолдаушысы, жанашыры болып келе жатқан ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, генерал-майор Бағбан Тәйімбетов «Кешті өткізуде бірнеше ұсыныс болды. Астана, Алматы қалаларынан. Қазақстан Жазушылар одағы да өздерінде өткізуге ой білдірген-ді. Дегенмен, адамның кіндік қаны тамған жерінен ыстық жер жоқ қой деп, елдің ортасында ауылға жасамаққа келдік» деп, кешті ұйымдастырушы ауыл әкімшілігіне, жиналған барша қауымға алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
Кештің негізгі бөлімінде ауыл ақсақалдары Тоғанас Сарыбаев, Ұлықпан Шайхиев, ақын Үрліхан Өндібаева, Зарипа Тасымова, филология ғылымдарының кандидаты Ерхан Кәрібозов, Алматыдан келген Берікбай Сариев, жыршыжырау Зәуре Кәрібаевалар кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, лентасын қиды.
Айта кетерлігі, іс-шарада елімізге белгілі ғалым, Сыр елінің тұғырлы тұлғасы Тұрмағамбет атамыздың мұраларын зерттеуші Ерхан Кәрібозұлы ақын-ананың Тұрекең жырларымен мазмұн, ой үндестігіне айрықша тоқталып, ғылыми негізде талдау жасады.
Рәсімде халықаралық, республикалық байқаулардың талай мәрте жүлдесін қанжығасына байлап жүрген өнерпаз, жыршытермешілер Әділхан Қуаңбаев пен Әлішер Мырзағалиев жырдан шашу шашса, мектеп оқушылары, Жиенбай, Тасберген жырау жыр мектептерінің (жетекшілері Дінислам Тоқсанбаев, Азамат Алматов) шәкірттері Жазира Бекжасарқызы, Еркеназ Аманқос, Фатима Мархабатова, Таңшолпан Берікболқызы, Мағжан Амангелдиев, Айару Нұрлыбек, Іңкәр Бижан, Қарақат Разақова, Мирамбек Алмабай, Диас Оңғар сүлейлер мақамсазымен жыр-термелер орындаса, Аружан Оразбек, Әміржан Бауыржан, Гүлім Райымбек кеш авторының өлеңдерін оқып, көрерменді рухани сусындатты. Одан бөлек, бишілер тобының «Сыр сұлуы» биіне де қошеметпен қол соғылды. Сондай-ақ кеште ақын қаламынан туған «Ауылға сағынышым», «Запа ағама», «Ауылым», «Анамыздың арманы», «Домбыра», «Ауылыма келгенде», тағы басқа өлеңдерді тыңдарман жылы жүрекпен қабылдады.
Кеш соңында Уасила Даулетбайқызы кешке қатысушыларға алғысын білдірді.
– Биыл Екінші дүниежүзілік соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Осы уақытта отбасымыз жыл сайын атаанамыздың рухына арнап Құран оқытамыз. Ойымда жүрген нәрсе еді – рамазан айында кітабым жарыққа шықты. Сөз ретінде жұбайым айтып кеткендей, кітаптың тұсаукесерін мереке қарсаңында ауылда жасасақ деп шешім қабылдадық. Қаншама Қазақстанның қалаларында қызмет бабымен жүрсек те, менің бар сағынышым, жүрегім тек ауыл деп соғатын. Міне, осы сағынышымды басайын, қуанышымды туған ауылымның халқымен бөлісейін деген ниетпен орталарыңызға келген жайымыз бар. Себебі, мен үшін ауылдан биік босаға жоқ. Қолпаштап, көтеріп жатқандарыңызға басымды иіп, алғысымды айтамын. Тұрмағамбет ауылы – жыраулар мен шайырлардың, ақындардың жері ғой. Ешнәрсе жайдан-жай болмайды демекші, мектеп бітіргенімізге 20 жыл толғанда ауылға келгенмін. Сонда «Туған жер» деген өлең жазып, жөндейтін жері болса айтып жіберерсіз деп, Запа ағама көрсеткенім бар еді. Сол кезде ағам «Ешқандай жөндейтін жері жоқ, менен кетті, саған жетті» деп батасын берген болатын. Содан беріде өлең менің сырлас досыма, рухани демеушіме айналды, – деді Уасила Даулетбайқызы кешке қатысушыларға алғысын білдіре келе.
Кеш соңында ақын-ана барлық өнерпазға сәттілік тілеп, қаржылай сыйлық табыстады.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
06 мамыр 2025 ж. 152 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (10400)

03 мамыр 2025 ж.

№31 (10399)

29 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 702
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031