» » ҰЛЫ ЕСІМІҢ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

ҰЛЫ ЕСІМІҢ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл. 1945 жылы фашизмді жеңіп, бейбітшіліктің қадірін түсіне білгенімізге де осынау жылдар өте шығыпты. Ең өкініштісі, соғыс еліміздің әрбір екінші отбасына өз зардабын тигізіп кетті.
Қан майданда хабарсыз кеткендер – соғысқа қатысып, бірақ кейіннен тағдыры белгісіз болып қалған адамдар. Олардың нақты қайтыс болғанболмағаны туралы ресми мәліметтер болмағандықтан, олар «хабарсыз кеткендер» санатына жатқызылған. Бұл жағдай көптеген отбасы үшін ұзақ жыл бойы үміт пен белгісіздік күйін туғызды. Дәл осы жағдай біздің де әулетті айналып өткен жоқ. Себебі менің атам Нұртай да соғысқа алынып хабарсыз кеткендердің қатарында.
Нақтырақ айтсам, Нұртай Темірбаев 1904 жылы Ақжар колхозында дүниеге келген. Сұм соғыстың нағыз қызған шағы 1943 жылдың қаңтарында Қармақшы аудандық әскери комиссариаты арқылы соғысқа алынып, майдан даласында атқыштар полкінде соғысқа кіріседі. Өкінішке орай осы жылдың қазан айында ұрыс даласында хабарсыз кетеді. Әрине бұл мәліметтер Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің іздестіру-зерттеу жұмыстары арқылы белгілі болып, есімі «Боздақтар» кітабына, аудан орталығындағы «Мәңгілік алау» мемориалдық тақтасында жазылды.
2000 жылдан бері Ресей, Беларусь, Украина және Қазақстанда еріктілер мен іздеуші отрядтар (мысалы «Поиск» қозғалысы) көмегімен қазбалар жүргізіліп, сарбаздардың сүйектері табылып, жеке мәліметтері анықталуда. Атамыздың артында Сардар, Сәруар, Айғали атты үш ұлы әкесіз жетімдіктің зардабын тартып қалған. Бүгінде осы ұлдарынан тараған ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде елге қызмет етіп жүр. Әкеге деген сағынышы перзенттерінің есінде сақтала бермек.
Отан үшін от кешіп,
Қанды майдан көргендер.
Елді қорғап ерлікпен,
Жеңіс сыйлап кеттіңдер.
Есімдерің – тарихта,
Ұрпақтарға аманат.
Мәңгі есте сақтаңдар
Болмасын енді жаманат!
Сағатбек ТЕМІРБАЕВ,
немересі
05 мамыр 2025 ж. 151 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10402)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (10400)

03 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 737
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031