» » ЖІГЕРЛІ ЖАСТАРМЕН ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

ЖІГЕРЛІ ЖАСТАРМЕН ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

Жастар – әрбір елдің басты байлығы. Себебі ел болашағы – бүгінгі жастың қолында. Сондықтан оларға үлкен үміт артылады. Бүгінде ауданымызда жастарды жан-жақты дамытуда біршама жұмыстар атқарылып, жастар саясаты, жастарды әлеуметтік-экономикалық жағынан қолдау шаралары өз шешімін тауып келеді.
Сәрсенбі күні «Руханият орталығында» аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен «Жастар – барлық өзгерістің бастауы» тақырыбында кездесу өтті. Оған ауданның рухани-әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген талантты жастар, жас ғалымдар, волонтерлер, жас мамандар, қоғамдық ұйым мүшелері, әр саланың белсенді жастары қатысты.
Аудан басшысы бірінші кезекте оқушылар үйі дайындаған роботехника көрмесімен танысып, аудандық Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебі шәкірттерінің көңіл толқытар күйін тамашалады.
Жиынды аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров жүргізіп отырды. Кездесу барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз алып, ауданымызда жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен өткен жылы «Руханият орталығы» бой көтеріп, аудандық Жастар ресурстық орталығы жаңа ғимаратқа көшірілді. Бұл – облыс әкімінің жастарға деген қолдауының айқын көрінісі. Жастардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал, Ақай ауылдарында дене-шынықтыру кешендері мен заманауи 5 спорт алаңы салынып, соңғы үш жылда 17 алаң пайдалануға берілді. 2025 жылы Жосалы, Төретам, ІІІ Интернационал ауылдарында 4 жаңа алаң салу жоспарлануда. 2024 жылы аудан спортшылары Қазақстан мен әлем чемпионаттарында 23 алтын, 14 күміс, 26 қола медаль жеңіп алды. Білім беру саласында да үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. 2023-2024 оқу жылында 15 218 оқушы білім алып, 686 түлектің 94,6%-ы ҰБТ-ға қатысып, ауданымыз облыста үздік нәтиже көрсетті. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 237 адам жоспарланып, 218 жас маман 101 мекемеде жұмыс істеді, 17 адам тұрақты жұмысқа орналасты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 55 маманға 20,3 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленіп, 62 маманға тұрғын үй алуға көмек берілді. 2024 жылы өңірлік кадрлық резервке 25 үміткер қабылданып, жерлесіміз Серікболсын Маденов Қармақшы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалды. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы аясында 6 жас маман алынып, 4-еуі басшылық лауазымдарға тағайындалды, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ ел ертеңіне айналар бүгінгі жастың патриот болуы қажет екенін алға тартты. Іс-шара барысында «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резерві аясында No186 мектеп директоры Ғалымжан Кәрібаев білім саласындағы реформалар мен жаңа бастамалар жөнінде ой бөліссе, ауданның мәдени өміріне белсене атсалысып жүрген Жыраулар үйінің үйірме жетекшісі, белгілі жырау Ақсұңқар Бүркітбай ұлттық өнердің маңызы туралы сөз сөйледі.
Білім мен ғылым жолында жетістіктерге жетіп жүрген Тәйімбет Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицейінің оқушысы, белсенді жас Ердәулет Орынбасар өзінің сиясы кеппеген туындысының алғашқы басылымын аудан әкіміне табыстады.
Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай белсенді жас, No108 мектептің химия пәнінің мұғалімі Гүлнәр Мұратқызы мерейтойдың маңызы мен ел бірлігіне қосқан үлесі жайында ой өрбітті.
Кездесуде қатысушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, аудан басшысымен еркін түрде пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ іс-шара барысында аудан әкімі ауданның даму жолында қандай мәселелер, алдағы уақытқа қандай идеялар бар екенін сұрап, жастардың ой-пікірлерін тыңдап, еркін тақырыпта әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, әркез аудан жастарының бастамаларын қолдауға дайын екендігін жеткізді. Одан соң еліміздегі жастарды қолдау бағытындағы бастамалар, ауданда жастар саясаты саласындағы жетістіктер мен алдағы міндеттерге тоқталды. Кездесу соңында аудан әкімі белсенді жастарды марапаттап, олардың жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.
Жастары белсенді елдің – ертеңі жарқын. Аудан басшысы қоғамның жас өкілдерін барлық салада атсалысып, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Кездесу соңында барлық қатысушы жастар аудан әкімімен естелік суретке түсті.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 сәуір 2025 ж. 242 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (10393)

08 сәуір 2025 ж.

№24 (10392)

05 сәуір 2025 ж.

№23 (10391)

01 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 590
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930