» » ОН ЕЛДІ АРАЛАҒАН АҚНҰР

ОН ЕЛДІ АРАЛАҒАН АҚНҰР

Қазақтың «қыдырып қайтайық» деген сөзінің аясы кең. Себебі соңғы уақытта ел азаматтарының саяхаттауға деген құмарлығын айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті кейбір жандар саяхаттау үшін ғана жаралғандай. Олар жаңа, қызықты оқиғаларды бастан кешуді жаны қалап тұрады. Ал кейбірі оны дүниетаным кеңейтудің жолы емес, тек демалыс деп қана ұғады. Қалай десек те, екі топтағы жандар да қаражаты мен күш-қуатын қыдыруға, ел тануға жұмсайды. Сондай жерлесіміздің бірі, белсенді жас – Ақнұр Серікбай.
Ақнұрдың жасы бүгінде 19-да. Десе де саяхатты өмір салтына енгізген сұлу 10 елді аралап үлгерген. Ол қалай дерсіз? Жерлесіміз мұның барлығы балалық арман мен шынайы қалаудың ұштасуы деп түсіндіреді. Саяхатшы сұлу ауданға қарасты Т.Көмекбаев ауылының тумасы. Алғашында туған ауылында мектеп табалдырығын аттаса, кейіннен аудан орталығындағы Т.Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицейде білімін жалғастырады. Ал тіл үйренуге деген қызығушылығы бастауыш сыныптан басталыпты.
– Жалпы тіл үйренуге 4-сыныптан бастап құмарттым. Ол уақытта ауылымда ғаламторға кіруге мүмкіндік болмады. Алайда аудан орталығына келгенде «ағылшын тілін қалай үйренуге болады?», «Ielts деген не?» деген сұрақтарымды жазып алып, осында ізденетінмін. No250 мектеп-лицейге келгенде «тіл үйреніп, шетел көрсем» деген мақсатым айқындала бастады. Мектеп жанындағы интернатта жатып, білім алдым. 2023 жылы мектепті бітіріп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «екі шет тілі» мамандығына оқуға түстім. Шетелге саяхат мен үшін бөлек әлем сияқты көрінетін, солай жоғары оқу орнындағы барлық мүмкіндікті қарай бастадым. Университетте академиялық ұтқырлық бар екенін естіп, бірден әрекет еттім. «Бұйырған кетпейді» демекші, барлығы жеңіл өтіп, Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкеевич университетінің алмасу студенті атандым. Еуропаға алғаш аяқ басқанда ерекше сезімде болып, армандарымның орындалып жатқанын сезіндім, – дейді Ақнұр.
Еуропа елдері жерлесімізді ерекше архитектурасымен өзіне баурапты. Алмасып оқудың 5 айын тиімді пайдаланған Ақнұр осы уақытта 10 еуропа елін аралап үлгеріпті. Нақтырақ тоқталсақ, Польша, Германия, Испания, Португалия, Бельгия, Нидерланд, Париж, Греция, Мальта және Италия елдерінің тыныс-тіршілігімен танысқан.
– Әр елдің мәдениеті, жергілікті халқы, өзіндік ерекшелігі қатты ұнады. Шет елде өзіңді басқа қырыңнан таниды екенсіз. Тіпті әр елде жаңа бір Ақнұрды құрап келдім десем де болады. Маған ең қатты ұнаған жердің бірі – Португалиядағы Лиссабон қаласы. Ол мұхиттың көрінісін тамашалауға мүмкіндік берді. Атлант мұхиты армандар мен мақсаттардың орындалып және де одан биіктерге самғатып қанат бітірді. Жалпы саяхаттан алған түсініктеріме келсем. Біріншіден, әр саяхат ішіндегі тұлғаны қалыптастырады. Сондай-ақ адамдардың әдемілігін сезінеді екенсіз. Әр саяхат сайын Абай атамыздың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген сөзі есіме келеді. Сонымен қатар әр елдің саяси, экономикалық, инфраструктуралық құрылымын бақылап өз еліме осыны әкелсем ғой немесе Қазақстан да осындай болса деген көзқарастар қалыптасады. Жалпы айтқанда дүниетаным кеңейеді, – дейді саяхатшы бойжеткен.
Ел аралап, көкжиегі кеңейген Ақнұрдың болашаққа қойған мақсаты да айқын. Алдағы уақытта балалық арманына айналған Американы аралауды жоспарлап отыр. Осы орайда оның он елді еркін аралауына себеп болған бір дүние бар. Ол – ағылшын тілін еркін меңгергені. Замандастарына және өзінен кіші жастарға айтатыны да бір нәрсе. Ол – шет тілін ерте жастан меңгеру.
– Менің Еуропада саяхаттағаным, Польшада 5 ай білім алғаным барлығы тіл үйренгенімнің арқасы. Ағылшын тілін жетік білгеннен соң шет елдегі стрессті мүлде алмаппын. Қазіргі заман – ағылшын тілінің заманы дер едім. Тіл үйрену саяхаттауға жол ашып қана қоймай, жаңа достар табуға көмектеседі. Қазіргі таңда әр елден «erasmus» достарым бар және олардың басқаша көзқарастары өте қызық. Бүгінгі өскелең ұрпаққа білім алып, тіл үйреніңдер дегім келеді. Себебі қазір білімдіге мүмкіндіктер саны шексіз. Өзім де жастарға арналған мүмкіндікті пайдаланып, «Болашақ», «Work and travel», «Erasmus mundus» секілді бағдарламалардың барлығынан бағымды сынап көргім келеді. Бүгінгі жастарға әрдайым оқып, ізденіп, білімдерін арттыру керек. Тек өз ауылымыздан шықпасақ, әлемде осынша ғажайып барын біз қалай білеміз?! Өзіміз білмеген тұста туған жерімізді қалай дамыту жайлы ойлана аламыз?! Сондықтан барлық, үлкен мен кішіге бірдей кеңесім – барынша саяхаттау. Саяхат кезінде табиғаттың түрлі ғажайыптары кездеседі. Көк аспан, биік таулар, терең мұхиттар, ұшы-қиыры жоқ кең дала. Бұл мен үшін шексіздік пен еркіндік ұғымымен пара-пар түсінік, – дейді Ақнұр Серікбай.
Расында саяхат – көп мүмкіндік бастауы. Білім алумен қатар саяхатты өміріне серік еткен сұлу осы жетістігімен тоқтап қалмақ емес. Өзі секілді саяхатты ұнататын жандарға әлеуметтік желідегі парақшасында тегін кеңес беруден жалықпайды. Саяхатты серік етіп, сапалы өмір сүру сіздің де қолыңыздан келері анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

29 наурыз 2025 ж. 917 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (10391)

01 сәуір 2025 ж.

№22 (10390)

29 наурыз 2025 ж.

№21 (10389)

23 наурыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 560
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930