» » Суретшінің сырлы әлемі

Суретшінің сырлы әлемі

Өнер – өзгелерден ерекшелендіріп тұратын, екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Туа біткен тектілікпен қатар, өсе келе үйренетін өнер бар. «Жігітке жеті өнер аз» демекші, қазіргі уақыт жан-жақтылықты талап етеді. Барлық іске бейімің, әр нәрседен хабарың болса шетте қалмайсың. Баланың мейлінше бос уақытын тиімді пайдаланып, түрлі үйірмелерге берген жөн-ақ. Қабілетіне қарай бейімделіп, бірін жақсы меңгеріп шығатыны рас.
3 жасынан сурет салатын сондай дарынды баланың бірі – Айзере Ханжаббар. No250 мектеп-лицейдің 5-сыныбын бітірген оның жақсы суретші екенін бізге сыныптастары айтты. Ол бұған дейін сурет үйірмелеріне де, сурет байқауына да қатыспаған. Қолы қалт етсе, ақ қағаз бен қалам алып ойын суретке бейнелейді және оны ешкімге мақтанып көрсетпейді. Айзере Қармақшы ауылының тумасы. 4-сыныпты бітіргеннен кейін білімге құштар баласының аудан орталығындағы No250 мектеп-лицейде оқығанын қалаған анасы Гүлмира мектеп жатахханасына орналастырған. Сабаққа тыңғылықты дайындалатын, салмақты сұлу сыныптастарына сыйлы, ұқыптылығымен ұстаздарына ұнайды. Психологтар адамның салған суретіне қарап ойын, өмірге көзқарасын білуге болады дейді. Айзеренің бума-бума суреттерін тамашалай отырып адам бейнесін салуға құмар екенін аңғардық. Өзі жақсы көретін құрбыларының суретін айнытпай бейнелепті. Ата-әжесінің қолында, сүт пен айранға, ірімшік пен құртқа тойып өсіп келе жатқан Айзеренің енді бір суреттерінен кең дала, сарқыраған бұлақ, боямасыз ауыл, таза табиғат, төрт түлікті көресің. Айзере болашақта қос мамандықты меңгергісі келеді. Бірі – дизайнер, екіншісі – ағылшын тілінің мұғалімі.
– Сурет салуға, салынған суреттер мен жасалған түрлі бұйымдарға қызығамын. Теледидардан үлкен суретшілерді, олардың көрмелерін көрсетіп жатса, көз алмай қарап отырамын. Басты мақсат білім алу болған соң көп уақытымды сабақ оқуға жұмсаймын. Бояулардың ортасында, өзімді шексіз қиял әлемінде елестететін, армандайтын кездерім болады, – дейді кейіпкеріміз.
Анасы Гүлмира қызынан көп үміт күтеді. Оның болашағы үшін барын беруге даяр. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын ақылы курстар сатып алып беріпті. Сонымен қатар 6-сыныптан соң Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге дайындық курстарын оқып жатыр. Жазғы демалыс тек қыдырумен емес, жаңа білім алып, кітап оқумен өтпек. Сынып жетекшісі Гүлжаһан Ерназарова Айзеренің бірде-бір рет сабақтан қалмайтыны, жауапкершілігі мен тәртібіне тәнті. Мектеп-лицейде дарынды балаларға барлық жағдай жасалған. Жас суретші жаңа оқу жылында арт студия үйірмесіне қатыспақ. Сол үйірме арқылы түрлі байқауға жолдама алып, өзі армандаған жетістікке жететініне бек сенімдіміз.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
02 маусым 2024 ж. 236 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 316

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930