ӘРІПТЕСІМІЗ ТОП ЖАРДЫ
Сәрсенбіде «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы өкілдігі Діни басқарманың 35 жылдығына және қасиетті Рамазан айының құрметіне қызылордалық БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырған «Менің алғашқы оразам» атты эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
Іс-шараны облыстың бас имамы Дастан Жанасұлы ашып, байқаудың маңыздылығына тоқталып, барша қатысқан жандарға өз алғысын жеткізді.
– Бұл байқаудың басты мақсаты – Ислам құндылықтарын, асыл дініміз бен ата салтымызды кеңінен насихаттау, исі мұсылман баласы асыға күтетін, он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының артықшылықтарын дәріптеу. Тәлімдік, тәрбиелік мәні бар шығармалар жазу арқылы қоғамды ізгілікке, жақсылыққа, қайырымдылыққа шақыру. Сондай-ақ осы байқау арқылы өңірлік БАҚ өкілдерін ынталандырып, шығармашылық ізденістеріне қолдау білдіру, аймақтық басылымдар арқылы Рамазанның құндылықтарын әрбір оқырманға сезіндіру. Байқаудың әділқазы алқасының мүшелері аймағымызға танымал журналистер мен белгілі дін мамандарынан жасақталды. Сондықтан, шын жүйріктер анықталғандығына кәміл сенімдіміз. Барлық қатысушыларға айтар алғысым шексіз! Қаламдарыңыз мұқалмасын! Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін! – деді облыстың бас имамы.
Байқауға барлығы 48 өтінім келіп түскен. Сайыс барысында қатысушылардың тақырыптың өзектілігі мен мазмұнның ашылуы, шынайылығы, сапасы, жанрлық шартқа сәйкестігі, тілінің көркем, шұрайлы болуына және стилінің ұғынықтылығына баса мән берілді.
Байқаудың бас бәйгесін әріптесіміз жігерлі жас, ізденімпаз маман Ақнұр Сағынтай қанжығасына байлады. Ал жүлделі ІІ орынды «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Ақтолқын Нұрлыбайқызы, ІІІ орынды «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Гүлнәр Дүйсебаева иеленді.
Бұдан бөлек, үздік деп танылған 10 жұмысқа ынталандыру сыйлықтары берілді. Барлық жеңімпаздарды Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев марапаттап, дипломдар мен қаржылай сыйлықтарды табыс етті.
Айта кетейік, аталған байқау Рамазан айының алғашқы күні басталып, 21 наурызға дейін жалғасты. Сайыс бойынша Қызылорда облысында тіркелген кез келген БАҚ өкілдері қатысуға (облыстық, қалалық, аудандық дәстүрлі, мерзімді баспа басылымдары, ақпарат агенттіктері, интернет-сайттар, теле-радио тілшілері) мүмкіндік алды. Қатысушыларға жас шектеуі қойылмады. Сайысқа тек эссе жанрында және қазақ тілінде жазылған шығармалар ғана қабылданды.
"Қт" ақпарат