ОБЛЫСТА «БОРЫШКЕР» ЖЕДЕЛ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ
Аймақта наурыз айының 17-21 аралығында облыс көлемінде салынған айыппұлдарды өндіру мақсатында «Борышкер» жедел профилактикалық шарасы өтті. Іс-шараға 143 қызметкер жұмылдырылып, 3 782 әкімшілік іске қатысты 54 827 388 теңге өндірілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Бақтияров айтты.
– Жалпы 3 782 әкімшілік істің 1 745-і арнайы техникалық құрылғылармен анықталды. Қала-аудандық полиция бөліністерімен салынған әкімшілік айыппұлдарын төлеуден жалтарып жүрген 72 автокөлік айып алаңына қойылды. Сондай-ақ, жеке сот орындаушылар палатасына мәжбүрлеп өндірту үшін жолданған әкімшілік қаулылар бойынша салынған 983 мың теңге көлеміндегі айыппұлдар мемлекеттің пайдасына өндірілді. «Борышкер» іс-шарасы бойынша патрульдік полиция батальоны, департаменттің әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері және аумақтық жеке сот орындаушылармен бірлесе мобильді топ құрылды. «Екин-Патруль» мобильді кешендерінің мүмкіндігін пайдалана отырып қала аумағында 207 автокөліктің айыппұлдары бар-жоғы тексеріліп, нәтижесінде 51 автокөлікке қатысты жалпы 3 533 163 теңге айыппұл өндірілді,- деді Нұркен Пралиұлы.
Сонымен қатар, Қызылорда облысының Полиция департаменті 5 сәуірге дейін мопедтерді тіркеу қажеттігі туралы ескертті.
– 5 сәуірден бастап заңнамалық өзгерістер күшіне еніп, мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілетін болады. Аталған күннен бастап мопедтерді пайдалану тек полицияда тіркеуден өткен, А1, А және В санатындағы жүргізуші куәлігі, техникалық тексеруден өткен, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мопедтерді тіркеп үлгеру үшін 10 күн ғана уақыт қалды, заң бойынша 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедті басқаруға тыйым салынады. Қазіргі уақытта облыс бойынша 185 мопед тіркелді. Осы орайда мопед иелерін алдын ала тіркеуден өтуге және жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға мопед жүргізу құқығын алу үшін автокөлік мектептерінде оқуға кеңес береміз,- деді Нұркен Бақтияров.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі