ТӨРЛЕТ, ТӨЛ МЕЙРАМ!
Наурыз – жаңа күннің бастауы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Сондай-ақ бұл уақытта күн мен түн теңеліп, шаруаның бір малы екеу болып, көкке аузы тиеді. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде. Оған дәлел – тіршілік атаулыға жылулық әкелетін мейрамды қармақшылықтар да «Төрлет, Наурыз!» деп ерекше атап өтті.
Орталық алаңда қаз-қатар тігілген киіз үйлер сән түзеп, алыстан көз тартып, алаңның ажарын ашып, мерекелік шараға ерте жиналған қауымға жоғары көңіл күй сыйлады. Киіз үйлер жанында наурызкөже пісіріліп, халық астан дәм татты. Қазақы шапан киген ақсақалды қариялар, ақ кимешек пен орамал таққан ақсамайлы әже-апалар, сондай-ақ ұлттық нақышта сәнденген жастар да «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деген тілектерін айтып, бірін-бірі құттықтады. Жылына бір келетін жаңару күні ауданда осылайша көрініс тапты.
Мерекелік шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы салт-дәстүр суреттелген қойылымдарды тамашалады. Орталық алаңға қолөнер және тарихи жәдігерлер көрмесі қойылып, ұлттық ойындардан сайыстар, қыз бен жігіт айтысы ұйымдастырылды. Облыс әкіміне тұсау кесу құрметі ұсынылып, бүлдіршіндерге ақ тілегін айтты.
Одан кейін дүбірлі думан басталып, Қармақшы халқы ән мен жырға бөленді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы аудан тұрғындарын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Биыл – еліміз, өңіріміз үшін мерейтойлар жылы. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, «Байқоңыр» ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің Сыр өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы. Ұлыстың ұлы күніндегі игі тілектеріңіз қабыл болсын! Істеріңіз жемісті, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әр шаңыраққа бақ-береке, шаттық, қуаныш орнасын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әз Наурыз құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы көрсеткіштерге, алда атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті. Қармақшылықтардың Табиғат-ана түлеп, тіршілік түрленген кезеңдегі барлық бастамаларына сәттілік тіледі.
Жиында ауданның дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов сөз сөйлеп, халықты мерекемен құттықтады. Одан әрі өнерпаздардың халық әндері шырқалып, үлкен-кішінің мерейін асқақтатып, көңілдерін шаттыққа бөледі. Ауа райының салқынына қарамастан, арқан тарту, тоғызқұмалақ, гір тасын, қой көтеру, қазақша күрес секілді ойындардың өтуіне тұрғындар белсене араласты.
ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАҢА НЫСАН
Мереке күні ауданға қарасты Ақай ауылында жаңа нысан ел игілігіне берілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елді мекендегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысып, ауыл жұртшылығын мерекемен құттықтай келе, мұндай кешендердің көбейгені халықты спортпен шұғылдануға ынталандыратынын атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз» деген болатын. Тұрғындар спортты күнделікті өмір салтына айналдыру үшін осындай кешендердің саны артып келеді. Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадион мамыр айында ел игілігіне табысталады. Жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена», денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады. Жыл басынан бері Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар елді мекендерінде, Сырдария ауданының Бесарық ауылында жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Дәл осындай спорт кешені күні кеше Шиелі ауданының Жақаев ауылында пайдалануға берілсе, ертең Жалағаш ауданында іске қосылады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ақай ауылындағы жаңа спорт кешенін табыстауға жиналдық. Халқымызда «Дені саудың – жаны сау» деген жақсы сөз бар.
Ауыл жастарының спортпен шұғылданып, байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда еліміздің, аймағымыздың атын асқақтатуына тілектеспіз. Жаңа спорт ғимараты құтты болсын! Баршаңызды жыл басы – Наурыз мейрамымен шын жүректен тағы да құттықтаймын! – деді ол.
Рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен ғимаратты салып, ел игілігіне табыстаған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов құттықтау сөз сөйледі.
Ұлысқа мерей, туысқа мейірім сыйлайтын татулық мерекесін қармақшылықтар осылайша ел есінде қаларлықтай думанмен қарсы алды. Кешке орталық алаңда гала-концерт ұйымдастырылып, жиылған жұрт мерекелік отшашуды тамашалады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ