80 ЖЫЛДЫҚҚА – 80 ЭКСПОНАТ
Тарих – өткенге сабақ, келешекке – өнеге. Осы орайда ата-бабамыздың ғибратты ғұмырын әйгілейтін мұраларды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа мұра етіп қалдыруда музейдің алар орны ерекше. Музей – ғылыми, мәдени- тарихи орталық. Ол бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыратын мәдени орын. Қазіргі уақытта халықтың қолында көптеген мұра, құнды тарихи жәдігерлер бар екені белгілі. Бұлар жеке үй ішінде немесе жеке адамдар игілігінде болып қана қоймай, музейде сақталып, халықтың игілігіне айналуы тиіс.
Осы орайда, аудандық тарихи-өлкетану музейі Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында «80 жылдыққа – 80 экспонат» музейге сый акциясын ұйымдастыруда. Көпшілік үшін пайдасы мол акция туралы осы жобаға жауапты маманнан ақпар сұрадық.
– Технология қарыштап дамыған заманда көне заттар күнделікті тұрмысқа қажетсіз болып қалып жатады. Алайда сол заттардың халқымыздың өткен уақыттағы өмірі мен тарихын зерттеуде, болашақ ұрпақтың өз тарихы мен болмысын тануда үлкен маңызы бар. Музей үшін осы заттар халық жадын жандандыруға қызмет ететін, мамандардың зерттеулеріне арқау болатын, ондаған, жүздеген жылдан кейін де болашақ ұрпақ таңдана тамашалайтын құнды дүниеге айналады. Бұл акцияның мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару, ел арасында елеусіз қалып жатқан тарихи маңызы бар құнды заттарды, тарихи тұлғалардың тұтынған заттарын жинақтау, кәсіби тұрғыда сақтау, – дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әзірбек Ілиясбекұлы.
Жоба басталғалы көп уақыт өтпесе де акция аясында музей қоры құнды экспонаттармен толығып бастады. Аудан тумасы, қолөнерші Қанибек Баймаханов Қызылорда қаласынан арнайы келіп, әкесі соғыс ардагері Сәдуақас Баймахановтың орден, медаль, құжаттары мен тұтынған заттары, өз қолымен жасаған ат-әбзелдері, тағы басқа заттарын табыстады. Жерлесіміз Сәдуақас Баймаханов 1942 жылы маусым айында неміс басқыншыларына қарсы соғысқа аттанған. Астрахань қаласынан басталған әскери жорық Сталинградтың Дубовка деген қаласын, Сталинградты, Мелитополь, Қырым, Одесса қалаларын жаудан азат етуге қатысып, 1944 жылдың күз айында ауыр жараланып, елге оралған. Осындай батыр тұлғалардан қалған құнды заттар шынымен де ел мұрасына айналуы тиіс. Өлкеміздің өткені мен бүгінгісін келешек ұрпаққа жеткізуге, ұлттық рухани мұраны түгендеуге, жинақтауға сіздің де мүмкіндігіңіз бар. Ұрпақ қамы үшін игілікті іске үлес қосуға шақырамыз!
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА