» » БЕЛСЕНДІ ГАУХАРДЫҢ БЕЛЕСІ

БЕЛСЕНДІ ГАУХАРДЫҢ БЕЛЕСІ

Кейде айналасына шуақ шашып жүретін жандар болады ғой. Ол кірген бөлме жарқырап, көңілсіз адам күлімдеп кететін. Қай ортада жүрсе де жарқырып, сол жердің сәнін кіргізіп, жылу сыйлайтын. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз дәл осындай жан десек, артық айтқандық емес.
Бүгінгі таңда аудандық ауруханада зертхана бөлімінің кіші медицина қызметкері болып қызмет ететін Гаухар Рахимова өз жұмысын тиянақты атқарумен қатар, қоғам өміріне де белсенді араласады. Жалпы бірінші байлық денсаулық дейміз ғой, сол денсаулықтың негізі – тазалық. Ал адам жанына араша болатын аурухана тазалығын мойнына артқан кіші медицина қызметкерінің жұмысында жауапкершіліктің салмағы басым. Осы жауапкершілікті абыроймен алып жүрген ол айдынды Арал ауданының тумасы. Қасиетті Қармақшы жеріне келін болғанына да 15 жыл уақыт болған. Бүгінде көпбалалы ана атанған белсенді келіншектің қоржыны биыл жаңа марапаттармен толықты. Нақтырақ тоқталсақ.
Биылғы жыл ҚР Президентінің бастамасымен жұмысшылар жылы деп бекітілді. Бұл бастама қоғамның еңбек адамына деген құрметін арттырып, жұмысшы мамандардың маңыздылығын түсіндіруге үлкен серпін берді. Осы мақсатта «Гүлдей нәзік, болаттай берік» жұмысшы арулар фестивалі ұйымдастырылған болатын. Бұл байқаудың басты мақсаты – қарапайым еңбек адамдарының адал еңбегі мен жетістігін дәріптеп, өскелең ұрпаққа үлгі етіп, олардың қоғамдағы рөлін насихаттау. Аудандық бәсекеде қатысушылар арасынан оқ бойы оза шапқан екі талапкер облыстық сынға жолдама алды. Осы екі жанның бірі – Гаухар. Аудан абыройын арқалап облыста өнер көрсетіп, «Әмбебап» номинациясын иеленді.
Өскелең ұрпаққа еңбек адамын өнегелеп, адал табысты насихаттаған фестивальда қыз-келіншектер өз кәсіптерінің қыр-сырымен, қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті. Жанұя жылулығын арттыру, бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлу секілді әйел-ана ретінде атқаратын басты миссияны жұмыстағы жауапкершілікпен қатар алып жүрудің мән-маңызына тоқталды. Осылайша, болмысы нәзік, рухы биік, ерік-жігері мықты еңбек адамдары қатысушы көрермендерге қарапайымдылық пен адамгершіліктің, табандылықтың үлгісін көрсетті. Осы ретте, жерлесіміз айналасына пайдасын тигізгенді жаны сүйетін Гаухар Елужанқызы тек үздік қызметкер ғана емес, мықты қолөнер шебері. Одан бөлек, отбасымен өнерден де құр алақан емес. Қай ортада жүрсе де адалдығы мен адамдығынан танбаған ол 4 перзентіне дұрыс тәрбие беруді басты мақсат еткен.
– Жастайымыздан ата-анамыз бізді адал еңбекпен, саналы тәрбиемен өсірді. Қазір біз де ата-анамыз салған сара жолды жалғап келеміз. Жұбайым Нұржанмен бірге балаларымызды адал еңбекпен өсіруді мақсат еттік. Себебі қай жерде де адал еңбектің бәсі жоғары. Бірнеше жыл аудандық газетте таратушы қызметін атқардым. Аудан айнасын әрбір үйге үлкен махаббатпен апаратынмын. Қазіргі ауруханадағы жұмысыма да тиянақтылық танытамын. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді. Биылғы жылды Мемлекет басшысының жұмысшы мамандарға арнауы – бұл саладағы адамдарға үлкен құрмет деп білемін, – дейді Гаухар Елужанқызы.
Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген. Сол сияқты әр адам өзінің қалаған мамандығын таба білсе, еңбегі жанады, сол жолда бақытқа, құрметке бөленеді, еңбегінің жемісін жейді. Болаттай берік мінезін, гүлдей нәзіктігіне жасырып қойған Гаухардай еңбекші арулар қай кездеде қоғамның сыйлысы болуы тиіс.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

08 наурыз 2025 ж. 195 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№19 (10387)

15 наурыз 2025 ж.

№18 (10386)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (10385)

04 наурыз 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 493
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31