» » Әлемнің асылы

Әлемнің асылы

Көктемнің самалымен бірге келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – барша аналар мен аруларға деген құрметтің, ізгі тілектің, шынайы алғыстың ерекше белгісі. Бұл күн – нәзік жаратылыс иелерін ұлықтайтын, олардың қоғамдағы, отбасындағы рөлін айқындайтын, ең асыл сезімдер мен жүректегі жылулықтың тоғысатын сәті.
Өмірдің өзегі саналатын әйел жаны – табиғатынан нәзік, бірақ сол нәзіктіктің астарында шексіз төзім мен биік рух жатыр. Әйел адамға тән сезімталдық, мейірім, сүйіспеншілік – әлемді жылытып тұрған ұлы күштің бастауы десек, қателеспейміз. Әйел болмаса, өмірдің мәні де, сәні де кем болары анық. Олар тіршіліктің сәні мен мәнін арттырып, әлемге мейірім мен шуақ сыйлайды.
Қазақ ұлты әйел затына ежелден ерекше құрметпен қараған. «Қыз өссе – елдің көркі», «Ана – өмірдің шамшырағы», «Әйел – үйдің ырысы» деген аталы сөздер – осының дәлелі. Ананың алақаны – бесіктің ғана емес, ұрпақтың болашағын тербететін құдіретті күш. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөздер – арулардың, аналардың рөліне берілген әділ баға.
Сондай-ақ қазақ тарихында ел бастаған, сөз бастаған, ұрпақ тәрбиелеген дана аналар мен батыр қыздар аз болмаған. Домалақ ана, Қарашаш ана, Ұмай ана сынды аналар ұрпаққа парасат пен мейірімнің символы ретінде мұра болып қалды. Ал Тұмар ханым, Гауһар ана, Бопай ханым сынды батыр аналарымыз елін, жерін қорғап, қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Бұлардың барлығы – әйел болмысының қос қыры: бір жағы нәзіктік пен мейірім, екінші жағы қайсарлық пен ерлік екенін айғақтайды.
Бүгінгі күнде де әйелдер қоғамның барлық саласында белсенді қызмет етіп, ел дамуына зор үлес қосуда. Ұстаз, дәрігер, ғалым, өнер иесі, кәсіпкер, саясаткер бола жүріп, отбасындағы орнын да ұмытпай, баласына мейірімін төгіп, жарына тірек бола білетін жандар – нағыз рухани кемелдіктің үлгісі.
Әйел жаны – өз алдына бөлек бір әлем. Оның жүрегінде баласына деген махаббат та, жарына деген сүйіспеншілік те, елге деген адалдық та, табиғатқа деген құрмет те тоғысқан. Әйелдің бір ауыз жылы сөзі, бір ғана мейірімді көзқарасы қаншама жанның жүрегіне үміт сыйлап, өміріне шуақ шашатыны сөзсіз. Әйел – көктемнің көркі секілді. Көктемнің алғашқы бүр жарған гүлі жер бетін қалай әсемдікке бөлесе, әйел де өмірдің гүлденуіне себепші. Табиғаттың оянуы мен әйел болмысы арасында үндестік бар. Себебі екеуі де өмірге жаңалық әкеледі, жылулық пен жарық сыйлайды.
Осы орайда, көктемнің ең әдемі мерекесі қарсаңында барша нәзік жандыларға тек ізгі тілектер арнаймыз. Дендеріңізге саулық, жүректеріңізге тыныштық, жанарыңызға қуаныш, ғұмырыңызға шуақ тілейміз. Арман-мақсаттарыңыз орындалып, өмір жолыңыз әрдайым гүлдей жайнап, бақыт пен шаттыққа толы болсын!
Әйел мейірімі бар жерде – тыныштық, ананың батасы бар жерде – береке, қыздың күлімдеген жанары бар жерде – үміт пен қуаныш бар. Осындай әлемнің барлығы сіздермен көрікті.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
08 наурыз 2025 ж. 133 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

№19 (10387)

15 наурыз 2025 ж.

№18 (10386)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (10385)

04 наурыз 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 493
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31