Құрметті арулар!
Сіздерді бүкіл дүниені шуағына бөлеп, тыныс тіршілігімізге нәр берген шұғылалы көктем мен қатар келген 8 наурыз –
Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы асыл аналарымыз, аяулы аруларымыз екені белгілі. Жаратылысынан жандары жылуға, жүректері сезім мен сырға толы, тіршілігіміздің сәні мен мәні болған әйелдер қауымына аймен таласқан әсемдік те, көреген көсемдік те, мейірім мен нәзіктік те тән.
Әр шаңыраққа шырақ, еріне қуат, бала-шағасына шуақ болып отырған арулар қауымынсыз денсаулық сақтау, білім, мәдениет, журналистика, қаржы, әлеуметтік қамсыздандыру сынды халқымыз үшін ең маңызды салаларды елестету тіпті мүмкін емес. Бүгінгі біздің қоғамда «саясаткер әйел», «қайраткер әйел», «кәсіпкер әйел» секілді ұғымдарының әбден орнығуы нәзік жандардың қай салада болмасын ерлермен иық тіресе жұмыс істей алатындығын көрсетсе керек. Сол сияқты Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша, мемлекеттік органдардағы әйелдердің қатысу деңгейі де артты. Әйелдерге өз құқықтарын жүзеге асыру үшін тең мүмкіндіктер берілуі – бұл мемлекетіміздің әлеуметтік әділдікке қол жеткізуге бағытталған маңызды қадамы. Мемлекеттік қызметтегі әйелдер өздерінің еңбекқорлығы мен кәсібилігі арқылы еліміздің дамуына үлес қосып, қоғамның әрбір саласында маңызды жетістіктерге жетуде.
Бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтын
3 271 мемлекеттік қызметшінің 45,4 пайызы немесе 1486-ы әйелдер қауымы.
3 271 мемлекеттік қызметшінің 45,4 пайызы немесе 1486-ы әйелдер қауымы.
Оның 20-пайызы басшылық лауазымдарды атқарады. Атап айтқанда, 1-уі басқарма басшысы, 4-уі департамент басшысы, 9-ы басқарма басшысының орынбасары, 9-ы департамент басшысының орынбасары, 3-уі ауыл әкімі, 12-і қалалық және аудандық деңгейдегі дербес бөлім басшылары сияқты түрлі санаттағы басшылық лауазымдар.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер арасында «бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен» көп балалы аналар да көптеп кездеседі.
Ел тәуелсіздігін нығайту жолында отбасы мен қоғам жүгін қатар арқалап, қайыспай көтеріп жүрген барлық нәзік жандарымызға айтар алғысымыз шексіз! Шуақты мереке Сіздерге жылылығы мен жақсылығын, берекесі мен молшылығын, ырысы мен қуанышын ала келсін, аяулы арулар! Бүгінгідей мерейлі мерекелеріңізде Сіздердің дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, береке-бірлік пен қуаныш тілеймін!
Ерлеген Жәрдемұлы Мендалиев,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің
басшысы