5-ші бөлім һәм апаттан қалқан немесе өрт сөндірушілердің бір күні
Дабыл сиренасы қосылды. Үстімнен біреу суық суды аудара салғандай еді... Жауынгерлік киімді киіп, сап түзеген сайдың тасындай сақа жігіттермен бірге темір құрсаулы көліктің ішіне орғып-орғып міндік те кеттік. Басымдағы касканың өзі әжептәуір салмақты. Жаздың аптап ыстығында күн тас төбеңнен түсіп тұратын біздің жердің ауа райында мынадай өртке қарсы арнайы киімді былай қойғанда кәстөммен-ақ жүріп көріңіз. Борша-борша терлеп, ту талақайыңыз шығады. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, тілсіз жау тұтқиылдан тап беріп, ел басына күн туса етігімен су кешетін ерлердің жұмысының қаншалықты ауыр екенін сезіне бастаған сыңайлымын.
Аудандық №5 өрт сөндіру бөлімінің сайыпқырандарының қатарындағы бір күнді таңғы сағат сегізден бастадық. Бөлім бастығының орынбасары Руслан Альмерденовтің алдында алдыңғы ауысым мен келесі ауысым жігіттері есеп беріп, мән-жайды жеткізуде. Кезекшілік қарауыл бастығы Азамат Дәрушовтен келесі бөлімше командирі, қарауыл бастығының міндетін атқарушы Ғабит Құлмахановқа ауыстырылуда. Мен Ғ.Бисенбайұлының бөлімшесінде өрт сөндіруші қатарына орнықтым. Міне, осыдан бастап бір күндік қызметке кірістік те кеттік.
Әңгіменің әлқиссасын табалдырықтан бастайық. Мұндағы жігіттердің айтуынша, қызмет – әскерден бір мысқал да кем емес. Темірдей тәртіп, тынымсыз жаттығу. Олардың жұмыстағы ұстанымы – «жаттығуда терлесең, жұмыста жеңіл болады». Әлбетте, мұндай жұмыстың жеңілі жоқ. Нысанға кіреберістегі бекетте әрбір екі сағат сайын бір қызметкер ауысып тұрады. Ондағысы, кәдімгі әскери бөлім тәрізді. Кім келді, қайда барады? Барлығының сұрауы бар. Ал аттап басқан әр қадамыңның астында жылан жалағандай тап-таза мұнтаздай жол. Осыдан-ақ, ұжымның бір үйдің баласындай ауызбіршілігі мығым екенін аңғаруға болады.
Басыңды қатерге тігіп, өзгені аман алып қалу үшін ажалмен арпалысатын сәт көптеп кездесіп тұрады. Командир Құлмаханов менің бойымды үйрету үшін алдымен басынан өткен оқиғалармен бөлісті. Өйткені, олар – басшы, қарамағындағы әр қызметкерді өз баласындай көретін қамқор әке және үшіншісі – психолог.
– Бірде шақыру түсті. Үй өртеніп жатыр деп айтты. Барсақ, біреудің сарайы екен. Бір газ балон жарылды. Дереу үй иесінен тағы газ баллондары бар ма деп сұрадым. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» деп, ол жоқ деді, мен сенбей барып қарасам, алты баллон екен, оның біреуі жарылды, қалған бесеуі ысқырып тұр. Дереу арнайы құралдармен суытып, бесеуін аман-есен алып шықтық. Ал егер бес газ баллон бірдей жарылғанда не болатынын тіпті елестете де алмайсыз, – деді Ғ.Құлмаханов.
Шақыру келген уақытта бар-жоғы екі минут қана беріледі. Сол уақытта барлық қызметкер сақадай сай болып, сап түзеп, көлікпен ғимараттан шығып, оқиға орнына бару қажет. Мұндай жылдамдықты қалай меңгергенін айтпаса да түсінікті. Әскери дайындық пен жоғарыда айтқан темірдей тәртіп.
– Жауынгерлік киім мына жерде тұрады. Оны былай киесің, – деген сөзін ғана естідім. Медет тап-тұйнақтай киініп, көлік жанында тұр.
Тілсіз жаумен күресте әрбір секунд маңызды. Медет тәрізді кәнігі мамандар жетерлік мұнда. Шапса қылыш өтпейтін, жылдамдығына жүгірген аң, ұшқан құс ілеспес отыз бес қызметкер еңбек ететін бөлімде байланысқа жауап беріп отырған аға өрт сөндіруші Ерлан Исабеков, қыз да болса ерлермен иық теңестірер Жансая Қалижанқызы, Ержан Ермағанбетов, Қамбар Әбілдаев, Асылхан Сағида, Азамат Қалабаев есімді замандастарыммен қатар жең құбырын (өрт сөндіруге арналған құбырлар) тасыдық. Әрбір қызметкердің өзіндік орны бар. Ал күн сайын бөліністен соң таңертеңгі тоғызда сабақ басталады. Қолына бір-бір дәптер ұстаған сарбаздар командирдің дәрісін тыңдайды. Түсінік айтады, теорияға қанығады. Мен де бос орынның біріне жайғастым.
– Күн сайын 445-Жарғыны пайдаланамыз, ал дабыл уақытында 446-Жарғы жұмыс істейді, – деген Ғабит Бисенбайұлы маған саланың қыр-сырын үйрете бастады.
Қажеттіні көңілге тоқып, өзің білмегенді үйренгеннің пайдасы зор. Һакім Абайдың «қолымды мезгілінен кеш сермедімін» оқып өскен біз де бұл үрдістен жаңылмадық. Азаматтық қорғау сержанты Ержан Ермағамбетовпен қатар отырып, оның дәптеріне көзім түсті. Әрбір тапсырма, әрбір ереже орын-орнымен, сап түзеген сарбаздай дәптердегі жолға жайғасқан. Осылайша дәптердің бірнеше парағын қатарынан толтырдық та, үш сабақтан соңғы норматив тапсыруға аттандық. Мұнда жігіттер өздерінің дене жаттығуларын жасайды. Күн сайын спортпен бетпе-бет келеді. Тіпті қолға үлкен балғаны (кубал) алып, ғимарат ішінде жүк көлігінің жарамсыз доңғалағын ұрып жаттығады. Бұл бұлшық еттердің қатаюына, осалдық танытпай қалыпты ұстап тұруға көмектеседі. Тіпті бос уақытта олай-бұлай жүріп бара жатып та, доңғалақты таяқтап кететін көрінеді. Руслан Альмерденов «Спорт – біздің жанымызбен егіз» дегенді мысал етті әңгіме арасында.
Норматив орындаған соң түскі асқа дайындалдық. Мұнда кафе-ресторандардағыдай шалқайып отырып мәзір сұрамайсың. Өмірдің барлық сынағына төзе жүрген мұндағы білектілер һәм жүректілер түскі ас дайындауға да кезекшілікке тұрады. Бұл – өз бетінше өмір сүре алу дағдысы. Шыңдалған, шыныққан күрескерлермен бірге түскі астың да дәмін таттық. Мұнан соң аз-маз демалыс уақыты. Психологиялық жеңілдеу деп атайды. Ал онан соң тағы да норматив тапсырып, дене жаттығуларын жасап, белсенді қимыл көрсетеді.
– Біздің бос уақытымыз жаттығумен өтеді. Өйткені, шапшаңдыққа дағдылану – әрбір өрт сөндірушінің мойнындағы жүк. Норматив тапсырған соң су көздерін, өрт гидранттарын тексеріп келеміз. Кейде, жаңадан асфальт төселіп жатады, сондайда өрт гидранттары жабылып қалады. Біз тізімін жасақтап, аудан, кент басшылығына, мекеме басшылығына жолдаймыз. Жасақталған тізім бойынша біз өрт гидранттарының жарамдылығын жаңартып отырамыз. Планшет деп аталатын үлкен картамыз бар, сонда белгіленеді. Әрбір ауылдық округ, елді мекендердегі өрт гидранттары, оған төте баратын жолдар, мұның барлығын назарда ұстаймыз. Сондықтан бос уақытта соларды түгендеп, жаттап жүреміз, – деді азаматтық қорғау аға лейтенанты Азамат Дәрушов.
Су көздерін тексеріп келген мамандар кешкі ас ішкеннен соң, әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері бір ауыздан келісіп футболдан жолдастық кездесуге аттанады. Бұл – бір жағынан дене қыздырса, екінші жағынан ұжымның ынтымақтастығын арттырады. Ортақ іс қашан да ортақ мақсаттарға ұмтылдырады.
– Өзім бастап келемін мұнда. Жігіттер бір уақыт бой сергітсін деген ой. Күн тәртібіне енген жазылмаған заңдарымыздың бірі. Қызметіміз физикалық дайындықты талап еткен соң, біз де спорттан ажырай алмаймыз. Тонның ішкі бауындай біте қайнасып жүреміз, – деді бөлім бастығының орынбасары Руслан Альмерденов.
Осылайша түнгі демалыс уақыты жетті. Содан таңертеңгі алтыдан бастап қайта жанданған тіршілік. Сергектік сыйлар жаттығудан қол үзбейтін мамандар арайлап атқан әрбір таңды қозғалыспен бастайды.
Мекеменің еншісінде үш арнайы көлік бар. Оның екеуі Камаз болса, біреуі – Зил. Азаматтық қорғау кіші сержанты Азамат Қалабаев арнайы өрт сөндіру көлігінің барлық мүмкіндігімен, ережелерімен таныстырып өтті. Жаспын деп тұрған жоқ, өйткені, бұл мамандық жасқа «қарамайды», қателіксіз өрт сөндіріп, мамандыққа адалдықты талап етеді.
– Бұл автоцистернаға алты тонна су кетеді. Секундына қырық литр су айдайды. Мына сыртындағы АЦ-6-40 деген жазу соны білдіреді. Жең құбырлары, оны жалғаушы зажимдер өз орнында. Кейде өте ауыр деңгейдегі өрттер болады. Сондайда мына арнайы киімді киеміз. Яғни, мұнай қалдықтары, т.б. қауіпті заттар өртенгенде біз осылайша өз қауіпсіздігімізді осылай қамтамасыз етеміз. Көлік ішінде противогаздар орналасқан. Оны да әрбір кезекшілік сайын тексеріп тұрамыз. Оның ішіндегі ауа 250 баррельден кем болмау керек. Ал соңғы елу баррель қалған уақытта ол тек қайтар жолға деп есептеледі. Біздің осындай ережелеріміз бар, – деді білікті маман.
ТҮЙІН
Әрбір қызметкердің өз жауапкершілігіндегі міндет бар. Аудан бойынша түнде адам қалатын әрбір мекеме қызметкері осында диспетчерлік пункте хабарласып, қанша адам қалғанын, оның нешеуі өз аяғымен жүре алатынын, қаншасы жүруге қабілетсіз екенін айтып есеп береді. Өйткені, оқыс жағдай бола қалса дәптерде жазылған мәліметке қарап мамандар жұмыс істейді. Тілсіз жаумен күресте толассыз еңбек пен қажыр-қайраттың иелері осылай күн сайын маңдай терін тамшылатып өткізеді. Сырттай қарағанға оңай, әрине. Алайда, санаулы секундта қызыл жалынның алдын орап, айласын асыруды парызы санайтын сарбаздар сап түзеген мекемедегі бір күнде біз білмейтін қырларына қанықтық.

Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
Пікір 1