ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ МЕН ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ҰЛЫ ЕСІМДЕРІ
Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бастап, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының кітапханалық қауымдастығының ұйымдастыруымен жылма-жыл өткізіліп келеді.
Республикалық акцияның мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеуге мүмкіндік туғызу, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуы мен ана тіліне деген құрметін көтеру.
Биыл 2025 жылы проза жанры бойынша көпшілік дауыспен ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы, суреткер Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылды. Поэзия жанры бойынша мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалды.
Ақжар ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Қазақ прозасы мен поэзиясының ұлы есімдері» атты әдеби танымдық кеш болып өтті. Бұл іс-шара Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығын таныстырып, қазақ әдебиетінің ұлы тұлғаларының әдеби мұрасын насихаттауға бағытталды. Оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, олардың рухани дүниесін байыту көзделді.
Мемлекеттік Әнұранмен бастау алған кешті «Рүстембек жырау» үйірмесінің жетекшісі Балтабай Бедебаев пен No28 мектептің мұғалімі Сәния Қожабек ашып, оқушыларға жылы лебіздерін білдірді. Шараға No28 мектептің 10-сынып оқушылары және кітапхана оқырмандары қатысты. Оқушыларға қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының өмір жолдарынан бейнежазба көрсетіліп, кітап көрмесі таныстырылды. Еркін Бейбітов, Оңталап Төлен, Жанел Тоқтар ақындардың өлеңдерін жатқа оқыса, «Рүстембек жырау» үйірмесінің шәкірттері ән мен жырдан шашу шашты.
Осы орайда айта кеткен жөн, Ақжар ауылдық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында іс шаралар және кітап көрмесі жыл көлемінде қызмет атқарады. Тәкен Әлімқұловтың туындылары қазақ қоғамының әлеуметтік мәселелерін көтерсе, Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдері адамгершілік құндылықтарды, табиғатпен үндесуді суреттейді. Бұл екі тұлғаның шығармашылығы қазақ әдебиетінің кемелденуіне үлкен ықпал етті. Әдебиетке деген қызығушылық артып, олардың шығармаларын тереңірек оқып, жаңа ойлар мен сезімдерге бөленуге шақырамыз.
Ақмарал ӘМІРАЛИЕВА,
Ақжар ауылдық кітапханасының кітапханашысы