БАКУДЕ БАҒЫ ЖАНҒАН БҮЛДІРШІН
Бүгінде балалардың зияткерлік қабілетін дамытып, ойша есепті жүйрік шығаруға арналған менталды арифметиканың тасы өрге домалап тұр. Біздің ауданда да есеп шығарудың аталған тәсілін баласының меңгергенін қалайтын ата-ананың қарасы көп.
Жақында ғана қармақшылық Қарақат Ғалымжан Баку қаласында өткен «International Math Competition CASPIAN CUP 2025» халықаралық олимпиада жоғары нәтиже көрсетіп, екінші орынды жеңіп, ел мерейін асқақтатты.
Бұл олимпиадада 16 елден келген 266 қатысушы бақ сынаған. Олардың қатарында Әзірбайжан, Ресей, Қазақстан, Украина, Германия, Америка, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Алжир, Польша, Латвия, Болгария, Қытай, Түркия және Ұлыбритания өкілдері болды. Осындай бәсекеге толы тартысты сында топ жару біздің кішкентай Қарақаттың қолынан келді.
Қарақат Ғалымжан – кент орталығындағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің 1 «А» сыныбының оқушысы. Балабақшада жүрген кезінен есепке жүйріктігін аңғарған анасы өткен жылдың тамыз айынан бастап кенттегі менталды арифметика үйірмесіне қатыстырады. Жылдам әрі ойша есептеу Қарақатқа қиындық тудырмайды. Керісінше қызығушылығы артып, бақ сынап қатысқан жарыстарынан жүлделі оралады. Менталды арифметиканы санасына сіңірген ұстазы – Мереке Жөнербаева болса, қазіргі таңда Индира Жанұзақовадан білімін шыңдауда. Қос ұстаздың дайындығын бойына жинаған бүлдіршіннің Бакудегі байқауына алғашқы ұстазы Мереке апайы жетекшілік еткен.
– Жалпы мен баланың бос уақыты болмау керек деген пікірді ұстанамын. Сонымен қатар, балаға мектеп шағынан дұрыс бағытбағдар берілсе, ол өзінің өмір жолында адаспасы анық. Жалпы қызым кішкентайынан алғыр болып өсті. Есте сақтау қабілеті де жақсы. Қарақат алдағы уақытта менталды арифметикадан бөлек, өзге де үйірмелерге қатысатын болады. Жалпы түрлі үйірмеге қатысқан сайын баланың көкжиегі кеңейіп, айналасына өзгеше көзқараспен қарап, алысты көздейді. Балаға материалдық жағдаймен қоса, біліммен де инвестиция жасаған жөн. Себебі, балаға атадан қалған мал мал болмайды, басындағы білімі ғана өмір жолында пайдасын тигізеді. Сондықтан қызымның біліміне инвестиция жасауды әдетке айналдырғанмын. Болашақта білікті де білімді азамат болғаны – мен үшін жеңіс. Ал қазір әрбір жетістіктеріне олармен бірге қуанамын, әрі мақтан тұтамын, – дейді анасы Гүлназ Маданова.
Жалпы менталды арифметика – 4 пен 14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға арналған, ойша есеп жүйесіне негізделген бағдарлама. Оның тарихы ежелгі Қытайдағы «абакус» есептеу құрылғысының пайда болуымен тығыз байланыс ты. Себебі менталды арифметика бағдарламасының негізі осы абакусты қолданумен сипатталады. Дәл осы құрылғының адам миын шынықтыратын қасиетін байқаған малайзиялық профессор Дино Вонг 1993 жылы UCMAS менталды арифметика бағдарламасын ойлап тапқан.
Бүгінгі таңда бұл бағдарлама әлемнің 78 елінде сұранысқа ие болып, UCMAS кеңселері ашылған. Қазақстанға мұндай орталықтар 2011 жылы келді. Ал біздің облыста 2015 жылдары менталды арифметиканың курсы ашыла бастады. Сала мамандарының айтуынша, абакуспен жұмыс істеу балалардың ұсақ моторикасын дамытып, миының екі жақ жарты шарының үйлесімді дамуына әсер етеді. Сонымен қатар, баланың зейіні мен фотографиялық есте сақтау қабілеті артып, шығармашылық ойлау, байқампаздық, өзөзіне сенімділік, нақтылық, жылдамдық пайда болады.
Ал халықаралық сайыста екі жүзден астам талапкердің арасынан бабы мен бағы қатар шапқан Қарақат өз еліне ештеңе жетпейтінін айтып, мерейімізді асырды. Тағы бір айта кетерлігі, Қарақат жеңіспен оралғанда өзі білім алатын Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің зор құрметпен күтіп алуы да білімді бүлдіршінге шабыт сыйлаған.
Иә, талабы таудай оқушының білімге құштарлығына қарапақ әлі де талай рет жеңіс төрінен көрінетініне талассыз сенеміз. Өркениетке бет бұрған еліміздің жастары – ертеңгі мемлекет тірегі. Қоғамға да ең басты керегі – елдің ертеңіне деген сенім мен үміт. Сол үмітті сөндірмейтін бәсекеге қабілетті ұрпақ болмақ. Тірек нық та берік, сенімді болуы үшін балақайлардың біліміне көп мән берген абзал.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ