Айдархан алар асу алда
qarmaqshy-tany.kz Бүгінде балалардың зияткерлік қабілетін дамытып, ойша есепті жүйрік шығаруға арналған ментальді арифметиканың тасы өрге домалап тұр. Біздің ауданда да есеп шығарудың аталмыш тәсілін баласының меңгергенін қалайтын ата-ананың қарасы көп. Жақында ғана қармақшылық Айдархан Шәмші Түркия мемлекетінің Анталия қаласында жасөспірім математиктер арасында өткен халықаралық білімгерлер, яғни ментальді арифметика сайысында жеңімпаз атанып, аудан абыройын асқақтатты.
250 мектеп-лицейінің оқушысы. Мектепке барған соң есепке жүйріктігін аңғарған анасы баласын 2-сыныптан бастап кенттегі ментальді арифметика үйірмесіне қатыстырады. Жылдам әрі ойша есептеу Айдарханға қиындық тудырмайды. Керісінше қызығушылығы артып, бақ сынап қатысқан жарыстарынан жүлделі оралады. Қазір жас есепші Шымкент қаласындағы білікті маманның үйірмесінен онлайн түрде білімін жалғауда. Баласының жарқын келешегі үшін анасы қажетті кітаптармен, құралдармен қамтамасыз етуде.
– Жалпы мен баланың бос уақыты болмау керек деген пікірді ұстанамын. Сонымен қатар, балаға мектеп шағынан дұрыс бағыт-бағдар берілсе, ол өзінің өмір жолында адаспасы анық. Айдархан ментальді арифметикадан бөлек, спорттық үйірмелерге де қатысады. Өзге балаларым да осындай жан-жақты. Барлығының уақыттары бір жүйеге қойылған. Сабақтан келген соң, уақытылы тамақтанып, үйірмелеріне қатысып, үй тапсырмаларын орындайды. Бос уақыты болса телефон қарағаннан аулада достарымен ойнағанды құп көреді. Жалпы түрлі үйірмеге қатысқан сайын баланың көкжиегі кеңейіп, айналасына өзгеше көзқараспен қарап, алысты көздейтін болады. Балаға материалдық жағдаймен қоса, біліммен де инвестиция жасаған жөн. Себебі, балаға атадан қалған мал мал болмайды, басындағы білімі ғана өмір жолында пайдасын тигізеді. Сондықтан балаларымның біліміне инвестиция жасауды әдетке айналдырғанмын. Болашақта білікті де білімді азамат болғандары – мен үшін жеңіс. Ал қазір әрбір жетістіктеріне олармен бірдей қуанамын, әрі мақтан тұтамын, – дейді анасы Ботагөз Сармолдина.
Жалпы ментальді арифметика – 4 пен 14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға арналған, ойша есеп жүйесіне негізделген бағдарлама. Оның тарихы ежелгі Қытайдағы «абакус» есептеу құрылғысының пайда болуымен тығыз байланысты. Себебі ментальді арифметика бағдарламасының негізі осы абакусты қолданумен сипатталады. Дәл осы құрылғының адам миын шынықтыратын қасиетін байқаған малайзиялық профессор Дино Вонг 1993 жылы UCMAS ментальді арифметика бағдарламасын ойлап тапқан.
Бүгінгі таңда бұл бағдарлама әлемнің 78 елінде сұранысқа ие болып, UCMAS кеңселері ашылған. Қазақстанға мұндай орталықтар 2011 жылы келді. Ал біздің облыста 2015 жылдары ментальді арифметиканың курсы ашыла бастады.
Сала мамандарының айтуынша, абакуспен жұмыс істеу балалардың ұсақ моторикасын дамытып, миының екі жақ жарты шарының үйлесімді дамуына әсер етеді. Сонымен қатар, баланың зейіні мен фотографиялық есте сақтау қабілеті артып, шығармашылық ойлау, байқампаздық, өз-өзіне сенімділік, нақтылық, жылдамдық пайда болады. Ал халықаралық сайыста жүзге жуық талапкердің арасынан бабы мен бағы қатар шапқан Айдархан өз еліне ештеңе жетпейтінін айтып, мерейімізді асырды. Есепке жүйрік ол біздің сұрақтарымызға нақты-нақты жауап берді. Көп сөйлеп көсілмеді, асып-тасып мақтанбады да. Болашақта нағыз істің маманы болар деп түйдік. Қарапайым қалпынан танбай, жылы жымиып болашақта әскери адам болғысы келетінін айтты.
– Есеп шығару өзіме қатты ұнайды. Болашақта отбасым, елім мақтан тұтар, ата-ана үмітін ақтаған перзент болғым келеді. Қанша өзге қалаларға, шетелге барсам да өзіміздің елден артығы жоқ. Алдағы уақытта ментальді арифметиканың күрделі деңгейлерін оқуды жалғастыра беремін. Осындай мүмкіндік сыйлаған анама рахмет, – дейді жеңімпаз оқушы балалық ақ пейілмен.
Иә, талабы таудай оқушының білімге құштарлығына қарап-ақ әлі де талай рет жеңіс төрінен көрінетініне талассыз сенеміз. Өркениетке бет бұрған еліміздің жастары – ертеңгі мемлекет тірегі. Қоғамға да ең басты керегі – елдің ертеңіне деген сенім мен үміт. Сол үмітті сөндірмейтін бәсекеге қабілетті ұрпақ болмақ. Тірек нық та берік, сенімді болуы үшін балақайлардың біліміне көп мән берген абзал.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА