Кәсіпкерлер мен есепшілердің сұрақтарына ӘМСҚ мамандары жауап берді
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударымдар мен жарналарды қалай дұрыс төлеу керек, халықтың қандай жеңілдікті санаттары үшін мемлекет МӘМС-ке төлейді? Осы және өзге де сауалдарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының мамандары қаладағы кәсіпкерлермен, ұйымдар мен мекемелердің есепшілерімен кездесу барысында жауап берді.
Халықтың экономикалық белсенді бөлігі - МӘМС үшін төлем жасайды және оның айтарлықтай үлесін жұмыс берушілер мен қызметкерлер құрайды. деп хабарлады Қор филиалының бөлім басшысы Ғалымжан Салықов. Тиісінше, сұрақтардың басым бөлігі қызметкерлер үшін МӘМС-ке аударымдар мен жарналарды төлеуге қатысты келіп түседі.
Спикер бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Ұзақ демалыста болған кезде «сақтандырылған» мәртебесін қалай жоғалтпауға болады?
Жұмыс берушіңіз МӘМС төлемдерін дұрыс бөлуі қажет. Егер демалыс бір айдан асатын болса, МӘМС үшін төлемдерді кезеңдерге бөлу қажет. Мысалы, жұмыскер сәуір мен мамыр айларында демалыста болса, бухгалтер төлемдерді екі кезеңге бөлуі керек: жарналардың бір бөлігін сәуір айына және бір бөлігін мамыр айына төлеуі тиіс. Аударымдар да дәл осылай жүргізілуі керек.
Көп балалы анадан жарналарды ұстай ма?
Жұмыс беруші жеңілдікті санаттарға кіретін қызметкерлер үшін, оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар үшін жарналар мен аударымдарды төлемейді. Егер бұл қызметкердің осындай марапаттары болмаса, МӘМС төлемдерінен босатылмайды. Сондықтан жұмыс беруші ол үшін жарналарды (жалақысынан ұстап қалу арқылы) және аударымдарды (өз қаражаты есебінен) заңнама талап еткендей төлейді.
Күндізгі оқу нысанында оқып, жұмыс істейтін студенттен жарналарды ұстау керек пе?
Егер күндізгі бөлімде оқитын студент болсаңыз жеңілдік санатына кіресіз және мемлекет сіз үшін МӘМС жарналарын төлейді. Сол себепті жұмыс беруші жалақыңыздан ұстап қалмауы тиіс. Сіз жұмысыңызға оқу орныңыздан оқу кезеңін көрсететін анықтама әкеліп бере аласыз.
Қорытындылай келе, спикер медициналық көмектің сапасы мен уақтылығы туралы сұрақтар туындаса, емхананың Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметіне хабарласа аласыз. Егер жағдайды шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келесі кері байланыс арналары арқылы өтініш жіберуге болады: msqory.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyrýBot.