ТАЛАБЫМЕН ТАНЫЛҒАН ТІГІНШІ
Дәл қазіргі уақытта қай салада болсын, еңбек еткеннің тасы өрге домалап тұрған заман. Әйелдер қауымы өз қолынан келетін тігіншілікпен, қолөнермен айналысса, кейбірі бизнес әлемінің падишасы атанып жүр.
«Әйелдің ең бірінші парызы – ине мен жіптің парқын білу, яки тігіншілік өнерін терең меңгеру...» деп ағылшын жазушысы Оскар Уайльд айтқандай, әйел затының тігіншілікпен айналысуы қанмен келетін дүние десек те болады. Иә, түрлі маталарды пішу, оны қонымды етіп тіге білу ізденісі мол, көз майын тауысатын шығармашылық жұмыс. Ал тапсырыс беретін бүгінгі әйелдер қауымының талғамы өте жоғары.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – таңдауы тігіншілікке түскен Балжан Өрмұратова. Иіркөл ауылының тумасы сондағы No106 орта мектепте білім алып, кәсіптік білімді аудандық аграрлы-техникалық колледжден меңгерген.
– Бала кезден әжемнің көрпе-көрпеше, перде тіккенін көзбен көріп өстім. Жанында жүріп қызығушылығым оянды. Кейіннен орта білім алу үшін тігін мамандығына оқуға түскен соң, қызығушылығым арта түсті. Аграрлы-техникалық колледждегі ұстаздарымыз тігін өнерін түрлендіре үйретіп, бұл кәсіп түріне қабілетім бар екенін аңғардым. Қазіргі таңда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы негізінде «Алишер» тігін шеберханасында жұмыс істеудемін. Тапсырыс бойынша перде, киім тігеміз. Менің осындағы шебер Рыскүл апайымнан да үйренерім көп, – дейді жас тігін шебері.
Негізінде, тігіншілік өнер қай кезде де сұранысқа ие болғанымен, бұл мамандық үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Оның ішінде құрақ көрпешелер тігу көздің майын алатын жұмыс. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Жасаған дүниенің соңғы жемісін көргенде іштей қуаныш сезімі кернейді. Бұл өнер адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді.
– Жалпы тігін тігу оңай жұмыс емес. Оның математикалық жағын білу керексің. Өлшемі дәл шығу үшін бәрін нақтылап есептей білу қажет. Егер дұрыс орналаспаса оюдың бір ұшы кем түсіп, қисық болып кетіп жатады. Тігіп жатқанда дүниенің әр бөлшегінің ұсақ-түйегіне дейін өлшеммен, үйлесімді болуына мән беремін. Сонда ғана жасаған бұйымың тұтынушының да көңілінен шығады. Алдағы уақытта білімімді жетілдіріп, өз шеберханамды ашу да жоспарда бар, – дейді Балжан Нұржанқызы.
Бүгінгі жастардың дені ізденімпаз келеді. Балжанның да әрбір сөзінен алға ұмтылысты, жақсыны үйренуге құмартып тұратынын аңғардық. «Жас келсе – іске» демекші, талабы таудай тігіншіге табыс тілейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ