» » АУЫЛ АХУАЛЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

АУЫЛ АХУАЛЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Жандос Еркінбектің Президент Жарлығына сәйкес ауданға қарасты елді мекендердегі халықпен кездесуі басталды. Ақай, Төретам кенті, Қармақшы ауылдық округтерінде бастау алған есепті кездесуде аудан басшысы өңірдегі оң өзгерістер мен іске асырылған жобаларды таныстырды. Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов қатысты.
Кездесуде алдымен ауыл әкімдері ауыл тұрғындарына жыл соңына дейін атқарған жұмыстарының есебін берді. Ақай ауылдық округінің әкімі Эльмира Қазиева он бір айда жоспарланған бюджеттің 100 пайыз игерілгенін айтты.
– Ауылда ұзындығы 31,42 шақырымды құрайтын барлығы 39 көше бар. Бүгінде оның 41 пайызы асфальтталса, 99,9 пайызы жарықтандырылды. Санитарлық-тазалық айлығы аясында ауылды тазарту мен көркейтуге 8 аймаққа бөлініп, оған жауапты етіп әкім аппаратының қызметкерлері, мекеме басшылары бекітілді. Биыл жоспарланған қаржыға мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес ЖК «Достар» жеңімпаз болып танылып, ауыл сыртында заңсыз жиналған күл-қоқыстарды шығаруда. Сондай-ақ әр апта сайын сенбілік ұйымдастырылып, ауыл кәсіпкерлеріне кәсіпкерлік нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу, түнгі жарықпен қамтамасыз ету жөнінде ескертпе хаттар таратылды. Қазіргі таңда ақылы қоғамдық жұмыста 7 азамат жұмыс жасауда. Ауылда шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға – 2, қызмет көрсету саласына – 3, өндірістік бағытқа – 8, барлығы 13 жобаға азаматтар өтінімдерін тапсырып, қайтарымсыз грант жеңіп алынды, – деді ол.
Ал Төретам кентінде де инфрақұрылымды жақсарту бағытында Мамыр, Амангелді тұйығы және Мұратбаев тұйығы көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 64,3 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдау рәсімдері жүргізілуде. Сондай-ақ кентте өндірісті дамытуда «С-тройка» өндірістік кооперативінің бетон бұйымдарын өндіру цехы іске қосылған. Аталған жобаны жүзеге асыруға «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 24 млн теңге несие берілген. Биылғы жылы Төретам кенті мен Ақай ауылын газдандыру мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, «көгілдір отын» халық игілігіне толық пайдалануға берілген-ді. Қазіргі таңда Ақай ауылында 820 тұрғын үй, Төретам кентінде 1115 тұрғын үй газбен қамтамасыз етілген. Аудан әкімі Жандос Еркінбек халықпен кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл сайын өсіп жатқанын айтты. Оның бір дәлелі аудан бюджетінің ұлғаюы деді.
– Қазір таңда аудан бюджеті 18 млрд 593 млн теңгені құрады. Былтырғы жылдың қаңтар айында қазынадағы бюджет 11 млрд 900 млн теңге болатын. Ауданда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 6 млрд 601 млн теңгеге қол жеткіздік, яғни өткен жылмен салыстырғанда бюджетіміз 55 пайызға артты. Бұл қаражат тұрғындардың тұрмыстық деңгейін жақсартуға, әл-ауқатын көтеруге, халық игілігі мен жайлылығы үшін жұмсалуда. Ел қазынасын мақсатты пайдаланғанның арқасында ауылдарда оң өзгерістер орын алып келеді. Алдағы уақытта біз ауқымды жұмыстарды жүзеге асыратын болсақ, ол – тек халықтың қолдауының арқасы, – деді аудан басшысы.
Биылғы жылы Қармақшы ауылында жалпы құны 208,2 млн теңге болатын фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы жүргізілуде. Нысанның сыртқы инженерлік құрылымдарын жөндеуге де қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Фельдшерлік-акушерлік бекет іске қосылған жағдайда ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіліп, денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің қолжетімділігі едәуір артпақ.
Сонымен қатар биыл бұл ауылда жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында «Қожантай» су тоспасы қалпына келтірілді. Нәтижесінде Жосалы кенті және Қармақшы ауылдық округінің 3 мың гектарға тарта жайылымдық-шабындық жерлері суландырылатын болады.
Ауыл бойынша биылғы жақсы жаңалық төресі облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауының қорытындысында Қармақшы ауылын абаттандыру жобасына 15 млн теңгенің сертификаты табысталды. 2025 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен ауылдың орталық алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ауылдың электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім өткізілген.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек шалғай елді мекендерді дамыту ісі ерекше назарда болатынын айтып, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданатынын және барлық мәселенің жіті қадағалауда болатынын жеткізді.
Одан кейін аудан басшысының тұрғындарға есеп беруі Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Дауылкөл ауылдық округтерінде жалғасты. Биыл Т.Көмекбаев ауылындағы өзекті мәселелердің бірі – электр желілерін қайта жаңғырту үшін 186,2 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстары аяқталған. Облыстық бюджет есебінен 1 млрд 371 млн теңге қаржы қаралып «Ақжар-Тұрмағамбет-Т.Көмекбаев» автомобиль жолының 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ биыл Т.Көмекбаев ауылындағы бір көшені жарықтандыруға қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін қолға алған жұмыстар аяқталады деп күтілуде.
Қуаңдария ауылында тұрғындардың көптен күткен қуанышы – жаңа фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы басталып, жұмыстары аяқталуға жақын. Аудандық бюджет есебінен Қуаңдария ауылына жаңадан паспорт орнатылды.
Биыл Т.Көмекбаев және Қуаңдария ауылының 60 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Екі елді мекенде балалар және спорттық ойын алаңдары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес нарықты ішкі өнімдермен толықтыру мақсатында Т.Көмекбаев ауылында 13 гектар, Қуаңдария ауылында 25 гектар қосымша бақшалық жер дайындалып, 84 отбасыға бөлініп берілді. Нәтижесінде 10 гектар картоп, 7 гектар көкөніс, 21 гектар бақша дақылдары егілді.
Алдашбай ахун ауылында да серпін бар. Аудан әкімдігінде Жандос Еркінбектің төрағалығымен өткен бір жиында ауылдағы өзгерісті айтқанды. Бұл елді мекенге тілшілік тіршілікпен сапарлатқанымызда да куә болғанымыз рас. Ауылдың кіре берісіне ауыл төлқұжаты қойылған. Балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілген. Майлыөзек көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолын салу толығымен аяқталған. Сондай-ақ «Тағзым алаңының» құрылысы мен ауылдың кіре берісіне арка салу жұмыстары толығымен біткен.
Ал Тұрмағамбет ауылында өткен жылдың желтоқсан айында дәрігерлік амбулатория салынып, халық игілігіне пайдалануға берілсе, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бес көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Білімді қолдау Ұлттық қоры» арқылы Тұрмағамбет ауылындағы No29 орта мектептің 250 орынға арналған құрылысы үшін 1,9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жолданып, білім ордасы 2025 жылдың есебіне жаңадан салынатын құрылыстар тізіміне енгізілген. Жарықтандыру бойынша Алдашбай ахун мен Тұрмағамбет ауылын да электр желілерін қайта жаңғыртуға жоба сметалық құжаттары әзірленіп отыр.
Жалпы аудан әкімінің ел ішіндегі жиі жұмыс сапары тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің уақытылы шешімін табуына зор ықпал етуде. Аудан әкімі Жандос Еркінбек тұрғындардың ұсынысын тыңдай келе алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін барша жерлестер бірлесе отырып, білек сыбана іске кірісуі керек деп түйді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
22 желтоқсан 2024 ж. 124 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031