ҰЛТ ҰЙТҚЫСЫ
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйымдастыруымен қашанда рухы биік халықтың іргесі берік, әлеуеті қуатты, ынтымағы жарасқан төл тарихымыздағы маңызды белес – тәуелсіздік күніне арналған «Тіл – ұлт ұйтқысы» тақырыбында кездесу өтті.
Оған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы Асқар Мереков, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскер маманы Ақтолқын Нұрмағамбетова, теолог маман Рахат Бақытжан және бастауыш ұйымдардан тіл белсенділері қатысты. Аудандық филиал төрағасы Гүлжауһар Раева кездесуге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, қасиетті күннің айрықша мән мағынасымен таныстырды.
– 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі республиканың тәуелсіздігі және мемлекеттік егемендігі туралы заң қабылдады. Азаттық үшін күрескен ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге, – деді Г.Төлегенқызы.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков тағылымды жиында тәуелсіздік туралы тәлімді ойымен бөлісті.
– Тәуелсіздік – баға жетпес байлық екенін білеміз және бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы. Қиындық атаулыны жеңетін бір ғана күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстарымызды сақтап, баянды ету үшін де, ол сондай ауадай қажет. Қаймағы бұзылмаған Сыр елінде қазақ тілінің мәртебесі қашанда жоғары. Тамыры терең мемлекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылықтарды нығайта берейік. Сол арқылы тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Еліміз үшін маңызды мерекеде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева «Тәуелсіздік – басты байлығымыз, сондықтан әсіресе жастардың бойында еркіндіктің, тәуелсіздіктің, жақсылықтың дәнегін сеуіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүруге шақырамын. «Отан – отбасынан басталады» дегендей, баланы жақсылыққа тәрбиелесек, келешегі келісті болады. Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады. Ел мүддесі биік болсын» деген жүрекжарды лебізін білдірді.
Кездесуге арнайы шақырылған өзге де қонақтар ойларын ортаға салып, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілік, тіліміз бен тарихымызға құрметпен қарап, тәуелсіздігімізді құрметтей, қастерлей білу басты парыз екенін айтып, ризашылықтарын жеткізді.
Бұл жиында еліміздің өткеніне, бүгініне, ертеңіне көз жіберіп шолу жасағандай әсер алдық. Өз еліміздің тілін, тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін қадір тұтып, құрметтеу, қазақ елімізді әлемдік деңгейге жеткізу – баршамыздың қолымызда.
Гүлнар БИСЕНҚҰЛОВА